Қадірлі "қазайтыс" сайтының оқырмандары! "Нұр Отан" партиясының 15 жылдығына орай Талдықорған қаласында өткен "Бір халық, бір ел - бір тағдыр" атты Республикалық ақындар айтысы мәресіне жетті.
Дүбірлі айтыстың дүбірін тыңдап отырғысы келген ағайынға сайтымыздың әлеуметтік желідегі парақшаларынан шамамыздың келгенінше жеткізуге тырыстық. Айтыс қашанда айтыс! Қазақ қашанда қазақ! 5 сағат бойы тапжылмай отырып айтыс тыңдаған ағайын тарағысы жоқ. Тыңдай бергісі келеді. Ақындардың асыл сөздерінің дәмін таусап тамсанған жұрттың ықыласын немен өлшеп айтуға болатынын дәл қазір таба алмаспыз.
Айтыста екінші айналым болған жоқ. Бал бойынша бағалады. Есесіне ақындар 45-50 минутқа дейін шапты. Және ақындарға тосын тапсырма беріліп, айтысты ары қарай жалғап жатты. "Айтсын, айтыссын" деген көптің ықыласын елемей сахнадан қалай тұрып кетсін, ақындардың тіл қышуы қанған сайын, көрерменнің құлақ құрышы қанып екілене түсетіні айтыссүейер ағайынға бейтаныс мінез емес қой.
Сонымен, бұл айтыс туралы, кімнің не дегені жайында кеңінен толғап мақала жазамыз бұйырса. Төменде жүлделі орындарға ие болған ақындардың реті былай:
Бас жүлде: Сырым Әуезхан ( 2 миллион теңге)
Бірінші орын: Жандарбек Бұлғақов (1,5 миллион теңге)
Екінші орын: Дидар Қамиев (1 миллион теңге)
Үшінші орын: Балғынбек Имашев (750 мың теңге)
Үшінші орын: Арзыгүл Қайымбекқызы ( 750 мың теңге)
Және осы айтысқа қатысқан ақындардың әрқайсысына 500 000 теңгеден сыйлық жасалды.
Ұларбек Нұрғалымұлы
Kazaitys.kz
Пікір қалдыру