Биылғы өнімнен алғашқы қант алынды

/uploads/thumbnail/20170709135431774_small.jpg

Биылғы жиналған өнімнен Көксу қант зауыты осы маусымның алғашқы қантын  алды. Зауыт ұжымын осы маңызды оқиғамен құттықтауға облыс әкімі Амандық Баталов арнайы барды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Көксу қант зауытының жаңғырту жұмыстары мен жеткен жетістіктері туралы кәсіпорынның құрылтайшысы Нұрлан Тілеубаев баяндап берді.

- Биылғы жылы миллиард теңгеден астам қаржы құйып, кәсіпорынға жаңғырту жұмысын жасадық. Қазір барлық жүйелер автоматтандырылған, процестердің бәрі де бір оператордан басқарылады. Сонымен қатар фильтрлер ауыстырылып, бұл өз кезегінде өнімділікті көтеруге және электр энергиясының тұтыну мөлшерін азайтуға ықпал етті. Бұл біздің жұмысымыздың алғашқы кезеңі ғана, зауыттың жаңғырту жұмыстары келесі жылы да жалғастырылатын болады, - деді Н. Тілеубаев.

Облыс әкімі Амандық Баталов оператор бөлмесін, өңдеу цехын аралап, дайын өнімді көрді. Мұндай жақсы көрсеткішке мемлекет қолдауының арқасында және қызылшашылар мен қант зауыты өкілдерінің бірлескен жұмысының нәтижесінде қол жеткізілгенін атап өтті.

- Бүгін біз биылғы жылдың алғашқы қантын алдық. Бұл - біз үшін аса маңызды оқиға, ұзақ та қажырлы еңбектің көрсеткіші. Өзара ынтымақтаса атқарған жұмыстың нәтижесінде Алматы облысында биылғы жылы 6800 гектарға қант қызылшасы себілді. Шамамен 240-250 мың тонна өнім жинаймыз деп жоспарлап отырмыз. Одан мөлшері 24-25 мың тонна қант алынады. Бұл – жақсы көрсеткіш. Егіс айналымының талаптарын ескере отырып, қызылша алқабының көлемін жылдан жылға арттыратын боламыз. Яғни алынатын қант көлемі де өседі деген сөз. Өңдеу жұмысы кедергісіз жүру үшін алдағы уақытта Қарабұлақ, Алакөл, Ақсу қант зауыттарын да іске қосуды жоспарлап отырмыз. Қабылданған кешенді шаралар Мемлекет басшысының халықты отандық қантпен қамтамасыз ету туралы тапсырмасын абыроймен орындауға серпін береді деп ойлаймын. Ішкі қажеттілікті өтегеннен кейін одан әрі біз өнімімізді экспортқа шығаруға талпынатын боламыз, - деді облыс әкімі Амандық Баталов.

Өңір басшысы А. Баталов Н. Тілеубаевтың ұсынысы бойынша келесі жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде қант қызылшасын өсіретін аудандарда облыс әкімдігінің көмегімен қант қызылшасын қабылдайтын пункттер ашылатынын айтты. Онда зауыт құрылтайшылары зертхана мен өлшеу құрылғыларын орнатпақшы. Қызылша өсірушілер өсірген тәтті түбірді қабылдау пунктіне әкеліп тапсырады, ал құрылтайшылар оны зауытқа өз күштерімен жеткізеді. Есептесу жергілікті жерде сол мезетте жүргізіледі. Сонымен қатар Көксу ауданындағы қабылдау пунктінде қабылдау ісін жылдамдатуға мүмкіндік беретін германиялық құрылғы қойылатын болады.

Зауытқа өнім әкелген шаруалар қант қызылшасын өсіру мен өткізу ісін жеңілдету бағытында енгізіліп жатқан жаңалықтарды естіп, ризашылықтарын білдірді. 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар