Алматы әкімі Бауыржан Байбек пен қаланың бизнес құрылымдары өкілдері арасындағы кездесу аясында «AllurGroup» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьевпен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Келісімге сәйкес, «ЭКСПО-2017» көрмесі басталғанға дейін Алматыда электромобильдерге арналған 40 электрлік жанармай құю бекеті ашылады. Бұл Қазақстанның 2013-2020 жылдарға арналған «жасыл экономикаға» өту тұжырымының негізгі бағыттарының бірі. Сонымен бірге, компания тестілеуден өткізу үшін 30 күн мерзімге әкімдікке үш электромобиль беруді жоспарлап отыр.
«25 жыл ішінде Алматыдағы көліктер саны үш есеге артты. Қазір қалада 570 мың авто болса, облыста 270 мың көлік бар. Яғни, күн сайын 840 мың авто қалаға кіріп-шығады. Соңғы он жылда мемлекет Алматы көлік инфрақұрылымына 500 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсаған», – деді Бауыржан Байбек.
Әзірге, мегаполис әкімдігі 10 электрожанармай бекетін орнату жұмыстарын жүргізіп жатыр, сонымен бірге бұрындары орнатылған жеке электрожанармай бекеттері бар.
Baq.kz