Алматы әкімдігі кей аудандарда қар тазаланбады деген сынмен келіспейді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне Алматы табиғи ресурстар басқармасының жетекшісі Эльдар Келдібаев.
«Біз орталық пен қала шеті деп бөлмейміз. Абай көшесінен төмен қарай қар тазаланбады деу әділетсіздік, фото мен видео бар, есеп бар. Сіз қай уақытта өтіп едіңіз? Тайғаққа қарсы материалдар себілді, көктайғақтарды залалсыздандырдық, қар тоқтаусыз жауып тұрғанда асфальтты қап-қара етіп ұстап тұра алмаймыз», - деп БАҚ сұрақтарына жауап берді Э.Келдібаев. Оның айтуынша, бүгін түнде 465 дана техника және 500 жол жұмысшылары қала көшелеріндегі қарды тазалап шықты. «Қар түнде жауды, таңертең көліктер еш қиындықсыз жүрді. Ең алдымен қоғамдық көлік қозғалысын қамтамасыз етуіміз керек, біз оны жасадық. Көлік жол айрықтарынан өтуін, шығуын қадағаладық. Алматы қаласы таулы жерде орналасқан, бізде Шымбұлақ пен Үлкен Алматы көліне дейін жол бар. Біз олардың барлығын тазалап жатырмыз, ешқандай мәселе жоқ. Наурызбай ауданы - таулы жер және біз осы жұмыстың барлығын 4 сағатта істеп бітірдік», - деп жалғады сөзін ол. Ескертулер бар. Бұл өте орынды. Егер бізге мекенжай берсеңіздер, барлығын түзетеміз», - деді Э.Келдібаев.
Пікір қалдыру