Ол отыз жеті жасар бойдақ еркек. 1992 жылғы «Volkswagen Passat» машинасы бар, әйтсе жүргеннен гөрі жиі бұзылады. Қалада үйі жоқ, жұмыссыз. Пәтерінің ақысын төлемегеніне екі ай өтті. Қожайын да қайта-қайта хабарласып, миын жеп жіберді. Бірақ ол өзін күйзеліп жүмін деп санаған емес.
Жолы оңынан болып байғұстың бүгін көлігі мінезін көрсетпеді және жаңа ғана қала сыртына бір пассажирді екі мың теңгеге апарып тастаған. Өтірік айтпасам, сағат кешкі тоғыздан жиыр жеті минут кеткен болатын, әрі дәл сол заматта жол жиегінде қысқа көйлек киген әйел қалаға такси тосып тұрған. Шамамен, отыз-отыз бестерде болса керек. Бет-әлпетінен-ақ білініп-ақ тұр.
Ол, әрине, тоқтады.
-***** деген клубқа? Бес жүз?
Қысқа көйлегімен санын жалтыратып алдыңғы орындыққа жайғасты да, есікті тарс жапты. Қолында неке жүзігі жоқ. Оның үстіне түнгі клубқа кетіп бара жатқанына қарағанда күйеуі жоқ деп шешті. Оны әдемі деп айтпасам, көңіліне тиіп қалаты шығар, десе де өте қатты, тіпті, шамадан тыс боянғанын байқамау мүмкін емес еді. Шашын да бұйралап, сары ала қылып қойған, қасын да қап-қара қылып салып тастаған. Бетіне опаны жағып аппақ болғанын қайтейін, мойыны қара торы болса?! Сепкен әтірі де көліктің ішін алып, амалсыз терезені ашуға тура келді. Ол әйел де қызық өзі: аш жүрген жігіттің жанына отырып алып, қайта-қайта ернін тілімен сулады ма, Құдай салмасын. Бірақ жүргізуші жігіт ол әйелдің екі рет өз-өзіне қол жұмсай жаздап, өлімнен қалғанын білген жоқ, дегенмен жалғыздықтың әсері бірден сезілді. Жігіттердің назарына тым құштарылығы да... Сондықтан да клубқа баратын шығар деген ойға келді.
Әйелдің компанияда хатшы болып істейтіні, қызметтестерінің бәрі қомақты ақшаның үстінде жүретіні, оған қоса балалы-шағалы еркектер екені және бұл әйелге аса көңіл бөлмейтіні, өмірдің мәнін жоғалтып алғаны 1992 жылғы «Volkswagen Passat» айдап келе жатқан жігітке беймәлім еді.
Жүргізуші жігіт кезінде некеде болды. Дүркіретіп той жасамаса да. Өзінен үш жас кіші әйелді екі баласымен қосып алды. Бірақ, қайтсін енді... Шықпады. «Балаларыңа көңіл бөлмейсің»,-деп әйелі қылқылдап, бала иіскеп көрмеген жігіттен әкелік мейірім талап етіп... Ой, қысқасы, бұл әңгімені жалғастырмай-ақ қояйын, көңіліне тиіп кетер. Өйткені ол дәл осы тақырыпты ұмытқысы кеп жүрген. Ренжіп қалса, тағы...
Оның бәрін қойшы, қазір ойлардың бәрінен жүйрігі, қайта-қайта бірінші келетіні – аппақ опа жақан қара торы әйелдің жалтыраған саны болды. Бір адам құсап проблемаларын есіне түсіріп, бас қатырайын десе, әлгі әйелдің қысқа көйлегі жаққа тартып кете береді. Ақыры сол нәрсе оның ойын бұзып, мазасын кетіріп жіберді, әуелі. Тіпті, көлік жүргізудің өзі екінші планға шығып, бағдаршамда қызылға өтіп кеткенін, қайтерсіз?..
Әйелге жақындамағанына үш айдан асқан. Ақшасы барда жарыққа құмар көбелектерді қуалайтын. Жүрістері жеп-жеңіл қыздармен көңіл қосатын. Соңғы уақытта тиынның да ыңғайы болмай, басынан проблема айырылмай, миы істен шығуға әзер қалып жүр еді, енді мына әйелдің істеп отырғанын қарашы. Қолымен санын ұстай ма, тоба.
Кенет жігіттің шыдамы таусылды. Бостандықта жүріп «еркін» жүргені осы болған екен ақыры, онан да түрмеде тегін тамақ жеп жатуға ол іштей келісімін берді. Дайын. Миын ашытып жіберген ойлардан ол жарылып кетті дағы, қалаға жетпей трасса бойындағы талдардың арасына кіріп, әйелді көліктен желкелеп жұлып алды. Детектетіп тұрып, итеріп жерге құлатқаны сол еді:
-Қонақ үйге барайық,-деген әйелдің сөзі бүкіл оқиғаны жүз сексен градусқа өзгертіп жібермесі бар ма?!. «Жібер», «Айуан», «Полиция», «Милиция»,-деген сөздерді ғана күткен ол, бұл сөзге қандай реакция берерін білмей, «зависать» етіп қалды.
Екеуін есуас па дерсің, айтқандай-ақ қонақ үйге келгенде, әйел нөмерге өзі ақша төледі.
Менің ше, ары қарай суреттеудің қажеті жоқ-ау.
Сағат тілі түнгі бірден елу үш минут озғанда екеуі де қонақ үйдің көрпесінде үнсіз жатты. Содан барып әйел:
-Мені өлтірмейсің ғой, иә?-деп сұрады. Дауысында қорқыныш емес, еркелеу бар сияқты. Әйелдің бұл сұрағына ол ұзақ ойланды.
Құрамы: Кешкі ас, жарты қарбыз, екі темекі
Әлішер Рахат