Өгейшөп
Өгейшөп – гүлдің аты, дала гүліне жатады.
Қазақ халқы өгейшөпті күрделі дала гүлдерінің бірі ретінде жақсы таниды. Ол көпжылдық шөптесін өсімдік. Қазақ бұл өсімдікті «өгейшөп» деп атауының өзінждік сыры, бөлекше қыры бар. Оның жапырағының үстіңгі жағы жасыл түсті, суық болады. Жапырағының астыңғы беті үстіңгі бетіне қарама-қарсы жұмсақ әрі жылы болады. Себебі жапырағының астыңғы беті үстіңгі бетіне қарағанда суды аз буландырады. Бұл гүлдің басқа гүлдерден ерекшелігі гүлдеп болғаннан кейін жапырақ жаяды. Қазақ өгейшөп жапырағының бір-біріне өгейтік көрсеткеніне қарап оны солай атады.
«Өгейшөптің бой биіктігі 10-30 сантиметр шамасында. Тамыр сабағы «көген тамыр» деп те аталады, көлденең, жіңішке, ұзын болып өседі. Жапырағы ұзын сағақты, жиегі ойық тісті, дөңгелек, жүрек тәрізді, түп жағында шоқтанып өседі. Жапырақ беті қаралтқым жасыл түсті, жапырақ сыртында жіті өскен ақ түкшелері болады. гүл сағағы түкті келеді, он шақты гүл ораншысы сабағына кезектесіп орналасады. Гүл майсасы күзде өседі, көктемде гүл ашады. Гүл сабағы қызыл көк түсті келеді».
Өгейшөп ұлы таулардың өзенді сабаларында, орман жағаларында, дымқыл жерлерде өседі. Алтай тауы және Тянь-Шань тауларына таралған, Тарбағатай, Шонжы, бай ауданы қатарлы жерлерде көбірек өседі. Гүл шанағы гүлі ашылмаған кезде дәрі болады.
Қазақ халқының байырғы емшілері күз айларының соңында, көктем мезгілінде жер бетіне әлі шықпаған гүл шанағын қазып алып, гүл шанағын алып тастайды да, тазалап кептіреді. Түсі бұзылмау үшін сумен жумайды, қолмен мыжымайды, шикідей немесе бал қосып өңдеп, әр түрлі ауруларға пайдаланады. Өгейшөптен жасалған дәрілердің дәмі ащылау тәтті дәмді, жылы райлы, уытсыз болады. Өкпені жылытып, жөтелді тияды, желді басып, қақырықты сыртқа шығарады.
Қазақ емшілері өгейшөпті өкпе туберкулезіне, құрғақ жөтелге кеңірдекшенің созылмалы қабынуына, өкпе қабынып қатты жөтелгенге, қан қақырған ауруға, демікпе жөтелге, өкпе туберкулезіне ұзақ уақыт қысылып жөтелгенге дәрі жасап ішкізеді.
Қазақ энциклопедиясында өгейшөп туралы былай баяндады: «Өгейшөп – күрделі гүлдер тұқымдасының бір туысы. Өгейшөп көпжылдық шөптесін өсімдік. Өгейшөптің Қазақстанда ғана бір түрі кәдімгі өгейшөп өседі. Кәдімгі өгейшөптің биіктігі 10-25 сантиметр. Жапырағы қабыршақ тәрізді, қоңыр күрең, кезекті орналасқан. Тамыры төселмелі, гүлі сарғылт, жеке-жеке орналасқан. Қос жынысты, гүл шоғы – себет. Ерте көктемде жапырақ жаймай тұрып гүлдейді. Өгейшөп Солтүстік Америка және Солтүстік Африкада, Еуропа бөлігінде, Кавказ, Қиыр Шығысқа таралған. Қазақстанда Ақтөбе, Семей облысында, Тобыл-Есіл, Балқаш, Алакөл алқабында, Алтай, Іле, күнгей Алатауында өседі. Өгейшөптің гүлінен ара бал жинайды».
Қазақ өгейшөпті екі маусым гүлі деп атаған. Себебі өгейшөп көктем айларында гүл ашып, көктем даласына сән берсе, күзде сұр түсті жапырағын жайып, күз даласын құлпыртады. Қазақта «өгейшөп өспеген жер өгейсіп тұрады», «өгейшөп дала сәні», «өгейшөпті мал жесе, дәріні даладан іздеп нетесің?» деген тәрізді тәмсіл сөздер бар. бұл сөздердің түп тамырында қазақ халқының өгейшөпті жыға танып, толық білетіні анық аңғарылады.
Болат Бопайұлы Жота Қажы