Абайдың әкесі Құнанбай туралы көркем фильм түсіруге дайындық басталып та кетті. Сценарийін Таласбек Әсемқұлов пен Досхан Жолжақсынов бірігіп жазған. Фильмді Досхан Жолжақсынов түсірмек. «Досхан ағамыз сақал жіберіпті», – деп қалды бізге «Қазақфильм» жақтан ақпарат бергендер. Соған қарағанда, сірә, Құнанбай қажыны атақты актерымыздың өзі ойнайтын болғаны. Бірақ олар түсірілімнің басталуын аса дабыралатқысы жоқ. Айтқандай-ақ, бұл екінің бірінің тісі бата бермейтін үлкен жоба, қазақ киносымен қатар ұлт алдындағы жауапкершілігі де зор.
Біреулер: «Құнанбай қажыны Тұңғышбай Жаманқұлов неге ойнамайды?» – деп те қалды. Тұңғышбай ағамыз сахнада да, экранда да, тіптен айтулы мерейтойларда да Абылай ханды әлденеше рет қайталап ойнап, сол образда ойымызда әбден орнықты. Ал Досхан Жолжақсынов актерлығы жағынан сахнадан гөрі экранға көбірек бейім. Соңғы уақыттарда экрандалып жүрген тарихи тақырыптарға да қанық. Әрі режиссер ретінде де, актер ретінде де Құнанбай қажы болмысына барынша жақындағаны байқалып жүр. Актерлығы өз алдына, режиссерлығы да сыннан өтті.
Жолжақсынов пен Әсемқұловтың қолынан шыққан «Біржан сал» ұлттық бояуы қанық кино болды. Қазақ киносының қай кезде де әдебиетшілердің араласуымен көктеп-көгеріп келе жатқаны өтірік емес. Досхан Жолжақсынов түсірген сол «Біржан салда» әдеби мәтін менмұндалап тұр. Біздің кейбір мықты деген киноларымыздың өзі бір көргенге ғана қызық. Сонымен бірге, араға уақыт салып, қайталап көрген сайын көңіл тұщынтатын фильмдеріміз де бар. Қарап отырсақ, сондай фильмдеріміздің қай-қайсысы да әдеби шығармаларға негізделіп түсіріліпті. Қазақ киносында әсіреқызыл жеңілтектікке салынбай, осындай ұлттық кино жасауға бет алған екеу бек жарасқандай.
Кино түсіру алдындағы толғаныста жүрген Досхан ағамызды мазалағымыз келген жоқ. Ал сценарий авторының болса-болмаса негізгі жұмысы әлдеқашан бітіп қойған. Әрі өзі күйші, өзі жазушы, тағы айта берсеңіз мәдениеттанушы адамның киносценарий жазуға уақытты қайдан тауып жүргенін де білгіміз келген. Жасыратыны жоқ, әдеби шығармалардай емес, киносценарийдің қаламақысы да тәп-тәуір. Шынында да, бұл тарапқа түрен салуға не ықпал етуі мүмкін? «Құнанбай атамыз туралы фильмнің сценарийін басқа емес, Әсемқұлов жазғаны жөн болған екен» дей отырып, жоғарыдағы сұрағымызды алға тарттық.
«КӨКБАЛАҚТЫҢ ӨЛІМІ» НЕГЕ ТҮСІРІЛМЕДІ?
– Мен сценарийді бір бүгін ғана жазып жүрген жоқпын. ҚазПИ-де, филфакта оқып жүргенімде жаза бастағанмын. Ол кезде жазған шимайларымды айтпай-ақ қояйын. Бәрібір ондай кино түсірілмес еді. Ең алғаш жазған мықты сценарийім – «Көкбалақтың өлімі».Оның хикаясы былай болған: Менің әйелімнің бір құрбысы французға тұрмысқа шыққан. Ол француз біраз жыл Президентіміздің жанында жүрді. Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық па, әлде сауда жөніндегі ме, кеңесші болып қызмет істеді. Анда-санда біздің үйге келіп, шәй ішіп отырып әңгімелесетінбіз. Бір күні: «Қазақтың тарихынан бір мықты сценарий жазып беріңізші», – деді. Мен келістім. Ол сценарийдің оқиғасы былай: Абылай хан жас кезінде, 23-24 жасында қалмақтардың қолына түсіп қалады. Қалдан Сереннің қолында екі жыл тұтқында отырады. Екі жылдан кейін Әбілпейіз сұлтанға айырбастап, Абылайды алып келеді. Осылайша бітім болады. Содан тоғыз жылдан кейін Нарындағы атақты соғыс басталады. Жетпіс жыл бойы жеңілумен келе жатқан қазақтың әскерін бастап, Абылай жеңіске жетеді. Әмірсана мен Даваци қазақтарға қашып келгенде, артынан сұрап келген қалмақтарға Абылай оларды бермей қояды. Осындай әңгімелер сценарийдің ішіне көп енді. Сонымен сценарийді жазып, Францияға жібердік. Ол кезде интернет, электронды пошта деген жоқ. Қағазға орап, орамахат қып, біраз ақша төлеп, Парижге жөнелттік. Олар сценарийді алғаннан кейін екі жылдай жүрді. Ана режиссерға, мына режиссерға апарады. «Өз тарихымыздан ондай үлкен бюджетке кино түсіре алмаймыз. Мына сценарийдің ішінде үлкен соғысы бар, үлкен панорамалар керек екен. Оның бәрін түсіру қолдан келмейді, қаражат керек», – деседі бәрі. Жаңағы француз кешірім сұрап, сценарийді бізге қайтарып жіберді. Сол кезде «Көшпенділер» фильмін түсіре бастаған еді. Сценарийді Астанаға,«Көшпенділерге» жібердім. «Қазақфильмде» бас редактор болған Сәтімжан Санбаевқа көрсеттім, ол жоғары бағалады. Сөйтіп, байқауға қатыстырдық. Сонда сценарийдің шекесіне кішкентай қағаз қыстырып қайтарды. «Байқау аяқталды. Рустам Ибрагимбеков жеңді. Бұдан кейін бізге сценарий жібермеуіңізді өтінеміз», – деп салып жіберіпті. Сол сценарий ақыры «Қазақфильмнің» мұрағатына кетті.
– Иә, сонша шулатқан «Көшпенділердің» қандай фильм болып шыққаны белгілі. Ол фильм Ақселеу Сейдімбек, Сәкен Жүнісов сынды ағаларымыздың да назасын арқалаған. Жоғарыдағыдай сәтсіздіктен кейін тауыңыз шағылып қалмай, қайта батылдық жасаған екенсіз.
– Одан кейінгі жазған сценарийім «Біржан сал» болды. Досхан Жолжақсынов «Біржан сал» туралы жақсы сценарий жазатын адам іздеп жүргенін Әлия Бөпежановаға айтқан екен. Әлия мені, сосын Асылбек Ықсан деген жазушыны айтыпты. Әлі есімде, 2003 жылы Досханмен көктемде, Фурманов пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысқан жерінде кездестім. «Сценарийдің ішінде мынандай нәрселер болу керек» деп идеясының бәрін айтты. Арада біраз уақыт өткеннен кейін Асылбек: «Тәке, өзің жазсаң қайтеді? Менің уақытым болмай жатыр», – деп, жобадан «секіріп» түсіп қалды. Сөйтіп, жалғыз қалдым. Дегенмен Біржанды жақсы білемін. Өзім де сол Арқаданмын. Бала кезімнен әндерін құлағымызға құйып өскенбіз. Өмірінің қыр-сырларын білу үшін кітапханаға барып, Біржан туралы қорғалған алпыс шақты диссертацияны қарадым. Көп мәлімет алдым, өзім білетін мәліметтерді қосып жазып, 2004 жылдың көктемінде сценарийді Досханның қолына ұстаттым. Қандай фильм болғаны белгілі. Халықтың ықылас-пейіліне бөленген жақсы фильм болды. Байқасаң, мереке күндері телеарналар беріп жатады…
– «Біржан сал» неге халықаралық кинофестивальдерге қатыса алмады осы?
– Оны білмедім. Ермек Тұрсынов, тағы бірдеңе дегендердің қалай қатысып жүргендерін білмедім. Белгілі бір мүдделер қайшы келіп, шетелге шығарылмады. Кинофестивальдерге апарылмады. Бірақ, ел ішінде үлкен абыройға жеткен кино болды. Кімдердің, қандай күштердің қарсы екенін білмеймін, айтып бере алмаймын.
«ЖЕЗТЫРНАҚ» ҚАЙДА КЕТТІ?
– Мүмкін қазіргі киноның талабы басқа шығар? Біздің талғамымызбен санаспайтын шығар? Басқа сценарий жазып көрмедіңіз бе?
– Жаңа қазақтардың бірі қайсыбір актриса арқылы қазақтың тарихынан бір «фэнтези» жазып бере ала ма деп өтініпті. Ол актриса Болат Қалымбетов екеуі келді, келістік. Өзімнің қорымда жатқан «Жезтырнақ» туралы аңыз бар еді. Жазып шықтым. Бірақ, қаржыландырушымыз сценарийді оқып шыққаннан кейін ұнатпады ма, әлде біреу бірдеңе айтты ма, бірдеңеден күмәнданды ма, білмедім, «мұндай жобаны мен қаржыландыра алмаймын» деп қайтарып берді. Осыдан үш жыл бұрын ғой деймін, Оңтүстік Корея сценарийлер байқауын өткізді. Сол байқауда менің сценарийім жеңіп, Оңтүстік Корея сатып алды. Бірақ, өкініштісі, ол қазақ-қалмақ соғысы кезіндегі оқиға еді. Оны Корея тарихында болған оқиға етіп көрсетеді, өздеріне бейімдейді ғой. Қазір бес жылға дейін солардың мүлкі болып қалды. Бес жылдан кейін қайтарып береді. «Жезтырнақтағы» жезтырнақ әйел күндіз кәдімгі әйел болады да, түнде жезтырнаққа айналады. Бірақ, жезтырнақ әйел жамандық, зұлымдық бейнесінде емес, мейірімді адам ретінде болады. Мысалы, бір баланы жалған айыппен айыптап, ертесінде өлім жазасына кескен. Онда да азаптап өлтіру керек болған. Қазақ арасында азаптың сұмдық түрі бар, «тараптап өлтіру» деген. Төрт түйе төрт жаққа бөліп, адамды жыртып өлтіреді. Билер баланы сондай өлімге кескен. Сонда жезтырнақ бала азапталмас үшін, түн ішінде келіп өлтіріп кетеді. Содан кейін соғыстың кезінде қалмақтың 13-14 жасар бойжеткен қызы тұтқынға түседі. Сонда оны қазақтың жетпістегі бір шалына күйеуге береді. Сонда қорлыққа шыдамай, қалмақтың қызы түн ішінде қашады да, бір үңгірге келіп тығылады. Артынан қуғыншылар қуып жеткенде, Құдайға жалбарынады. Сонда жезтырнақ келіп, қызды өлтіреді. «Етімді шал сипаған құрт жесін» дегендей, жас қыз өзінің атасындай адаммен бір төсекке жатуға жиіркенеді. Сөйтіп, жезтырнақ оны сондай қорлықтан құтқарады. Аяқ жағында үлкен соғыс бар. Қалмақтар келіп, қазақтарды шабады. Сосын қазақтар әскер жинап, қалмақтарды қиратып, быт-шытын шығарып кетеді. Өте мықты оқиға. Өкінішке қарай, корейлер алып кетті. Қазір түсіріп жатқан шығар, аңдып жүрміз. Кино болып түсірілсе, Оңтүстік Кореяның Мәдениет министрлігі хабар береміз деп уәде берген. Әзірге ондай хабар болған жоқ. Оның үстіне, оларда президент ауысып, жаңа министр келіп дегендей… Мүмкін ол сценарий жаңа министрге ұнамаған шығар.
«ТҰМАР ӘЖЕ» ТҮСІРІЛЕ МЕ?
– Айтулы тұлғалар туралы көркемфильм түсіруге мүмкіншіліктеріңіз бар екенін «Біржан сал» анық көрсетті. Әр-әркімнің батылы бара бермейтін Құнанбай қажыны экрандауға жол ашқан сияқты сіздерге. «Біржан сал» болмағанда сіздерге бәрібір күдікпен қараушы едік. Жалпы, кино түсіру, бұл салада сенімге кіру оңай емес қой. Тіпті атақты киногерлеріміздің өздерінің тарихи тұлғалар турасындағы фильмдері сәтсіздікке ұшырап жатыр. Әйтеуір Құнанбай қажыға ет қызуымен кіріспеген боларсыздар?
– Жоқ, «Біржан салдан» кейін Досхан Тұмар әжемізді шығарайық деді.
«Бірақ, Болат Жандарбековтің романындағыдай емес, тарихты басқаша пайымдайық», – деді. Өткенде менің үлкен резонанс тудырған «Қондыгердің бір-ақ беттік тарихы» деген мақалам шықты. Ертеде скифтерді қаңлы деген. Сол қаңлылар Иранның әскерін қалай жеңгені аңызға бергісіз, сонда біздің әжеміз 180 мыңдай әскермен шыққан, Құрыш патша жарты миллион әскермен келген. Қазіргі Қызылордадағы Шиелі деген жерде үлкен соғыс болып, ирандықтарды қиратып, Құрыштың басын шапқан. Жарықтық Гумилевтің көмегімен құпия мәліметке қол жеткізіп, қайран қалдым. Геродоттың түсіне кірмеген мәліметтер бар екен. Сол негізде үлкен сценарий жазылды. Оқығандардың бәрі қатты ұнатты. Бірақ, бұл сценарий де «Қазақфильмнің» мұрағатына кетті.
– Ол не, сонда «Қазақфильмге» ұнамай қалды ма?
– Иә, өйткені, біздің Тұмар әжеміз екі жүз мыңдай, ал Құрыш патша жарты миллион әскермен шығады. Сонда миллионға жуық әскер соғысады. Сондай соғысты көрсету үшін кем дегенде 40 миллион доллар керек. Ондай ақша бізде жоқ деді. Бір жағынан «Қазақфильмдікі» дұрыс. Ондай қаржыны табу Аманшаевтың қолынан келмейді, билігінде емес, оны тек жоғары жақ қана шешеді. Ол үлкен мегажоба. Оны Голливуд сияқты үлкен киностудиямен бірігіп түсірмесе, Қазақстанның күші жетпейді. Қаржы табылған күннің өзінде, қантөгісті, жекпе-жекті қою керек, Құрыш патшаның Иран бағын салу керек. Есептеп келгенде 40 миллион болды да, Аманшаев шошып кетіп: «Бұған әзірге Қазақстанның күші жетпейді», – деп жылы жауып қойды.
Одан кейін, ұмытпасам, 2008 жылдары ғой деймін, Мәдениет және ақпарат министрлігі үлкен байқау өткізді. Қазіргі тарих, саяси ахуал, әлеуметтік өмірді бейнелеу керек деп шарт қойған. Сонда мен «Алматы-Астана» деген сценарий жаздым. Сол сценарий бірінші орын алды. Ол сценарийдің ұзын-ырғасы Астананың құрылысы туралы. Сонда бір отбасы Алматыда бір жағдай болып, ажырасып кетеді. Бастарынан қиын тағдыр өтіп, Астанада қайтадан бір-біріне қосылады. «Мәскеу көз жасына сенбейді» деген орыстардың бір киносы бар ғой, әлеуметтік бағыты сол секілді шамамен. Жалғыз мен ғана емес, Тынымбай Нұрмағамбетов, Әсия Сүлеева сол байқауда жеңді. Менің сценарийім бірінші орын алғаннан кейін экранға бірінші кетуі керек еді. Бірақ, әлі түсірілмей жатыр. Кенжебай Дүйсенбаевты режиссер ғып тағайындаған. Ол күтіп-күтіп, ақыры болмаған соң, басқа кино түсіріп кетті. Алты жыл өтіп кетті арада. Әлі жатыр.
ҚҰНАНБАЙ ҚАЖЫҒА КЕЛЕТІН БОЛСАҚ…
Ал Құнанбай қажы туралы фильмге келетін болсақ, Досхан ағамыздың: «Алдын ала шулатпай, «арық сөйлеп, семіз шығайық» дейтін әдеті бар. Алдын ала жарнама жасауға қарсы. Үкімет ақша бөлді. Былтыр Семейге барып, жер сұрап алды. Абай ауданның әкімшілігі Шыңғыстаудың ішінен керемет, ғажап жер берді. Сонымен жер дайын, ақша дайын, актерлар дайын, бәріміз дайынбыз. Мамыр айының ортасында «біссіміллә» деп бастаймыз.
– Бұл киноның бюджеті қанша болды?
– Оны білмеймін. Әрбір эпизод қанша ақша тұратынын есептейтін өздерінің адамдары бар. Олар қанша смета жасады, қаншаға бағалады, білмедім. Менің білетінім – сценарий жазу. Қазір актерларды тағайындап, үлкен-үлкен дайындық жүріп жатыр. Құнанбайдың кім екенін айтудың керегі жоқ шығар. Ол – Абайдың әкесі. Қазақ даласындағы ең ұлы тұлғаның бірі. Үлкен саясаткер болған, елдің басынан бақ тайғанда, қазақ адасып, жол таппай тұрған кезде билікке келген, елді жөнге салған, заңдарды қалыптастырған, Ресейдің қатал деген заңдарын қазаққа жұмсартып жеткізген. Абай аспаннан түсе қалған жоқ. Алаштың азаматтары Ахмет, Әлихан, Мағжандар Абайдың шәкірттері дейтін болсақ, Абай – Құнанбайдың шәкірті. Алаш азаматтары, былайша айтқанда, Құнанбайдың шәкірттері болып шығады. Өйткені, Алаш азаматтарының айтқан ойлары, кезінде Құнанбайдың айтқан елдік ойлары, идеяларынан бастау алады.
Кино түсіру өзі бір күндік, бір жылдық шаруа емес. Ұжымдық еңбек болғаннан кейін неше түрлі оқиға болады екен кейде. Мысалы, «Біржан салда» Азнабайдың рөлін сомдаған Атырау облыстық драма театрының актері Төлеген Қуанышов фильмді көре алмай кетті. Фильмнің тұсаукесерінің алдында қайтыс болды. Оның бәрі өмір ғой. Досхан екеуміз сыралғы болып қалдық. Бұрынғылары бар, жаңа адамдар да қосылады, әлбетте. Бір фильмді түсіру бір өмірді бастан өткерумен пара-пар. Алдын ала дабыралатпасақ та, бұл фильм туралы қызу талқы жүретін кез де келер. Құдай қуат берсін дейік.
Иә, өз жарнамасы өзіндегі фильм болары хақ. Үлкендер батасын бере жатар. Біз «Ақ желкеннің» ақ тілегін жеткізейік: Тайлы-таяғымыз қалмай көретін кино болсын!
Балжан МҰРАТҚЫЗЫ