Клара Төленбаева: Көп күле беретін қыздар ұнамайды

/uploads/thumbnail/20170709120903176_small.jpg

   Ол дәстүрлі әнші, бірақ эстрада да айтқан кез-келген әні хитке айналады десек қателеспейміз. Өзіне ғана тән қоңыр дауысымен талай жүректі жаулаған Клара Төленбаевамен жақында әңгіме-дүкен құрған едік. Өнерде ғана емес, отбасында да үлгілі ана, аяулы жардан  қазіргі қыздардың жар таңдауы, отбасын құруы төңірегінде пікірін сұрадық.Сізде оқып көріңіз…

-Өмірлік жар таңдауда неге мән берген едіңіз?

-Өмірлік жар таңдау деген басты мәселе ғой. Шешем адам өміріндегі маңызды деген үш нәрсені баса айтып отыратын. Жақсы мамандық таңдау, жар таңдау, үшінші – тұрғылықты жерін таңдау дейтін. Осы үшеуіне басты назар аударуды міндеттеп айтатын. Сол тәрбиенің арқасы болар, өзімді жар таңдауда шатаспаған, қателеспеген адамдардың бірімін деп айта аламын. Аллаға осы үшін сансыз шүкіршілік айтамын.

Жолдасым екеуміз Семейден, бірақ екі ауданынанбыз. Екеуміз консерваторияда оқып жүргенде таныстық. Өнер адамдарының бірін-бірі түсінуі, бір көзқараста болуы маңызды. Сондықтан өнер адамының жары да өнерден болғаны дұрыс деп ойлаймын. Одан кейін, өнер адамының атынан сөз көп ереді, көп адамның назары болғасын, әртүрлі әңгіме болуы да мүмкін. Соның бәрін дұрыс қабылдай білетін, оны заңды деп түсіне білетін адамның кездескені жақсы. Ал енді басқа саладан болса, түсініспеушіліктер, қиындықтар болуы мүмкін. Себебі біздің уақытымызда режим жоқ. Кейде, тіпті, таңға дейін созылатын концерттар болады. Дайындықтар да уақытқа қарамайды. Жұмысыңның осындайын біліп, оны түсініп, жан-жүрегімен қарасып отыратын адам кездескені үшін тәубе дейміз. Жар таңдауда қателеспедім деп айта аламын.

Ал, таңдауда неге мән бердіңіз дегенге келер болсам… Қазір университетте өзім сабақ беретін жастармен сөйлесемін. Сонда байқағаным олардың ойы материалдық жағдайға ауып кеткен. Үйі болуы керек, машинасы, ақшасы болсын деген шарттары бар. Міне, осы нәрсе де көп жастардың шатасуына себеп пе деп ойлаймын. Мен де жас болдым, қазір де қартайып тұрғаным шамалы (күліп). Бірақ мен сол этаптан өткенде ондай материалдық дүниеге мән бермеппін. Өнер адамы болғасын сахнаға шығуыма қарсылық көрсетпейтін, әншілігімді түсінетін жан іздедім. Басында ауылдас болып араласып жүрдік. Кейін достығымыз махаббатқа ұласты деуге болады. Мінезіміз үйлесім тапты, ол кісінің мінезі жайдары, адам ретінде мейірімді, жүрегі жылы азамат. Қай жағынан келген де өзіме жақын адам болып көрінді.

Неше жасыңызда тұрмыс құрдыңыз?

-26 жасымда. Оқуымды бітіріп, асперантураны тәмамдап барып тұрмысқа шықтым.

Қыздардың қай жаста отбасын құрғаны дұрыс деп есептейсіз?

-Менің ойымша, 23 жастан кейін отбасын құрған кеш емес сияқты. Кейбіреулер мектеп бітірген соң қыз баласының міндеті – тұрмыс құру, ана болу деп айтып жатады. Бірақ осы мәселеге келгенде онша келісе бермеймін. Мектеп бітіргенде бар болғаны 17 жаста болады, жиырма жаста әлі унииверситетте оқып жүреді. Студент кезінде отбасын құрғандардың оқуы шала болады, отбасы да толық болмайды. Кішкентайы дүниеге келген соң оның да жағдайын ойлауға тура келеді. Осының бәріне әйел азаматтар қиналып қалады деп ойлаймын. Сол себепті мен мектептен кейін, төрт жылдық университетін бітіріп, қолына дипломын алып барып тұрмыс құрғанын қалаймын. Өйткені олар маман болғанннан кейін толыққанды, сауатты маман болуы керек. Әрине, жеке пірім ғой.

Екі тәрбие көрген адамдардың бір-біріне үйренісуі қиын болады дейді. Бірігіп кетуі үшін кемінде он жыл керек деп жатады. Негізінде отбасы беріктігі мығым болуы үшін не қажет?

-Бұл енді екі жақты просесс қой. Өзіңіз айтқандай, екі адам екі түрлі тәрбие көреді. Негізі бұл бір-бірімен сөз байласып жүріп жүрген кезде анықталатын нәрсе ғой. Өйткені екі-үш жыл бірге жүрген адамның мінезі, ойы, ортада өзін ұстауы байқала бастайды. Адам ретінде иманы қандай екенін аңғарасың. Сол уақытта егер көңіліңе жақын болса, онымен әрі қарай сөйлесуге болады. Керісінше, көңіліңнен шықпайтын жағдайлар да болады. Мысалы, ол ортада тым мақтаншақ болуы мүмкін. Уәде беріп, оны орындамауы да мүмкін. Оларды көре тұра сен оған қалай тұрмысқа шығасың? Соның бәрін анықтап, көз жеткізген жөн сияқты.

Жаңа сөзіңізде айтып қалдыңыз, кемінде үш жыл жүру керек деп, енді бұл сіздің есебіңіз бойынша. Кейбірі бір-екі ай танысып, отбасын құрып жатады. Жалпы қыз бен жігіттің арасындағы байланыс қандай болуы керек?

-Ол енді әркімнің өзіне байланысты ғой. 3 жыл жүру, 5 жыл жүру шарт емес қой. Мен өзім басымнан өткен оқиғаға сүйеніп айтып отырмын. Жарыммен бес жыл таныстықтан кейін бас қостық. Сол уақыт аралығында менің ойымдағы адам осы екеніне көзім жетті. Біз енді айта береміз ғой. Бәрі Алла қандай адамға бұйыртатынына байланысты. Талапты қоя бергенмен де, Алла сәтін салмаса, ол болмайды. Қазақи тұрғыда айтқанда, маңдайға не жазды, соны көресің ғой. Ал қалғаны тек себепші болатын сөздер деп ойлаймын.

Жалпы, қазақ қызының идеалы қандай болуы керек?

-Менің ойымша, қазақ қызына көп жағдайда салмақтылық керек деп ойлаймын. Және оған ақылы серік болу керек. Ақылына көркі сай деп қазақ айтып кеткен ғой. Нағыз сөз – осы. Өзі қандай әдемі болса, мінезі соған сай болсын. «Жақсы мінезді кісіге бір кісілік орын бар» дегенді де қазақ айтқан.

Адам ортаға мінезінің үйлесімділігімен сиып кетеді. Сондықтан менің басты ұстанатаным – мінезі жақсы болса екен. Өзім де қыз өсіріп отырған анамын. Оларға да талапты көп қоямын. Олардың көп сөйлемеуін, ерсі күлмеуін ескертіп отырамын. Маған көп күле беретін қыздар, шыны керек, ұнамайды. Баяғда шешелерімізден «Осы қыз күле береді екен, неге күледі? Жақсы нәрсе емес ол» дегенді көп естіп өскеннен кейін шығар, осы талапты жоғары қоямын. Әр нәрсенің де орны бар.

 

-Екі қызыңыз бар. Оларға қаншалықты көңіл бөліп жүрсіз?

-Қыздарым өсіп қалды. Бірі 7-сыныпта, екіншісі 3-сыныпта оқып жатыр. Жасөспірім шақтары ғой. Оларға баса назар аудару керек бұл кезеңде. Тәрбиелерімен өзім айналысамын. Уақытымды көбірек бөлемін. Жасөспірім шақ қиын кезең ғой, не үлкен емес, не бала емес. Үлкен болғысы келіп айтпайтын әңгімелерді айтып қоятын, кейде бала болып еркелегісі келетін кездері болады. Сол кезде олай жасама, бұлай болу керек, сен өсіп қалдың ғой, саған бұлай жараспайды деп жаймен түсіндіру керек. Немесе мынадай сөздерді айтуға болмайды деп, айтатын жерде айтып, тиятын жерде тыю керек. Қыздарым шүкір, ақылдары бар. Жасөспірім шақтарымыз деп, маған қиыншылық тудырып жатқан жоқ. Әрі қарай да солай болады деп сенемін.

Бұрын баланы атадан қалған тәлім бойынша тәрбиелесе, қазір түрлі кітаптар арқылы өсіріп жүр. Сіздің методикаңыз қандай?

-Негізі қазақ бәрін айтып, жазып кеткен. «Ата-ананың қызын ал» деген сөз бар, яғни, текті жердің тәлімін көрген қызды айтады. Бұрын біз ол материалдық жағдай шығар деп ойлайтынбыз. Ал тегі дегеніміз мүлде басқа дүние екен. Ол – тегінен иман дарыған, тәрбие көрген деген сөз. Сол сияқты, мен қазақи тәрбиемен сусындатқанды жөн көремін.

Рақмет, Клара ханым. Отбасыңыз берекелі, өнеріңіз өрісті болсын!

   Материал Ikerim.kz сайтынан алынды 

Қатысты Мақалалар