Ауыр науқасқа шалдыққан жанға көмек қажет!
Бұл күні басы ауырып, балтыры сыздамайтын кісі жоқ шығар. Бірақ, «Қазір кім ауырмай жатыр!» деп немқұрайлы қарауға болмайтын жағдайлар болады. Қытайдан елімізге 2003 жылы көшіп келген қандасымыз Гүлзипа Қаумет қазір сондай ауыр халге душар болып отыр.
Гүлзипа Қаумет биыл ақпан айында денсаулығы нашарлап, өзі тұрып жатқан Алматы облысы Текелі қаласындағы ауруханаға түседі. Дәрігерлер әу баста асқазан, ұйқы безінің ауруы деп, емдеуге кіріседі. Кейін бүйрегі ауыруы мүмкін деген әңгіме шығып, наурыз айында Қытайдың Үрімжі қаласына ұшақпен жеткізіледі. Ондағы дәрігерлер Гүлзипаның бүйрек ауруына шалдыққанын растап, «Жүйелі қызыл жегі» деген диагнозын қояды. Ол жерде екі айға жуық қан сүзгізген соң тұрғылықты жері бойынша емделу үшін Қазақстанға қайта оралған.
Алматы қаласындағы 7-ауруханада ақылы бөлімде ем қабылдаған соң, дәрігерлердің ұйғарымымен Текелі қаласының ауруханасына жөнелтілген. Қазір Текеліде тұрақты түрде (екі күнде бір рет) қан сүзгізіп жатқан жайы бар. Дәрігерлердің қойған диагнозы: Өршу сатысындағы нефротикалық синдромды созылмалы гломерулонефрит (ісінулер, ана-сарка). Созылмалы бүйрек жетіспеушілігі, 2-саты. Екіншілік анемия. Созылмалы бүйрек ауруы, 2-саты. Тез өршуші гломерулонефрит, екіншілік анемияның аралас этиологиясы.

Гүлзипаның күйеуі Нұрболат Жұмаханұлы ақпан айынан бері біраз уақыттарын жоғалтып алғандарын, дәрігерлердің де шұғыл бүйрек ауыстыруға кеңес бергенін айтады. Дәрігерлер науқастың қос бүйрегі де 85 пайызға қалпына келу мүмкіндігінен айрылғанын жеткізген. Н. Жұмаханұлы жеңілдіксіз бір бүйректі ауыстыру, донор ақысы үшін 5 миллион теңге қаражат керектігін айтып, қайырымды жандардан көмек сұрайды. Айтуынша, cырқаттың сыры анықталып, нақты диагноз қойылғанша, Қытай дәрігерлерін аралап жүргенде көп қаржы шығындалған. Ақпан айынан бері екі елдің арасында жүріп, осында түрлі зерттеулерге түсіп жүріп, 30 мың АҚШ долларына жуық ақша жұмсаған. Енді диагноз нақтыланып, операция жасау туралы шешім шыққанда қаражат жетіспеушілігі қол байлау болып отырғандарын айтады. Текелі қаласындағы меншігіндегі жалғыз үйлерін сатпақ боп қанша әрекеттенсе де, алушы табылмай отырған көрінеді,
«Шаңырақ көтергенімізге 12 жыл болды. Келіншегімнің денсаулық жағдайына байланысты бала сүйе алмай келдік. Атамекенге келудегі мақсатымыз да балаларымыздың кіндік қаны атажұртта тамса, осында өсіп, өркендесек деген ой еді»,- дейді Нұрболат.
Ауыр сырқат еңсесін езіп, жанына батса да Гүлзипаның рухын сындырып, өмірге деген құлшынысын қайтарып, үміт отын өшірмеген.
«Бүйрегім істен шықса да, жүрегім Отан деп соғады. Әлі де ауруымнан айығып кететініме үміттімін», - дейді.
Отасқандарына 12 жыл болса да бала сүймеген ерлі-зайыптылар әлі де отбасылық өмірдің қызығынан үмітті. Ауыр науқасқа шалдығып, қиын жағдайда қалған қандастарымызға мүмкіндігімізше көмек қолын созып, қайырым жасайық, ағайын! Өзім деп келген жұртының өзектен теппейтінін көрсетейік!
Науқастың банктегі реквизиттері:
Қаумет Гүлзипа
ИИН: 760512403204
«Халық банк» картасы: 6233 5710 4260 7255
KZ 236010002008027370
Байланыс телефондары: 87026218228, 87057798357




