Елбасымыз Н.Назарбаев Түркістанда өткен кездесуінде: «Біз Қожа Ахмет Яссауи ілімін алып жүруіміз қажет» деп атап көрсетіп, Яссауи ілімінің ұлтымыздың, мемлекеттілігіміздің тарихындағы маңызы ерекше екенін байыптаған еді.
Расында да, бабамыз ұлтымыздың болмысын қалыптастырған, құндылықтық бағдарын белгілеген бірегей ілімнің иесі. Ендеше, халқымыздың ұлт болып қалыптасуы мен дамуына, ұлттық ерекшеліктерінің берік сақталуына Яссауи ілімі тікелей әсер еткенін ешкім жоққа шығара алмайды.
Ақын, ойшыл, мұсылман дінінің атақты қайраткері, философ, ғұлама ғалым Ахмет Яссауидің тұлғасы тек түркі ислам өркениеті үшін ғана емес жалпы адамзат тарихында ерекше маңызды орынға ие десек қателеспейміз. Сондықтан да ЮНЕСКО осы 2016 жылды түркі әлемінде «Қожа Ахмет Яссауи жылы» деп танығаны белгілі. Осыған орай түркі халықтарының рухани ұстазын әлемге таныту мақсатында түркітілдес елдерде және Қазақстанда бірнеше халықаралық симпозиум, конференция, конгресс және түрлі танымдық шаралар өткізілді.
Биыл Қожа Ахметтің өмірден озғанына – 850 жыл. Негізгі деректерде 1166 жылы өмірден өткен делінеді. Енді сіз осы 850 жыл бұрын өмірден озған Қожа Ахметтің денесі әлі күнге дейін шірімегенін, тіпті жаны бар «тірі» кейіпте жатқанын білесіз бе?
Білмесеңіз айталық, ҚазКСР-дің еңбек сіңірген қайраткері, бұрынғы «Қазпроектреставрацияның» басшысы Баян Тұяқбаева Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жүргізген реставрация жұмыстары жайында «Орда.кз» газетіне берген сұхбатында мынадай естелік келтіреді.
«…Тоқсаныншы жылдары кесенеге қайта жаңғырту жұмыстарын жүргiзген болатынбыз. Бабамыздың құлпытасы лақат жағына қисайып кетiп едi. Бiз қызығушылығымыз оянып, сағананы (ХІІ ғасырда жасалған сағана) ашып қарап, мүрдесiне қол тигiздiк. Денесi әлi шiрiмеген екен, жаны бар. Бұдан әрi айта алмаймын. Бiрақ сол кездегi көңiл күй ерекше болды… Есiмнен кетпейдi…» дейді.
Әрине, алдымен «өлі» және «тірі» деген сөздердің басын ашып алайық. Қожа Ахмет қабірінде тірі дегендегіміз ол бұл дүниеден өткен жоқ деген сөз емес. Алла оның да жанын алған, жаназасы шығарылған, мәйіті жер қойнына берілген. Өлмейтін пенде жоқ. Жандының бәрі де өлім дәмін татады. Тіпті, ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыз да бұл жалғаннан өткен. Бірақ дүниеден өтсе де пайғамбардың (с.ғ.с.) бізбен байланысы үзілмегенін қасиетті хадистер айғақтайды. Ол жөнінде Пайғамбарымыз былай дейді: «Менің өмірім сендер үшін игілік болып табылады. Сендер менімен, мен сендермен әңгімелесемін. Бірақ, менің өлімім де – сендер үшін игілік. Өйткені сендердің істеген істерің маған көрсетіліп тұрады. Егер амалдарың жақсы болса, мен Аллаға мақтау-мадақ айтамын. Ал амалдарың жаман болса, сендердің аттарыңнан Алладан кешірім сұраймын» десе, тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) : «Кімде-кім маған сәлем жолдаса, оның сәлеміне жауап беруім үшін Алла Тағала менің рухымды қайта қайтарады», – дейді. Бұл хадис – Расулалланың жаны мен тәні үнемі байланыста болатынына айғақ. Өйткені мұсылмандар Пайғамбарымызға сәлемін жолдауды бір сәтке болса да тоқтатпайды. Сондай-ақ пайғамбарлардың қабірлерінде Раббыларына құлшылық етіп жатқаны жөнінде риуаяттар келген. Яғни пайғамбарлар қабірінде тірі болады, намаз оқиды делінеді. Бұдан біз олардың қабірде рухымен ғана емес, денесімен де тірі болатынын аңғарамыз.
Оған қоса пайғамбарлардың денелері шірімейді. Ол жөнінде Пайғамбарымыз былай дейді: «Расында, Алла Тағала пайғамбарлардың денелерін жерге харам етті (олар шірімейді)». Пайғамбарымыз да басқа пайғамбарлар тәрізді қабірінде денесімен де рухымен де тірі. Ол қабірінде Раббысына құлшылық етуде әрі үмбетіне Алладан кешірім сұрап, оларға шапағат етуді тілеп, жолдаған сәлемдеріне жауап беру арқылы байланысын үзбеуде.
Сол секілді, шейіттер де мүлдем басқа ғажайып әлемде өмір сүреді. Олардың қабір әлеміндегі адамдардан ең басты айырмашылығы – өлілер өздерінің өлгендерін біледі, ал шейіттер бұл фәниден өткенін білмейді. Өздерін тірі деп ойлайды. Құранда Алла Тағала: «Алла жолында өлгендерге (шейіт) «өлі» демеңдер. Керісінше олар тірі. Бірақ сендер сезе алмайсыңдар», – дейді.
Пайғамбарлар секілді хақ әулиелердің де денесі шірімейді делінеді. Әулие дегеніміз – Алланың досы деген сөз. Әулиелер денесінің шірімей сол қалпы сақталғаны туралы нақты деректер аз емес. Соның бірі – жоғарыда айтқан Қожа Ахмет Яссауидің денесінің әлі күнге дейін шірімегені. Құранды көп оқыған адамның ішіне Құран түсіп кетеді де, денесі бұзылмайды деген сөз, сірә, рас болса керек.
Басқаны былай қойғанда, өзіміздің көрнекті ақын, ұлы ойшыл Мәшһүр Жүсіп Көпеев өзі өлетін жылды күніне дейін алдын ала атап, жерлейтін жерін белгілеген. Өз көрін өзі қаздырып, жер астынан бөлме әзірлеткен, үстіне мазар орнатқан. Мазар біткесін өзіне ас бергізген. Бұдан шошынғандарға ол өзі қайтыс болатын жылы елді ашаршылық жайлайтынын, сөйтіп, халықтың өзін аза тұтуға мұршасы болмайтынын айтып, түсіндіріпті. «Тәнім іріп-шірімей, ондаған жылдар бойы сақталады. Мен өлгенде көрімді ашық қойыңдар, өйткені талай жандар одан ауруына ем табады. Көрімді 21 жылдан соң жабыңдар. Сол кезде арам қолдар араласады. Ал оған дейін денеме түк болмайды. Тек 21 жылдан соң сол аяғымның башпайлары шіри бастайды, себебі, жас күнімде бір мысықты теуіп жібергенім бар еді» дейді». Әулиенің айтқаны айдай келді. 1931 жылы Мәшһүр Жүсіп қайтыс болды. Бұл кезде халық аштан қырылып жатқан. Сонда да ақынын құрметтеген ел оны өзі дайындап кеткен мазарға өз айтқанындай қойып үлгереді.
1952 жылы Кеңес өкіметінің қызыл шолақбелсенділері әулиенің басына түнейтін, сөйтіп, ауру-сырқауынан жазылып жатқан халықтың жүрегінен ақын есімін аластау үшін мазарды жермен-жексен етіп, бұзып тастайды. Сол кезде жұрт 20 жыл бойы денесі бұзылмаған, шашы да, тырнағы да түспеген әулиенің денесіне куә болып, ойшыл ақынға деген құрметі бұрынғыдан да арта түсті. Бұл таңғажайыпты зерттеудің орнына надан биліктің құлы болған қызыл шолақбелсенділер ақын денесін тездетіп қайта көміп тастайды. Көп ұзамай көрді бұзғандардың өлгендері өліп, өлмегендері жынданып кетеді.
Мәшһүр Жүсіп денесінің бүлінбеуін зерттеушілер оның ғалымдығымен де байланыстырады. Жататын жерінің топырағының құнарын, күн сәулесінің қаншалықты көлемде түсетінін алдын ала өлшеп-пішкен дейді. Сондай-ақ денесін шірітпейтін дәрілік шөптер ішкен деседі. Кім білсін?..
Маңғыстаудағы Бекет атаның да денесі шірімепті. Оғландыда-ғы жерасты мешітіне келген шырақшы ұрпақтары айына бір рет келіп, оның сақалын, тырнағын тұрақты алып күтімде ұстап, жылына бір рет Құрбан айттың алдында Арапа күні «киімін жаңартып тұрғаны» айтылады.
Атақты ақын Шәді төренің де денесінің шірімегені туралы естеліктер бар. Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданында Қызылкөл деген шағын ауылды мекен еткен Шәді төре Шаян, Қарнақ, Ташкент, Бұхарадағы Көкелташ медреселерін бітіріп, араб, парсы, шағатай тілдерін жетік біліп шығады. Қазан, Орынбор, Ташкент баспаларынан «Сияр Шариф», «Хазіреті Мұса мен Перғауын», «Төрт дәруіш» сынды талай діни өлең-дастандары, қиссалары, шежірелері басылып шыққан.
Шәді ақынның өзбек еліне қарай ауғаны, сол жақта 1933 жылы көз жұмғаны белгілі болғанмен, ақынның жатқан жері, қабірі осы уақытқа дейін белгісіз болып келген-ді. Осыдан бірер жылдар бұрын ақиық ақын, ғұлама ғалымның қабірі Өзбекстаннан табылды. Өзбектер басына тал еккен екен. Ашаршылық кезінде елде күш-қуат қайдан болсын, Шәдіні тізеден көміп кете салыпты. Арадан 25 жыл өткенде моланың бір шеті ашылып қалады. Сөйтіп, сол ауылдың қариялары бар сүйегін қайта жерлеу үшін ашқан екен. Сөйтсе, Шәдінің сақал-шашы мен тырнағы өсіп кеткен. Денесі 25 жылда бұзылмастан сары тап болып жатыр дейді.
Ясcауидің шәкірті, Түркияның ұлы шайыры Жүніс Әміре сопының да (Юнус Эмре) денесі шірімеген екен. 1948 жылы Анкара – Ескишехир темір жолы салынып жатқан жылдарда жол Жүніс Әміренің қабірі үстінен өтетін болғандықтан бұзылатын болады. Бірақ жұмысшылар қанша тырысса да мұны жүзеге асыра алмайды. Тіпті бір жолы төселген рельстердің ажырап, 8-10 метр жерге ұшып түскені байқалған.
Осыған орай жақын жердегі төбеге таңертең ерте ешкімге айтпастан, қабірін көшіреміз деп ойлайды. Таңертең қабірдің қасына барған бес кісілік кеңес 30 мыңнан астам адамның сол жерге жиналғанын көреді. Бұл адамдар қалай естігенін түсіне алмай қалады. Жүніс Әміренің қабірі мұқият түрде ашылады. 700 жыл өтсе де, денесі еш шірімеген екен. Бір қолы бетінде, бір қолы жүрегінің үстінде, дәл бір ұйықтап жатқан адам секілді. Денесі ол жерден алынып, табытқа салынып, 100 метр жердегі мазарға көшіріледі. Сол 100 метрлік жерге 3 сағатта әрең жетеді.
Қасиетті кісілердің тәнінің шірімей сақталғаны туралы ақпараттар тек исламда ғана кездеспейді.
Мәселен, 2002 жылы әлемдік ақпарат агенттіктері сенсациялық жаңалық хабарлады: Бурятияда 75 жыл бұрын өмірден өткен Хамбо-лама Даши-Доржо Итигэловтің мәйітін көрден суырып көргендер, оның әлі суымаған денесінің үстінен түскен.
1920 жылы бұл атақты лама шәкірттеріне «жақында қызылдардың храмдарды қирататынын, ламалардың көзін жоятынын, бірақ өзін ұстап үлгермейтінін» айтады. 1927 жылы 15 маусымда Итигэлов өмірден кететінін мәлімдеп, 30 жылдан кейін денесін жер астынан қазып алып қарауларын өсиеттейді.
1955 пен 1973 жылдары ламалар құпия түрде Итигэловтің мәйітін қазып көреді де, сол күйі бұзылмай жатқанына көздері жеткен соң, оны ағаш астауға тұзбен қайта көміп тастайды. Кейіннен 2002 жылы 10 қыркүйекте бас буддашының денесі тағы қазылып алынды. Оны Ресей Денсаулық министрлігінің білікті мамандары тексеріп қарап, таңғалғаннан талып түсе жаздады. Бұдан 75 жыл бұрын өлген Итигэловтің денесінен жаны тура 12 сағат бұрын шыққандай екен. Терісі жұмсақ, жылы, көзі мен құлағы, шашы, тырнағы сол күйінде, кәдімгі мызғып кеткен адамша басын тік ұстап, малдас құрып отыр. Ары-бері тексеріп қарайды, бальзамдалған түгі де жоқ. Сарапшылар мұндай күйде дене ары кетсе үш күн ғана сақталады деп ойлайды. Жоқ, күндер, айлар өтсе де ламаның денесі табиғаттың заңдылығына бағынбастан сол күйінде сақталуда. Сонымен, оқымыстылар денені зерттеуге шындап кірісіп кетеді. Тырнағы мен шашы тура тірі адамдыкіндей. Ешқандай мумияланбаған, химиялық қоспалар қосылмаған, хирургиялық маска кигізілмеген. Дененің жасушалары тірі болып шыққан. Ғибадатхана ішінде діни рәсім жүріп жатқан кезде қызуы көтеріліп, кейде тіпті кәдімгідей терлейді де. Дене сол бұзылмаған күйінде. Монахтар оны үлкен мейрамдарда сыртқа алып шығып, халыққа көрсетеді. Бірақ суретке не бейнекамераға түсіруге болмайды. Жыл сайын үстіндегі киімін төрт рет ауыстырып отырады.
Құранда Алла Тағала: «Алла жолында өлгендерге (шейіт) «өлі» демеңдер. Керісінше олар тірі. Бірақ сендер сезе алмайсыңдар» дейді. 850 жыл бұрын қасиетті Түркістанда өмірден озған Қожа Ахметтің денесі әлі күнге дейін шірімегені, тіпті жаны бар «тірі» кейіпте жатқаны да Құран сөзі шындығының бір айғағы.
Төреғали Тәшенов
Мақала Айқын сайтынан алынды
Пікір қалдыру