Мұхтар Тайжан: ЕЛДІ ДАҒДАРЫСҚА ДУШАР ЕТКЕНДЕР ОТСТАВКАҒА КЕТУІ ТИІС

/uploads/thumbnail/20170709050554289_small.jpeg

«АҚШ валютасының ырыққа көнбей долданып, бағасын аспаннан бір-ақ шығарғаны даусыз. Тіпті бұған бұқараның да еті үйреніп кетті. Төл теңге алғаш қолданысқа енген кезде  1 доллар 4 теңгеге теңестірілген еді. 25 жылда 1 АҚШ доллары 352 теңгеге артты. Теңгені еркін айналымға жіберген Ұлттық банк бұл мәселеге қазір тіпті бас қатырмайды. Бас банкир басын әлдеқашан арашалап, бұған араласпайтынын ашық айтты. Артық ақшаң болса, «жартысын теңгемен, жартысын доллармен сақта» деп, бас­тауыш сынып оқушысының да логикасы жететін, «өзінше тиімді» кеңес берді. Жыл басында 1 доллар 385 теңгеге бағаланса, алты айда АҚШ ақшасы 333 теңгеге дейін төмендеді. Жиған-тергенін доллармен депозитке салған азаматтар біраз абдырап та қалды. Бірқатар жұрт 385 теңгеге алған долларын 335-ке айырбастап, әр доллардан максимум 50 теңге ұтылды. Осылайша халықтың бас банкирге деген сеніміне селкеу түскен-ді», - деп жазады «Халық» газеті.

Міне, соңғы аптада доллардың дәурені қайта жүрді. Өткен апта басында (25 тамыз) 341,51 теңгеге теңестірілген доллар екі күнде 9 теңгеге өсті. Осы аралықта әлемдік нарықта мұнай бағасы құлдилады. Ағымдағы жылы «қара алтын» құнының артқан кезі маусым айының басында (52,73 доллар) тіркелді. Ал қазір мұнай бағасы құлдырап барады. Биржада мұнайдың    1 баррелі 42,01 долларға бағаланып отыр. Жаһан жұртының алыс-берісі мен айналымы тап осы «көк қағаз» бен «қара алтынға» кіріптар болғандықтан, әлем мұнай бағасын бекітетін АҚШ-қа алаңдайды. Ал Ақүйдегілер «үлкен ойынды» көңіл қоштарына қарай құбылтуда. Осы арқылы өзгеге кеткен есесін қайтарып, кегін алуда десек те қателеспейміз. Өкініштісі, «екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі».

Ал, Қазақстан экономикасындағы тұрақсыздықтың себебін экономист Мұхтар Тайжан өзгеден емес, өзіміздің биліктен іздейді.

-        Экономикалық саясат өзгермей, теңгенің аяғынан нық тұруы мүмкін емес. Себебі, біздің биліктің ұстанып отырған саясаты бұрыс. Біздің валюта неге тек қана мұнайға бағынышты? Өйткені бізде басқа өндіріс дамымаған. Жоқ. Ал, жеңіл өнеркәсіптің, басқа өндірістің дамымауының себебі неде? Үкіметтің жүйесіз экономикалық саясат жүргізуінде. Біздің биліктің бұл үрдісті өзгертуге ниеті де жоқ. Ниет болса, бәрін қайта бастауға мүмкіндік туар еді. Ол үшін монополизмді жою қажет. Алдымен адалдық қажет. Адал бәсекелестік орта қалыптастыру ләзім. Және он жылдан бері экономикамен айналысып келген министрлерді түгел отставкаға жіберу керек. Ал, мына министрлердің қолынан түк келмейді. Он жыл отырды. Мұнай бағасы жоғары болған тұста да тағында еді. Не бітірді? Есесіне сыртқы қарыз 30 пайызға өсіп кетті. Яғни, экономикамен айналысқан министрлер халықтан кешірім сұрай отырып отставкаға кетуі тиіс. Он жылдың нәтижесі өте нашар.  Бізді осындай дағдарысқа душар еткендер бізді одан қалай алып шығады? Мүмкін емес жағдай. Экономикасы тек «қара алтынға» қараған халықтың ертеңі айтпаса да түсінікті. Қарапайым ғана, егер мұнай бағасы 30 долларға төмендейтін болса, доллар бағасы 400 теңге болады. Ал, бұған біздің Үкімет еш арашашы бола алмайды,- дейді.

Экономистің ойынша, осындай келеңсіздіктер нәтижесінде азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек, тіпті транспорт пен коммуналдық қызмет құны да қымбаттайды. Өмір сүрудің өзі қыруар қаржыны қажет етеді.

Ал, Қоғамдық саясатты зерттеу орталығының директоры, экономист Меруерт Махмұтова «девальвацияға мұнайдан да бұрын Ресей рублінің құнсыздануы қатты әсер етеді» дейді.

- Доллар деңгейіне әсер ететін екі фактор бар. Бірінші, мұнай бағасы. «Қара алтын» құны төмендесе, бюджетке мұнай секторынан түсетін салықтың үлесі төмендейді. Ал мұнай бағасы артса, доллар бағамы төмендейді. Ал, бұл біздің төл теңгенің нығая түсуіне мүмкіндік туғызады. Екінші, Ресей рублі. Ресей Батыстың санкцияларының астында отыр. Сондықтан экономикасы мәз емес. Төртінші тоқсанда, яғни сайлаудан кейін Ресей валютасының құлдырауы мүмкін деген болжам бар. Егер тап солай болып жатса, ұлттық валютамызға әсер етпей қоймайды. Неге? 2014 жылы рубль құнсызданып, теңгенің деңгейін сақтап тұру үшін Үкімет Ұлттық қордан 28 млрд долларды құртты. Қазір бізде ондай мүмкіншілік жоқ. Ресей рублі долларға қалай құбылса, теңге солай құнсызданады. Бүгінгі күні біздегі доллар бағамының өзгеруіне мұнай бағасына қарағанда, Ресей рублі көбірек әсер етіп тұр.

Ал, «қаржыны қай валютамен сақтаған тиімді?» деген сауалға келер болсақ, қысқа мерзімде жұмсалатын қаржыны теңгемен, ал ұзақ мерзімге арналған қаржыны доллармен сақтаған жөн болады деп ойлаймын. Себебі қазір банктердің теңгедегі депозитінің сыйақы мөлшерлемесі - 14-15 пайыз. Ал доллардағы депозиттің жылдық үстемесі 2 пайыз. Сондай-ақ, қазақстандықтар табысын теңгемен алады. Айналым, алыс-беріс те теңгемен жасалады. Естері­ңіз­де болса, жыл басында 1 долларды 385 теңгеден сатып алып, кейін 1 доллар 333 теңгеге алмастырылды. Жыл басында доллар сатып алғандар 1 доллардан кемінде   50 теңге жоғалтты.

Негізі теңгеге деген сенім экономикалық дамуға байланысты. 2000 жылдарда теңгеге деген сенім өте жоғары болды. Компаниялар да, жеке тұлғалар да депозиттерін теңгемен ашып, сақтады. Еске салайық, 2003 жылы 1 АҚШ доллары  150 теңгеге бағаланса, 2009 жылдың ақпан айында девальвацияның алдында 1 доллар 117 теңгеге тең еді. Осы жылдар аралығында ЖІӨ шамамен 10 пайызға өсті. Биылғы болжам бойынша, ЖІӨ 0,5 пайызға ғана өседі. Өткен жылы Елбасы арнайы реформа комиссиясын құрды. Комиссияға Үкіметті 10 жыл басқарып отырған К.Мәсімов жетекшілік етеді. Алайда тығырықтан шығаратын тиімді жол таба алмай отыр. Қазіргі экономикадағы тұрақсыздық - биліктегілердің қателігі. Жүйе жоқ. Соңғы 20 жылда түрлі реформа жасаймыз деп, бюджет қаржысын шашқаннан өзге ешнәрсе бітірмеді. Экономиканың бұрынғыдан да мұнайға тәуелділігі артып кетті. Бюджеттің (Ұлттық қормен қоса есептегенде)   53-54 пайызы мұнайдан түсетін салыққа иек артады. Ал, бүгінгі таңда «қара алтын» құнының құбылып отырғанын білесіз. Мұндай жағдайда қандай да бір нақты болжам айту қиын. Себебі мұнай бағасының қалай құбыларын ешкім білмейді,- дейді ол.

Түйін. Әлемдік аренадан бойды аулақ ұстап, дамудың болмайтыны бесенеден белгілі. Десе де, атар таңы көрші мен мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-тың қабағына қараған елдің егемендігіне де күмәнмен қарайсың. Бұл біздің биліктің біліксіздігінен бе, әлде анығында алты Алашқа қара бұлт төнер күн алыс емес пе? Әліптің артын бағып, ақырын берсіннен өзге айтар жоқ әзірге.

Ж.ӘШІРБЕК

Қатысты Мақалалар