Қанат Ислам: ОЛИМПИАДАДАН ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫНДАҒЫ 10 БОКСШЫНЫҢ ӘРҚАЙСЫСЫ МЕДАЛЬМЕН ОРАЛА АЛАДЫ

/uploads/thumbnail/20170709044235384_small.jpg

Кәсіпқой боксшы келесі жекпе-жегі 20 тамызда өтуі мүмкін екендігін айтты, - деп хабарлайды Qamshy.kz. Қазір ел боксшыларын Рио Олимпиадасына дайындауға көмек көрсетіп жатқан ол sports.kz-ке берген сұхбатында басқа да бірқатар сауалдарға жауап берген.

Қазақстанның ұлттық құрамасымен бірге жиын өткізу туралы идея қалай келді?

Бұл ұсынысты алғаш болып Бауыржан Оспанов тастады. Ол маған қоңырау шалып, АҚШ-қа хабарласып, ондағы бапкерлерден отандық боксшылардың ақырғы дайындығына спортшылар әкеліп, кездесулер өткізу мүмкіндігін анықтауды сұрады. Өз промоутеріммен сөйлесіп, келісімін алдық, Қазақстанға келуге дайын боксшыларды іздеугі кірістік.

Америкадан кәсіби боксшыларды біздегі кездесулерге әкелу қиын болмады ма?

Әрине, барлығы оңай болды дей алмаймын. Не дегенмен спортшылар әр елдің азаматтары, ол елдердің заңдары, әр спортшының промоутер компаниялары, бапкерлері әр түрлі дегендей. Олармен жеке келісім-шартқа отыруға тура келді. Қазір бәрі жақсы. АҚШ-тан келген боксшылар біздің жігіттермен жақсы дайындалып жатыр.

Мұндай жиындар қаншалықты пайдалы деп ойлайсыз?

Қазақстан құрамасында қазір бокс әлемінде жетекші позиция иеленетін, Азия мен Әлем чемпиондары жинақталған. Мен үшін бұл пайдалы тәжірибе. Өзімнің әуесқой бокстағы кезімді, кәсіби алаңдағы кездесулерге дайындық кезінде мән бермейтін дүниелерді еске түсіріп жатырмын.

Біздің командағы ішкі атмосфера туралы да айта отырсаңыз.

Барлық жігіттердің рухы жоғары, Олимпиадада үздік көрсеткіш танытуға дайын. енді сол жақсы дайындық үздік нәтижеге негіз болуы тиіс. Бразилияға баратын 10 боксшының әрқайсысы медаль үшін күресуге қабылетті. Ал, ана жақта бәрі қалай болатынын ринг көрсетеді. Барлығымыз жігіттерге барынша қолдау көрсетуіміз тиіс деп санаймын.

Жәнібек Әлімханұлы үшін соңғы екі жыл күрделі болды. Жетістіктері де бар, сәтсіздіктері де жоқ емес. Сіз оның Риода медаль алу мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

Жәнібек – дайын. Спорт – сондай күрделі жол. Мұнда сәтсіздік пен жетістіктер қатар жүреді. Тек мықтылар ғана барлық қиындықтарды жеңіп, мақсатына жетеді. Жәнібек Әлімханұлы – сондай жігіттердің бірі. Олимпиадада ол өз шеберлігін көрсетеді. Жиында Жәнібекпен көп уақыт өткізіп жүрмін, онымен жұп та құрдық. Ол өз-өзін жинап, тек сенімді ақтауға күшін салуда.

Қазақстан құрамасының капитаны Данияр Елеусіновке де зор үміт артылып отыр...

Даниярға да, Берік пен Әділбекке де бірдей қарау керек. Ешкімді бөліп, жару қажет емес. Бұл Олимпиадаға әрбір мүшесі үздік бокс көрсетуге оқталған бір команда. «Данияр, 69 келі – Қазақстанның салмағы, сен алтын алуға міндеттісің» деп айту дұрыс емес. Бұл спортшыға үлкен қысым болады. Елеусіновті біледі және оған сенеді. Ол өзінің жоғары деңгейін әлемге көрсеткен боксшы. Оған сәттілік тілегім келеді. Өз тарапымнан мен не істей аламын? Олимпиадаға дайындалуға көмектесемін.

Абылайхан Жүсіповтің медаль алу мүмкіндігін қалай бағалайсыз? Оның ересектер арасындағы боксқа жақында қосылғанын ескерсек, оған зор сенім арту қаншалықты дұрыс?

Олимпиада ойындарында жеңіске жеткенде Бекзат Саттарханов та жас болды. Олимпиадаға қатысу Абылайхан Жүсіпов үшін үлкен сабақ және бағасыз тәжірибе болады.

Сіз спортшы Олимпиадада қандай қысымға тап болатынын жақсы білесіз. Сіздің ойыңызша, біздің жігіттерге Бразилияда ең маңызды не нәрсе болмақ?

Шынымен де мұндай жарыста өзің кездесетін қарсыласың қорқынышты болмайды. Өзіңді жеңу әлдеқайда қиынға соғады. Өйткені, өзіңе қандай үміт артылып отырғанын, ел алдындағы жауапкершілікті түсінесің. Әрбір қарсыласың саған Олимпиадада жақсы бокс жасау қажеттігін айтып тұрғандай болады. Сондықтан, барынша алдыға қойған мақсатқа толықтай көңіл бөліп, қарсыласыңды қалай жеңу, келесі қарсыласқа қалай дайындалып, үстемдігіңді көрсетуден басқа артық нәрсе ойламау керек. Қалғаны кейін болады…

АИБА-ның кәсіпқой боксшылардың Олимпиадаға қатысуға рұқсат беруіне қалай қарайсыз?

Бұл біздің талқылайтын мәселеміз емес. Біз елімізді танытуға мүмкіндік бар жерде рингке шығамыз. Бұл бастама әзірге әңгіме күйінде ғана.

Егер осындай шешім жоқ дегенде үш жыл бұрын қабылданғанда, Сіз олимпиадалық құрамаға өтуге тырысар ма едіңіз?

Әрине, Олимпиадада жеңіске жету – әр спортшының арманы. Әр адам әлем алдында, миллиондар алдында өз елінің туын көтеруді абырой санайды деп ойлаймын. Мен бармағанмен біздің кіші бауырларымыз бар, біз соларға сеніп, соларды қолдауымыз қажет.

Қазақстан құрамасының алдында Олимпиадада екі алтын медаль иелену міндеті тұр. Бұл межені бағындыра аламыз ба?

Әрине, бағындырамыз. Неге бағындырмасқа?! Бір кездері Куба 6 алтын медаль жеңіп алған. Біздің бокс мектебіміз осал деп ойлайсыз ба? Егер біз алдымызға сондай биік мақсаттар қоймасақ, Олимпиадаға барудың қажеті қанша? Қазақстан құрамасындағы 10 боксшының әрқайсысы медальмен қайта алады. Олар онда Азия, Әлем чемпионаттарындағы жеңістерімен, халықаралық тәжірибелерімен бара жатыр.

Астанада әйелдер арасындағы әлем чемпионаты кезінде Сіз жақында келесі кездесуіңіздің мәселесі шешілетінін айтқансыз...

Иә, солай. Бірақ, біз Қазақстан құрамасының Олимпиадаға дайындығына қатысу туралы шешім қабылдағандықтан кездесуді біраз кейінге шегердік. Қазір американдық боксшымен келіс сөз жүруде. Егер ол келіссөз сәтті өтсе, менің келесі кездесуім шамамен 20 тамызға қарай Америкада өтеді.

Биыл қанша кездесу өткізуді жоспарлап отырсыз?

Жыл соңына дейін үш кездесу өткізем бе деп отырмын. Бірақ, мұның барлығы уақыттың еншісіндегі мәселе.

Бейбіт Шүменов пен Денис Лебедев арасында кездесу өте ме, қалай ойлайсыз?

Бұл екі боксшының рингке шығуға келісім беру, бермеу мәселесі емес. Екі үлкен промоутерлік компания бар... Денис Лебедев көп жағдайда кездесулерін АҚШ-қа бармай, өз жерінде, Мәскеуде өткізеді. Америка – кәсіби бокстың отаны, ол жерде мойындалу оңай емес. Сондықтан да, Лебедев ол жаққа бармайтын сияқты. Алайда, менің білуімше, Бейбіт Лебедевтің командасына Америкада кездесуді ұсынған. Бұл келіссөздерге байланысты анықталады. Кәсіби бокста кездесудің өтуіне көптеген факторлар әсер етеді. Тараптар келісімге келіп, біз қызық бокс тамашалаймыз деп сенемін.

Шүменов ресейлік боксшыны жеңеді деп ойлайсыз ба?

Мен Бейбітке жүз пайыз сенемін және ол Лебедевті жеңе алады деп ойлаймын.

Геннадий Головкин келесі кездесуін Лондонда Келл Брукпен өткізеді. Британдық боксшы Геннадийге қаншалықты қарсылас бола алады?

Бұл жерде не айту керектігін білмеймін. Брук Генамен кездесу үшін екі салмаққа көтерілді. Бұл – айтарлықтай айырмашылық. Сауль Альварес жақында Әмір Ханмен кездесті, алайда, британдық боксшы Канелодан төмен салмақта болды. одан не шыққанын көрдіңіздер. Головкинге де сондай бір нәрсе дайындап қойған сияқты... Ол Геннадийдің қарсыласы емес.

Кездесу нешінші раундта аяқталуы мүмкін?

Канело Әмір Ханды қай раундта құлатып еді? Шамамен сондай болады.

Сіз кіммен үлкен кездесу өткізгіңіз келеді?

Сауль Альварес, Мигель Котто – менің салмағымдағы көшбасшылар. Үлкен кездесулер өткізгің келеді. Тек күштілермен жұдырықтасып қана үздік бола аласың.

Егер Канелоның командасы Сізге ертең қоңырау шалса, оған қарсы шығуға дайнысыз ба?

Әрине.

Оның үздік қарсыластармен кездесулерінің көптігіне де қарамайсыз ба?

Спортта ешкім кешегі күнмен өмір сүрмейді. Қазір, осы жерде кім мықты, сол жеңіске жетеді.

Жақын уақытта Сіздің кездесуіңізді Қазақстанда өткізу мүмкін бе?

Бауыржан Оспановпен бірге бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Кездесу демеушілердің қолдауын қажет ететінін түсіну керек. Қазақстанда ондай шара өткізу біздің ел үшін үлкен оқиға болар еді. Сондай-ақ, біздің барлық жеңісіміз тек халықтың, өз спортшыларына сенетін, қолдайтын адамдардың арқасында ғана мүмкін екенін айтқым келеді.

Қатысты Мақалалар