Қазақстан Парламенті жоғарғы палатасының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Туиттердегі парақшасында Ресей құрамасының Рио Олимпиадасына қатысу құқығын иеленуін дұрыс шешім деп бағалады. Бұл туралы Qamshy.kz хабарлайды.
Сенат төрағасы «Халықаралық олимпиада комитеті Ресейді Рио Олимпиадасына қатыстыру туралы дұрыс шешім шығарды. «Таза» спортшылар функционерлер үшін жауапкершілік алмау керек», - деп жазды.
Естеріңізге салсақ, Лозанна қаласында Рио Олимпиадасына Ресей құрама командасының қатысу-қатыспауына қатысты талқылау өткен болатын. Отырыс шешімі бойынша Халықаралық Олимпиада комитеті Ресей атлеттерінің 2016 жылғы Олимпиадаға қатысуы туралы шешімді спорт түрлері бойынша халықаралық федерация қабылдайтынын айтты.
Тоқаев мырзаның Ресейге бүйрек бұра сөйлеуі бір бұл емес. Былтыр қараша айында Түркия әскерилері өз әуе кеңістігінде Ресейдің әскери ұшағын атып құлатқанда да, даулы мәселенің басы ашылуын күтпестен Түркия тарапының әрекетін «негізсіз» деп бағалаған еді. Ол кезде де Сенат басшысының пікірі қоғамда біраз сынға ұшарады.
Ең сорақысы жыл басындағы Сенаттың кезекті бір отырысында сол кездегі Білім және ғылым министрі А. Сәрінжіповтен қазақша сөйлеуін талап еткен депутат Сәрсенбай Еңсегеновті тыйып тастап, қазақ тілін оны меңгергісі келмей жүргендерге жығып бергендей қылық танытқан болатын.
Енді міне, тек саясатта ғана емес, спортта да көзге шыққан сүйелдей болған Ресейге тағы ашық жақтасып отыр. Осыдан кейін халықаралық қатынастарда көпвекторлы бағыт ұстанатын еліміздің саяси беделіне нұқсан келтіруі мүмкін қисық-қыңыр қылықтарымен Қ. Тоқаев мырза Ресейге жағынғысы келе ме деген сұрақ та туындайды екен.