Әлемнің жарығын сыйлаған аналарға деген құрмет әрқашанда жоғары. Тек балаларының алдында ғана емес, мемлекет алдында да үлкен еңбек сіңіріп, ел алдында абыройларын асырған алтын құрсақты аналарды Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев қабылдап, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері атанған аяулы жандарды құттықтады.
Қала әкімдігінің үлкен залында былдырлаған балалардың үні ерекше естілді. Барлығы да балдай тәтті қылықтарымен, сүйкімділігімен адам тартады.
– Бала – бауыр етің, өмірдегі ең басты бақытың. Бала – өміріңнің жалғасы. Сондықтан да барлықтарыңызға денсаулық, бақыт, береке-бірлік, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Қазіргі таңда баланы дұрыс тәрбиелеу ең бірінші міндет. Мұны Сіздер өте жақсы білесіздер деп ойлаймын. Мәңгілік Елдің ұрпақтары ертеңгі еліміздің үмітін ақтайтын азаматтар болсын деп тілеймін. Сіздерді марапаттау мен үшін үлкен құрмет. Марапаттарыңыз құтты болсын, – деді өзінің құттықтау сөзінде қала әкімі Бағдат Қарасаев.
Өмірдегі ең үлкен ерлікті бір өздері атқарып, бала-шағасының ортасында бал-бұл жанған қуанышты сәттің басты кейіпкерлері алтыннан, күмістен алқа тағынды. Оларға қала басшысы өз қолымен сый-сияпатын ұсынып, ардақты жандарды марапатымен шын жүректен құттықтады.