Алматы облысының ауылшаруашылық өнім өндірушілері Астанаға 340 тонна өнім жеткізді. Жәрмеңке «Қуатты өңір - қуатты Қазақстан» акциясы аясында өтіп жатыр.
Облыстың 16 ауданы, үш қаласы және «Жетісу» ӘКК 160 млн теңге болатын ауылшаруашылығы өнімін әкелді. Елорда қонақтары мен тұрғындарына ауылшаруашылығы өнімінің 38 түрі ұсынылады: ет және ет өнімдері, балық, жеміс-жидек пен көкөністер, сүт өнімдері, жұмыртқа, азық-түлік және кондитерлік өнімдер. Жәрмеңке Бауыржан Момышұлы даңғылының бойындағы Оқушылар сарайы аумағында 10-11 қыркүйек күндері өтеді.
Ауылшаруашылық жәрмеңкесіндегі тауарлар құны қаладағы жекелеген бағадан 15-20 пайызға арзан. Жәрмеңкеге қойылған барлық өнім ветеринарлық және санитарлы-эпидемиологиялық тексеруден өткен.