ТАРИХАТТАН ЖЕТКЕН АҚИҚАТ

/uploads/thumbnail/20170709043659817_small.jpg

Адам – Адам болғалы Ата тарихты зерттеп-зерделеумен келе жатқан Маңғыстаулық сопылық ілімнің  (ел арасында Тарихат жолы, Ар ілімі, Жан ілімі, Хал ілімі, Хақ ілімі деп те атала береді)  тұжырымы: Алла хақ, ол бәрін жаратушы да, жоюшы да. Күн мен түн, қараңғы мен жарық,  аспан мен жер, күн мен ай, құрылық пен су, әйел мен еркек, өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық, достық пен қастық, мейірімділік пен мейірімсіздік, бостандық пен тар қапас, жанның рахаты мен азабы, обал мен сауап, періште мен шайтан,  ұжмақ пен дозақ, соқыр мен көруші, ақиқат пен өтірік, тіпті бәрі-бәрін қос-қостан жаратқан. Бір-бірінсіз екіншісінің барын-жоғында, қадір-қасиетінде ажырата алмайсың. Адамның  қолынан жарату мен жою да қатар келеді. Шығыс ғалымдары Адамды Алланың жерге жіберген орынбасары деп атайды.

«Әрі сендердің еске алуларың (гибраттануларың) үшін Біз әрбір нәрсені жұбымен жараттық»  (Құран Кәрім. Әз-Зәрият сүресі. 49 аят). Тәпсір: Әлемдік ғылым бұл аяттың ақиқатына енді ғана көз жеткізді. Тірі жаратылыстар түгіл, химиялық элементтің өте ұсақ бөлшегі – атомның өзі қарама-қарсы оң зарядты ядро мен теріс зарядты электрондардан тұрады.

Адам мен өзге тіршілік (жан-жануарлар) иелерінің айырмасы адамның санасы болуында. Сана бәрін билейді. Ең жоғарғы сананың иесі бір Алла. Сондықтан да, Алла жердегі өзінің орынбасары Адамға өз санасының бір ұшқынын (нұрын) беріп, әрбір саналы адам баласының алдына өз өмір жолдарын таңдап алуға мүмкіншілік жасаған.

Адам баласының алдында екі жол тұр. Бірі оң жол, яғни Алланың өзі құптайтын хақ (ақиқат) жолы. Екіншісі, сол жол, яғни хақ жолдан ауытқыған бұрыс (қисық), яғни ібіліс-шайтанның жолы. Таңдауды Алла  әр адамның өз билігіне берген. Қайсысына түсесің, таңдау өзіңде. Біреуіне түсіп алда заулай бер. Бірақ, Алла осы екі жолдың түптің-түбінде апаратын жерінде белгілеп қойған. Ол, аспандағы сегіз-ұжмақ пен 14 қабат жердің астындағы дозақ.

Алланың ақ жолына түссең, Аллаға, оның пайғамбарларына, кітаптарына иман келтіріп, шариғаттың жолымен жүресің. Бұл үшін ешкімге, Алланың жаратқан барша тіршілік иелеріне обал, қиянат жасамай, әрқашанда мейірімді болып, әділеттің ақ туын биік ұстап, жақсылыққа жарысуың шарт. Егер сен өз өміріңді осылай өткізе алсаң, сен ұжмақты осы өмірден табасың. Шынында да, бүкіл Адам баласын өз атаңдай (Адам деген сөздің мағынасы да осы, Менің атам) сүйіп, бар өміріңді тек қана жақсылық жасаумен өткізсең, қара ниетті адамдар айналаңда болмайды, жұрттың бәрі саған дос, бауыр, сенің тілегіңді тілейді. Балаларыңды, немере, шөберелеріңді  тек қана өзінің емес, елдің қамын ойлайтын азамат етіп өсіресің. Қазақ қарияларының «Тек өз Атаңның емес, елдің ұлы бол» деп бата беретіндерінің сыры осы.  Ел қамын ойлау, бірінші өз басын, ата-анасын, туған-туысқандарының қамын ойлаудан басталады. Егер сен ұрпақтарыңды осы жолмен тәрбиелей алсаң, Сенің орның мәңгі бақи  әулетіңнің қақ төрінде. Айтқаның екі етілмейді.  Тіпті, бұл сен «ана» дүниеге кеткеннен кейінде солай жалғаса береді. Ұрпағың саған ризашылықтарын білдіріп дұғасын жолдап отырады. Бұл ұжмақ емей не, бұдан артық ұжмақ болуы мүмкін бе?! Сопылық ілім де «бұл ұжмақ сен «ана» дүниеге өткеннен кейінде де осылай жалғаса береді» делінеді. 

Енді екінші жолға түссең не болмақ, онда сен өз қара басыңның қамынан басқа ештеңе ойламайсың, бар қайырыңды тек қана қара басыңа, яғни өз нәпсің үшін жасайсың. Адам баласына жақсылық жасамайсың, ата-анаңды, туған-туысқаныңды, өзіңнен жасы үлкенді сыйлауға шамаң жетпейді. Ол үшін сенде адамға иманмен бірге келетін мейірім деген сезім жоқ. Мейірімің болмағасын ата-анаңды да қарттар үйіне апарып тапсырасың. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» артынан өзіңде тура сол жерге барасың. Арты осылай жалғасып кете береді. Және сонымен қатар, шариғаттың жолдарын ұстанбағасын, өзгенің мүлкіне көз алартып ұрлайсың, тонайсың, пара аласың, жазықсыз адамдарға зәбір беріп зорлайсың, қорлайсың, ғайбаттайсың т.т., яғни Аллатағаламен адамға нәсіп етілген, шариғат жолымен (бүгінгіше айтқанда ата заңмен (конституция)) бекітілген адамдардың құқығына қол сұғасың.  Арты жұртқа істеген жаман әрекетіңе сай тиісті жазаңды аласың, ауыр қылмыс жасасаң темір торға тоғытыласың, немесе өміріңмен қош айтысасың (өлім жазасына кесілесің). Мысалы, араққа тойып алып автокөлік роліне отырдың да, жолдағы біреуді басып кеттің, немесе лауазымды қызметте отырып пара алдың, ашкөздік жасап халықтың мүлкіне қол салдың делік. Арты күндегі жайлы өміріңмен (үйің, жарың, балаларың, туған-туысқандарының мен қызметің т.т.) қош  айтысып түрмеге түстің.  Түрмеден қайта оралғаныңда ондай мейірімсіз (арам) жанды ақыл-есі дұрыс әйел күтпейді. Міне сен бұл өмірде қаңғыған иттей болып жалғыз қалдың. Қасыңда басың ауырып, балтырың сыздағанда, бір шыныаяқ су алып беретінде адам болмай дүниеден өттің. Өміріңде ешкімге мейірімің болмай, өзің ешкімге жақсылық жасамай, ағайын-тумаласпен сыйласып араласпағасын сені ақ-жуып арулап жерлейтін де адам табылмайды.  Нағыз дозақ дегенің міне осы. Осы дозақтың соңы сен «ана» дүниеге өткеніңде де сол дозағыңа апарады. Ұрпағың Сенің атыңды ауыздарына алуға да жиіркенетін болады. Тағдырың өз қолыңда, Аллатағала таңдауды әр адамның өзі қолына (билігіне) берген. Ел билігіне араласып, еліне зәбір бергендердің бәрі бұл өмірдің қызығын көрмей өткен. Мысалы, К.Маркс, Ленин (Лениннің барлық партияластары), Сталин, Троцкий, Голощекин  т.т. өмірден осылай өтті.

Міне осы жерде Оларды (Ленин) қазақтың ұлы қағаны Шыңғысханмен салыстыра кетудің жөні бар.  Шыңғысхан өмір бойы әділет үшін күресті, қаған атанып бүкіл әлемге әділетті билік жүргізді. Ол ешбір елдің салтына, тіліне, дініне тиіскен жоқ. Ол құрған әлемдік ұлы Қағанат 300 жылдан аса ғұмыр кешті. Оның әділеттілігі, адами қасиеті аңыз болып таралды.  Оның айналасындағы бірде-бір адам, оған бағынышты болған бірде-бір ел қарсы шығып, сатқындық жасамаған.  Арадан 8 ғасырға жуық уақыт өтсе де, оның есімі әлем елдерінің аузынан бір түскен емес. Бүкіл әлем елдерімен ол Алланың сүйген құлы, «әулие»  деп мойындалды. Әйтпесе, бүкіл әлем елдері Шыңғысханды менің атам деп таласпаған болар еді. Оның жүздеген, мыңдаған ұрпақтары бүкіл әлемге патша болып таралды. Тіпті күні бүгінде де оның көптеген ұрпақтары билік басында жүр. Ал, Ленинге және оның серіктестеріне келсек, оларды «Ата» демек түгілі, ақыл-есі дұрыс жандар олардың  аттарын атауға жиренеді. Адам баласының әрбір істеген ісінің сұрауы бар деген осы. Еске ұста! Қазіргі билік басындағылардың бағасын келер ұрпақ береді.

Жер бетіндегі барша тіршілік иелері да, басқалары да (атом, энергетика, технология т.т.) тек қана адамға қызмет ету үшін жаратылған. Басын Алла, кейінгілерінің бәрін жасап жүрген адамдар. Алланың хақ жолын мойындап, соған сәйкес ғылым жасасаң, ол халыққа қызмет етеді. Ұрпағың сені әспеттеп, атыңды өшірмейді. Ал, керісінше жасасаң ше, онда саған тек қана қарғыс пен лағнет айтылады. Сопылық ілімнің түсіндіруінше, бұл дүниеде алған қарғысыңды жетінші ұрпағыңа дейін ұрпағың өтейтін болады.  Нағыз қазақ баласының «қарғыстан» қатты қорқатындарының сыры осы.

Адам баласына жасаған жақсылығың да, жамандығың да алдыңнан шығады. Арам мен адалды айыруға ақылың мен білімің жетпей, жамандыққа жаның үйір болса айналаңда мың түрлі пәле үнемі айналшықтап жүреді. Кісіге жасаған жақсылығыңның өтеуі болса, жамандығыңның сұрауы бар. Оған күмәнің болмасын. Егер сен көшеде келе жатып, сүрініп құлап, бір жеріңді шығарып, не сындырып алсаң, ойлануға тиіссің, кімге қандай қиянат (жамандық)  жасадым деп. Еске ұста! Алла бәрін көруші.

 «(Ей, Мұхаммед!) Енді оларды, өздерінің жойылатын (қайта тірілу) күніне жолыққандарына дейін жайына қалдыр. Ол күні оларға айла-шарғылары ешбір пайда бермейді әрі оларға ешкім көмектеспейді. Анығында, әділетсіздерге оған дейін де азап бар, бірақ олардың көбі білмейді». (Құран Кәрім. Әт-Тур сүресі. 45-47 аяттар). Тәпсір: Бұл – осы өмірде берілетін жазалар. Ибн Касир.

Тарих тағлымы: «Атадан жақсы ұл туса, елінің қамын жейді.

Атадан жаман ұл туса, елінің малын жейді». Бүгінгі билік басында жүрген азаматтарға осы мақалды жүрегінің түбі мен кабинеттерінің қақ төріне іліп қойса ғой, шіркін!

Алла мен адамға бірдей қызмет жасайтын «Періштелер» бар. Аллатағала адамға жан бергенде, әр адамның екі иығына екі періште орналастырған. Оң иығыңдағы Періште сенің жақсы істеріңді жазса, сол иығыңдағы періште сенің мынау өмірдегі істеген бар жамандығыңды тіркеп отырады. Әзірейіл періште  келіп, жаныңды алғанда, яғни мынау «жалғаннан» бақиға өтіп, қыл көпірдің алдына келгеніңде Алла алдында жауап бересің, сол кезде екі иығыңдағы екі періште сенің кім болғаныңа куәлік етеді. Демек, сенің бұл өмірдегі сынақ өмірден қалай өткенің Алла алдында сарапқа салынып, қыл көпірден өтесің. Көпір астының сол жағында жаныңды шырқырата қинайтын қайнаған су, оң жағында лаулаған от. Кінәсіздер «қыл көпірден» құламай өтеді, себебі онда «салмақ» жоқ. Ал кінәлілер, қыл көпірдің үстінде жер бетінде жинаған ауыр кінәларының себебінен біресе суға құлайды, жан ышқыра шыңғырып көпірге қайта шықса отқа құлайды. Алланың бұйрығымен көпірден құлағандар «дозаққа», құламағандар «ұжмағына» барады. 

«Міне, (әрбір  адамның) оң жағынан және сол жағынан екі тіркеп (жазып) алушы отыр». (Құран Кәрім. Каф сүресі. 17 аят). Тәпсір: Әрбір адамның барлық жақсы және жаман амалдарын жазып отырушы періштелер бар. Ибн Касир.

«8. Ол күні таразыға тарту – ақиқат. Сонда таразылары (жақсылыққа) ауыр тартқандар, міне, солар – нағыз жетістікке жетушілер. 9.Ал таразылары жеңіл тартқандар, міне, солар – аяттарымызға әділетсіздік еткендіктері үшін өздеріне зиян келтіргендер. ...11.Біз сендерді жараттық, одан соң сендерге кескін-келбет бердік. Содан кейін періштелерге «Адамға сәжде етіңдер!» - дедік. Сонда олар сәжде етті. Тек, (жыннан болған) Ібіліс сәжде етушілерден болмады» (Әл-Аъраф сүресі). Тәпсір: Періште адам баласына жақсылық тілеушілерден, Ібіліс ұрпақтары зиян келтірушілерден болды.

Сан адамды ажалдан арашалаған Америкалық нейрохирург, академик, Гарвард тәлімгері Эбен Александр есін білгелі бері өзін христиан деп есептеген, ол ешқашан Құранда айтылғандай Алланың бар екендігіне, адамның тәні өлсе де жаны өлмейтініне, ұжмақ пен тозақтан ешкімнің қашып құтыла алмайтынына ешқашан сенген емес. Алай да, ол 2008  жылы қатты ауырып комаға түскенінде «Ана» дүниені өз көзімен көріп келгенін, соның ішінде ұжмақты да  көргенін жариялады.

Адамның тәні өлгенімен жаны өлмейді. Алланың ұжмағында жүргендер, әсіресе Ұлы Әулиелер  артында қалған ұрпақтарына қамқор болып, желеп-жебеп жүреді. Ежелгі шежіре-дастан, «Батырлар жырының» бәрінде де осылай айтылады. Сен ұйықтап жатқаныңда, түсіңе кіріп, айқын аяндар береді. Алдыңда төніп тұрған бәле мен бәтерлерден сақтандырады, не болмаса сенің алдыңда не күтіп тұрғанын (жағымдысын да, жағымсызын да) ескертеді. Жалпы жер бетінде түс көрмейтін адам кемде кем. Аталарымыздың тұжырымы бойынша «аруақтардың» біздің санамызбен байланысқа шығатын «тілінің» біздің тілімізден айырмасы бар. Оны аталарымыз «Түс жору» деп атаған.  Олар бұның құпиясын әлдеқашаннан білген. Жүсіп атамыздың «Түс жору» атты еңбегі осы айтқанымыздың айдай айғағы болмақ. Егер сенің Ата-анаң түсіңе кіріп жүрсе, демек олардың жаны жәннәтта. Қарапайым қағида, салмақ (күнә) жинап дозаққа кеткендер ұрпағымен ондай байланысқа шыға алмайды.

Қасиетті Құран Кәрімде түс көруді және оны жоруды жоққа шығармайды. Керісінше, Құранда осы түс жайлы баяндалатын 111 аяттан тұратын «Йусуф» (Жүсіп) атты арнайы сүре бар. Онда Жүсіп пайғамбардың көрген түсі мен оның жорыған түстерінің айдай келетіні баяндалған.

Адамның жаны Алланың өз жанынан бөліп берген бір бөлшегі. Алла саған өзі берген жанын, өзіне қайтып алады. Сенің міндетің Алланың саған берген аманат жанына қиянат жасамай, таза күйінде қайта тапсыру. Ал, сен оған қиянат жасасаң, сенің жаның Аллаға қайта қосыла алмайды. Себебі, сенің жаныңның барар жері 14 қабат жер астындағы «дозақ», ал Алланың мекені «Аршы» Аспанда. Демек, Алланың саған берген аманат жанын өзіне қайта тапсыруың үшін, бұл дүниеде «салмақ» (күнә) жинамауың шарт.

Адамның денесі белгілі бір шектеулі мерзімге берілген  Алланың аманаты. Оны «қара жерге» қай уақытта, Алланың жалпы Адам Ата ұрпақтарына белгілеген мерзімінде ме, әл де  одан бұрын тапсырасың ба, олда өз қолыңда. Бүгінгі ғылым адам ағзалары ең кемінде 500 жыл жасауға қабілетті деген тұжырым жасайды. Ал, шежіре де Адам ата 1 000 жыл, оның орнына патша болған Шесті мен Ануш пайғамбарлар 912 жыл, Ануштың орнына келген Қинан 840 жыл, оның ұлы Мәһлайыл 920 жыл, оның ұлы Берді 960 жыл, Нұқ пайғамбар 950 жыл, Ідіріс 360 жыл, Һұд 150 жас, Құранның 73 жерінде, жиырма бес сүресінде аты аталатын Ибрагим пайғамбардың ұлы Ысқақ 175 жас жасаған делінеді.

Бұл Адам ата ұрпақтарының 70 000 жылғы шежіре-тарихын зерттеп-зерделеумен 70 000 жыл бойы айналысып келе жатқан «Тарихат жолын» ұстанушы Маңғыстаулық Сопы-пірлерден жеткен  тұжырым. Олар мұндай кемелдікке «ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЖАРЫСУ» арқылы жеткен. Маңғыстаудың 360 әулиелі «Киелі Маңғыстау» делінетіні осыдан.

«(Ей, Мұхаммед!) Біз саған кітапты (Құранды) ақиқатпен, өзінен алдыңғы кітаптарды растаушы әрі оларға куәлік етуші ретінде түсірдік. Енді олардың араларына Аллаһтың түсіргенімен үкім ет. Өзіңе келген ақиқаттан ауытқып, олардың көңіл құмарлығына ерме. Сендерден әрбір (үммет) шариғат пен жол белгіледік, Аллаһ қалағанда, сендерді бір үммет етер еді. Бірақ Ол сендерді Өзінің берген нәрселерінде сынамақшы. Сондықтан қайырлы істерде алдында болуға ұмтылыңдар (жақсылықтарға жарысыңдар)! Барлығың Аллаһқа қайтасыңдар. Сонда Ол сендердің қайшылыққа түскен нәрселеріңнің хабарын береді» (Әл-Мәидә сүресі. 48 аят).

Тәпсір: Ұлы Жаратушы - Аллаһ бөлек-бөлек ұлт, тайпа, ру болуды, оларға әртүрлі дінде болуды және ізгі істер (жақсылық) жасауда бір-бірімен жарысуды міндеттеп отыр. Бұған сену-сенбеу әркімнің өз шаруасы.

Тарих тағлымы:  Әрбір Адам баласы, өз санасының, яғни ақылы мен білімінің жеткен жерінің «қонағы» болмақ.

ҰЛЫ ЖАРАТУШЫ – АЛЛА ОСЫ ЖОЛДАРДЫ ОҚЫҒАН БӘРІҢІЗГЕ ИМАН БЕРГЕЙ!

Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы

Маңғыстау

Қатысты Мақалалар