Жақында ғана "Esquire" журналына танымал музыкант Ғалымжан Молданазар берген сұхбатты "Қамшы" порталы қазақ тіліне аударып, оқырман назарына ұсынады:
Егер бір беделді адам белгілі бір музыкант жайлы мақтап жақсы пікір айтса, оны бәрі жаппай тыңдай бастайды. Алайда кімді және қандай әуенді тыңдау керектігін адам өз талғамына сүйеніп шешуі керек. Бұл біздің ортақ мәселеміз.
90-шы жылдары Өзбекстан мен Түркиядан келген әуендерге байланысты жұрттың музыкалық талғамы бұзылған.
Фонограмма жайында ұзақ талқыламай, жай ғана фонограммаға заңмен тыйым сала салу керек. Жанды әуеннен адам көбірек энергия, рухани азық жинары сөзсіз.
Қазақстандағы шынайы таланттардың заман-уақыты бір күні келеді. Бірден емес. Оңай соқпасы анық.
Шығармашылық адамға азаптанған, мұңайған пайдалы. Әсіресе, махаббат тауқыметінен. Махаббат салған жараны жазамын, жырлаймын дегенде әдемі ән-әуен дүниеге келеді.
5-6 жасымда суретші болуды армандайтынмын. 9 сыныпты бітірген шақта көркемөнер мектебіне оқуға түстім. Бірақ суретші болу қолымнан келмеді.
Продюсер деген меніңше артистің бейнесін қалыптастыратын, стилін ойластырып, әншіге әуен жазып беретін адам. Бұл тұрғыда маған продюсер керек емес. Әннің сөзін де жазамын, әннің аранжировкасын да өзім жасаймын. Ал, бет-бейнем болса қалыптасқан.
Атақ-даңқ пен ақшадан қорқамын. Себебі оларды қайтпекпін деген сұрақтың жауабын әлі таппадым.
Бай адамның үнемі материалдық дүниені ойлай беруі шарт емес. 10 долларлық джинсы шалбар сатып алып киетін миллионерлер бар емес пе?!
Ақша ешқашан артық болмайды. Егер саған олар керек болмаса, мұқтажға көмектес.
Мен адамдарды бөліп жармаймын. Қазақ тілін білмейтіндер білместігі үшін кінәлі емес. Оған себептері бар.
"Қазақ жалқау халық" деген аңызды ұнатпаймын. Мұндай психологияны кім ойлап тапқанын білмеймін. Егер адам өзі жайлы жаман ойласа, сондайға айналып кетеді.
Мектепте нашар оқығаныма, өмірімде бір кітап тауыспағаныма ұяламын.
Мен өскен ортада барлығы таза қазақ тілінде сөйлейтін. Әке-шешем де жалпақ тілмен әңгімелеспейтін. Әкем ұрысқанда да айтар сөзді мұқият таңдай білетін. Сол себепті ұрыс естігенде жүрегіңде тесік пайда болғандай сезім туатын. Өлең шығара алатыным да сондықтан.
Қазақ тілін бүкіл жер-жаһан естісе деген арманым бар. Ән арқылы сол арманыма қол жеткізуге енді мүмкіндігім бар.
Пікір қалдыру