МЕМЛЕКЕТТІК ТУЫМЫЗ ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ СИМВОЛЫНА АЙНАЛЫП КЕТПЕСІН

/uploads/thumbnail/20170709050849292_small.jpg

Астана қаласындағы Қазақстанның Бас мемлекеттік туын күтіп ұстау жұмыстарын атқару туралы келісім-шарт құны 38,78 миллион теңгені құраған, - деп хабарлайды Qamshy.kz.

Астананың Есіл аудандық әкімдігі «A&K Company» ЖШС-мен жасаған келісім-шарт құны осынша соманы құрайды.

Мемлекеттік сатып алу құжаттарына «Конкурс» түрінде ұйымдастырылған мемлекеттік сатып алу процедурасы өтпеді деп танылған.

«A&K Company» ЖШС өкілдерін шақыру арқылы бір көзден мемлекеттік сатып алулар келісім-шартын жасау туралы шешім қабылданды», - делінген мемлекеттік сатып алулар хаттамасында.

Электронды үкімет порталындағы мәліметтерге сенсек, аталған ЖШС 2014 жылдың 20 наурызында құрылған. Компания негізінен электротехникалық және жөндеу жұмыстарымен шұғылданады.

Есіл аудандық әкімдігі 38 миллион теңгенің «Қазақстанның Атамекен картасы» этномемориалды кешенінде орналасқан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын күтіп ұстауға жұмсалатынын хабарлаған. Әкімдіктегілердің айтуынша қалада жауын-шашынның көп түсуі мен желдің салдарынан тудың бүлінуі жиі орын алатын көрінеді.

Астанадағы еліміздің Бас Туы биіктігі 111 метр болатын ту тұғырға орналасқан. Тудың өзі 450 шаршы метр. Осы ту мен тутұғырды күтіп ұстауға, қажеттілік туғанда ауыстыруға астаналық шенеуніктер 38 миллионнан астам қаражатты қиып отырған көрінеді.

Осы тұста назар аударарлық бір жәйт, конкурстың бір ғана әлеуетті мердігермен келісім жасау арқылы өтуі. Әдетте мұндай келісімдер конкурсқа бір ғана қатысушы құжат ұсынып, басқа баға ұсыныстары болмағанда ғана жасалады. Ал, түрлі қызмет көрсетуші кәсіпорындар қомсынатындай, конкурсқа қатысудан бас тартатындай 38 миллион теңге аз ақша емес.

Мемлекеттік Ту – елдігіміздің басты символы. Оның Астанада жүндей түтіліп, жыртылып жатқанын ешқайсымыз қаламаймыз. Бастысы мемлекеттік рәмізіміз түрлі жемқорлық схемалардың символына айналып кетпесе болды.

Қатысты Мақалалар