Асқар Сабдин: ҚАЗАҚСТАНДА САЛАФИЗМ ТАҚЫРЫБЫН БАСҚА ТАРАПҚА БҰРУҒА МҮДДЕЛІ ТОПТАР БАР

/uploads/thumbnail/20170709051535532_small.jpg

Ақтөбедегі «Аңсар» консультативтік-сауықтыру орталығының директоры Асқар Сабдиннің айтуынша, Қазақстанда салафизм идеологиясы негіз болып отырған терроризм мәселесінде тақырыпты басқа тарапқа бұруға мүдделі топтар бар көрінеді, - деп хабарлайды Qamshy.kz.

Сamonitor.kz порталына берген сұхбатында Асқар Сабдин салафизм идеясын ұстанушыларды «қалыпты», «радикал» деп бөлудің артында аталған ағымнан келер қатерді жасыру мақсаты тұрғанын айтады.

«Соңғы терактілер салафизм мәселесін өзекті етіп отыр. Бір жағынан салафизм дегенде бұрын уаххабистерге қатысты түсінік секілді, барлық сақалды ер кісілер мен оранған әйелдер ойға оралса, екінші жағынан салафиттердің өзі ақпараттық алаңға назарды басқа жаққа бұратын «хауариждер», «тәкпіршілер» терминдерді тастап, мәселенің маңызын жоюда», - дейді ол.

Теріс ағымның жақтаушыларын сынамас бұрын, ол салафизм табиғатына біраз тоқталған.

«Осы айтылып жатқандардың ішінде ортақ бір түсінік табу үшін мен қазіргі салафизмге мынадай анықтама беруді ұсынамын. Бірақ, бұл жерде оны «сәләф» (алдыңғы буын) канондық ұғымымен шатыстырмау керек.

Бұл – қазіргі қалпында Мұхаммед Абдулуаххаб, Ибн Таймия, Ибн әл-Кайм ілімдерін селекциялау арқылы басқа да идеологтар қалыптастырған діни-саяси, антижүйелік ағым», - деген А. Сабдин салафизм мен оны ұстанушыларға тән бірқатар белгілерді атап көрсетеді.

Олар:

-Таухид ұғымын шартты түрде түсіндіру және оны үш түрге бөлу (рубубия, улюхия, асма уа сыфат), «құлшылық», «көп құдайлық» тым кең мағынада түсіну;

-Жоғарыда аталған анықтамалар мен спекуляциялар негізінде айналадағыларды, оның ішінде мұсылмандарды дінсіз, көп құдайға табынушы, адасқан және бидғатшы деп айыптау;

-Жек көрушілік пен жаулықты насихаттау;

-Кез-келген формадағы зайырлылықты аса қатты жек көру және радикалды теократиялық билік құруға ұмтылу;

-Жергілікті салттар мен дәстүрді, мәдениетті, мемлекеттік, ұлттық мейрамдарды, ата-бабаларымыздың мұралары мен тарихты жоққа шығару;

-Жергілікті діни дәстүрлердің (Ханафи мәзһабығ Матурид ақидасы, Қожа Ахмет Яссауи мұрасы, т.б.) әлеуетін жоққа шығару;

-Кейбір діни қағидаларды шамадан тыс саясиландыру (Мысалы, жиһад, тағут, т.б.);

-Ресми дін қызметкерлері мен мемлекеттік органдарды тұрақты түрде сынау;

-Өздерінің көзқарастарына қарсы келгендерге күш қолдануды ақтау;

-Арабшылдық;

-Дилетанттар мен неофиттерге ислам ғұламалары деп баға беру, ислам ғылымдарында охлократия қағидаларын (тобырдың билігі) насихаттау.

«Бұл субъективті анықтама қазіргі салафизмнің барлық қырын көрсетпеуі мүмкін, бірақ, салафизмнің шынайы табиғатын түсінуде маңызы зор», - деген А. Сабдин бүгінгі таңда «салафизм» мен «уаххабизмнің» іс жүзінде бір ұғымға айналып отырғанын айтады.

«Бұлар – бір идеология. Тек, сәтті ребрендинг жасағаны болмаса. Салафиттер, уаххабиттер, неджидиттердің бәрі – бір. Бұрын олар түрлі эвфемизмдерді қолданып, «уаххабизмнің» жағымсыз мағынасын жуып, шайып жіберді. Қазір сол әдісті салафизмге қатысты да қолдануда», - дейді А. Сабдин.

Оның айтуынша, мұндай мүдделі топтар мұсылмандар үшін аса құрметті «сәләф» ұғымын өз мақсаттарына сәтті пайдаланатын көрінеді. Тіпті, ондайлардың кейбірі салафизмді ақтап алғандығы соншалық, оны суннизммен қатар қоятындар да баршылық екен.

«Салафизм идеологтары мен олардың шәкірттері бұрын жіберілген барлық қателіктерін ескеріп, өз идеологияларын өткізу үшін қоғамның санасын манипуляциялаудың озық тәсілдерін пайдаланып жатқанын атап өту керек. Соның арқасында, бұрын мүмкін еместей көрінген жағдайлар бүгін белсенді талқылануда, кейбірі қалыпты нормаға айналды», - дейді ол.

«Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында ешкім мұсылмандар өз ата-анасынан безеді, олармен бір дастарханға отырудан қашады, бір-бірін кәпір деп айыптайды, тозақпен қорқытады, салт-дәстүрдерді жоққа шығарады деп ойламады. Ал, бүгінде мұны тіпті кейбір депутаттар қалыпты жағдай санайды. Осының барлығына нүкте қоймасақ, «терроризм» ұғымы да қалыпты жағдайға айналып кетуі мүмкін», - деп ескертеді сарапшы.

Сарапшы 2011 жылдан бері түрлі діни оқиғалардың ортасында жүргенін, 30-дан астам конференцияларға қатысқанын, солардың барлығында салафизмді бұрмалап түсіндіру талпыныстарына тап болғанын, ондай процестерге тіпті бизнес-элита өкілдері, сарапшылар мен шенеуніктер, ғылыми, шығармашылық интеллигенция өкілдері де жұмылдырылатынын айтады.

«Әрбір кезекті конференция салафизм табиғатының қалыптылығы мен радикалдылығы туралы пікір-таластарға ұласып кететін. Салафизм идеологиясын және мемлекеттік органдардың оларды ақтауға тырысатынын ашық сынағандар түгелдей ақпараттық алаңда, танымал сайттарда дискредитацияға ұшырап келді. Салафиттік «экспертократия» оларды шииттер, хабашиттер, сектанттар, сопылар, агенттер, тіпті, қоғамдық тұрақтылықтың дұшпандары етіп шығарды», - дейді А. Сабдин.

А. Сабдин ол тұрақтылыққа шын мәнінде сол радикалды салафиттердің көп нұқсан келтіргенін айтады.

«БАҚ-тағы салафиттік материалдарды талдау процесінде түрлі түсініктердің қалай өзгертілетінін, эвфемизмдердің қолданылатынын, аударылмаған терминдер мен көпке танымал емес діни көсемдердің есімдері ақпарат алаңына тасталатынына көз жетті. Мысалы, танымал бір сарапшы, отандық ғылыми-зерттеу институттарының бірінің қызметкері жергілікті діни мектептерді – «ауылдық ислам», ал, салафизм – ғаламдық идея, біздегілер жай ғана молдалар, ал, олардікі шариғат ғылымдарының докторы, Мәдина ислам университетінің оқытушысы, шейх Раби әл-Мадхали, т.б.деген ой айтқан болатын», - дейді ол.

«Мен өзім төрт жыл бойы 500-ден астам радикалмен жеке сұхбат құрдым. Байқағаным, салафиттердің саясиланған бөлігі әлеуметтік аутсайдерлермен емес, элитамен – бизнес, өнер, спорт, саясат, ақпарат қайраткерлерімен, жекелеген шенеуніктермен жұмыс істейді. Оларды, солар арқылы діни басшылықты өз айтқандарына сендіреді. Сондықтан да, әрбір терактіден соң салафизм мәселесі сиыр құймышақтанып кетуде», - дейді А. Сабдин.

«Олар (терроршылар – ред.) ешқандай да салафит емес, олар хауариждер, тәкпіршілер, ишиш содырлары, т.б. дейді. Мен 2014-2015 жылдары өңірде терактілер болған кезде сол терактілерге қатысқан 12 лаңкеспен, 5 маусымдағы ақтөбе оқиғасында тірідей ұсталған сегіз терроршының алтауымен жеке сөйлескен адам ретінде олардың барлығы салафиттер деп жауапкершілікпен айта аламын. Ол туралы ҚР Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Президент Н. Назарбаев та айтты. Әңгімелесу кезінде мен ол лаңкестерден сенімдері, не оқығаны, кімді тыңдағандары, т.б. туралы сұрадым. Міне, сонда олардың бәрі Ибн Абдулуаххабтың «Үш негізін» оқығандарын айтты. Олардың үшеуі «қалыпты» саналып жүрген салафит-мадхалиттен сабақ алған. Олар Д. Мубаровтың уағыздарын тыңдаған. Ибн Таймия, ибн Баз, Ибн Усаймин, Албани, салафизмнің басқа да идеологтарын тұлға тұлға санайды. Таухидті үш түрге бөлетіндерін, намазды мазхаб бойынша оқымағандарын, әруақтарға құран оқуға болмайтынын айтады. Бір сөзбен айтқанда салафиттің орташа портреті көрінеді», - дейді ол.

Сарапшы бірқатар криптосалафиттердің ақтөбелік лаңкестерді ДАИШ идеологиясымен уланған деп айыптап жүргенін, ал, сол ДАИШ идеологиясының нағыз салафизм екенін айтады. Оны Мекке мешітінің бұрынғы бас имамы шейх әл-Калбани да растаған көрінеді.

Қатысты Мақалалар