Діннен шыққан «діншілдер»

/uploads/thumbnail/20170709044048883_small.jpg

Құдайдан түскен ешбір дін жоқ – бұзық,

Адамдық, адалдықтың жолы ол – озық.

Мен ғана нақ мұсұлман боламын деп,

Кетіп жүр кей «діншілдер» діннен шығып.

 

Қырма мұрт, қатқыл қабақ, шолақ балақ,

Түсі суық, қарайды алақ-жұлақ.

Басқа кәпір, адасқан – кіл күнәкәр,

Даңғылында жәннәттің жалғыз сол-ақ.

 

Ем қонбас әзәзілге нанса надан,

Кетеді екен өзгеріп мұншама адам.

Салт-дәстүр, тарихыңды мәнсұқ етіп,

Сектаның соңында жүр қаншама адам.

 

Кім қондырар қолыңа ұшқан бақты,

Ата-ана силау, білмейді жасқанбақты.

Жүрегі мұсұлманның қылдан нәзік,

Ал бұлардың жүрегі – тастан қатты.

 

Қылғаны күпіршілік, тәкәппарлық,

Не істетпес дүмшелік, ақыл тарлық.

Есігін жәннәттің теуіп ашпақ,

Қолында құдайдан бардай жарлық.

 

Кішпейіл, иманды жан – көңілі ашық,

Әдеппенен сөйлейді, аңдып басып.

Бұл күнгі «діншілдерден» ел шошынар,

Кезіксе сырт айналып, жүрер қашып.

 

Дақ түсті хақ ислам – жолымызға,

Дәрмен жоқ түзейтұғын қолымызда.

Қарадай қара жауып қатындар жүр,

Сәбиін тұмшалайды сорымызға.

 

Ібілістің үгіті – ұран боп жүр,

Қуыс кеуде, ауызда құр құран боп жүр.

Қанына жазықсыздың құмар боп жүр,

Ойлағаны соғыспен лаң боп жүр.

 

Сабыр жоқ, сана да жоқ, ойламы тар,

Жас жеткіншек адаспа, ойланып ал.

Қой терісін жамылған қасқырдайын,

Дінімізге қауыпты «діншілдер» бар.

 

Қимылдайық, қылмайық сары уайым,

Тілменен дін, жермен су – бәрі уайым.

Ел болудың үлгісі – Алашорда,

Яссауи, Абай, Шәкәрім жолы – дайын.

Нұрбақыт Байрахметұлы

23.07.2016

Қатысты Мақалалар