Қазақстан тәуелсіздігін ала салып, ең алдымен қолға алынған мәселелердің бірі шет елдердегі қазақты елге әкелу болды.
1991 жылдың басында әуелі “Қайт, қазақ Отаныңа!” деп Қазақстанның зиялы қауымы бас көтерсе, ел Президенті Н.Назарбаев “Алыстағы ағайындарға ақ тілек” атты әйгілі хатын жариялады.
Қазақ көшін жандандыру мақсатында Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы құрылды. Алғашқы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы 1992 жылғы 28 қырқүйек пен 3 қазан аралығында Алматы қаласында өтті. Осы құрылтайда сөйлеген сөзінде Н.Ә. Назарбаев: “…Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. Біз туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қоғамдастықта абыройының өсуіне адал қызмет етуге парыздармыз” – деп, «Бар қазақ - бір қазақ» деген сарындағы жалынды сөз айтты.
Айта кетер болсақ, қазақ көші-қонына негіз қалаған құжат, Қазақстан тәуелсіздігіне санаулы күндер қалғанда 1991 жылы 18 қарашада қабылданған болатын.
«Қамшы» порталы көші-қон саясаты қолға алынған соң, Атажұртқа оралған шетелдерде туған танымал қазақтарды санамалап шықты.
Халифа Алтай
Ғұлама ғалым, діни ағартушы ұстаз Халифа Алтай Ғақыпұлы 1917 жылдың 18 желтоқсанында Шығыс Түркістан аймағы Шіңгіл ауданының Жарынты өзенінің бойында дүниеге келген. Сауатын алғашында әкесі Ғақып Қаракеленұлынан, кейін ауыл молдасынан ашқан ол бүкіл өмірінің бастапқы кезеңі қуғын-сүргін, көші-қон азаптарымен өтсе, кейінгі ғұмырында діни, ағартушылық, имандылық бағытында өнімді еңбек еткен.
1933-1938 жылдары Қытайдағы қуғын-сүргінге байланысты ел-жұрты Баркөл, Гансу, Цинхай аймағына қоныс аударған. 1940 жылдардағы дүрбелең Халифа Алтайдың өміріне де тікелей байланысты. Бұл көш үш лекке бөлінген. Бірінші бөлімі – Елісхан батыр бастаған, екінші бөлімін Зуха батыр қажының баласы Солтаншәріп бастаған, Құсайын тайжы елдің бір бөлегін алып Гаскөл деген жерге кетеді. Ал, төртінші бөлімі екі жылдай сандалып, кейін Баркөл, Шонжы, Нориға қайтады. 1950 жылдың соңына қарай Солтаншәріп, Құсайын тайжы бастаған көш Гималайдың солтүстігінен Тибет заңғарынан асып, 1951 жылы Кашмир өлкесіне табан тірейді.
1952 жыл Араб, урду тілдерін білген Халифа Алтай алғашында Пәкістанның Пешавар қаласында қызмет етеді. Сонда құрылған «Шығыс түркістандық қазақ көшіп келушілері қоғамының» жауапты хатшысы болады. Ал 1953-1954 жылдары Пәкістандағы қазақтардың Түркияға көшін ұйымдастырған қайраткер ретінде танылды.
Алтай Халифа Түркияда шығармашылықпен айналысып, Шығыс Түркістаннан басталған азапты сапар туралы «Естеліктерім», «Атажұрттан Анадолыға дейін», «Алтайдан ауған ел» атты өмірбаяндық кітаптар жазды. 1977 жылы Ыстамбұлда «Қазақ түріктерінің шежіресі» атты зерттеу еңбегін шығарған. Халифа Алтайдың 1991 жылы тарихи отаны Қазақстанға біржолата көшіп келуінің өзі сол уақытты маңызы зор айшықты оқиға болған. Ол туралы Абыздың өзі: «1991 жылы желтоқсан айының ортасында Ыстамбұл көшесінде келе жатып, көпшілік радиодан «Бүгін Қазақ елі тәуелсіздік алды, жер бетінде Қазақстан деген дербес мемлекет пайда болды!» деп түрік тілінде саңқылдап жатқан дауысты естігенін айтқан. Естиді де, егіліп жылайды. Сол тұрған жерінде құбыланы тауып алып, сәждеге кетеді. Жаратқан Иеден: «Иә, Аллам, қазақ деген халыққа ақыры еркіндік келді-ау, абырой бердің-ау! Айбарлы мемлекет қыла гөр! Ғұмырлы қыла гөр!» деп дұға тілейді. «Қуаныштан ыршыған көз моншақтарым тас еденге тырс-тырс тамады. Сәжде қылған жерімде ұзақ жатып қалыппын» деп естелік айтып еді.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Халифа Алтай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен атажұртқа қоныс аударды. Халифа Алтай – Қазақ елінде үлкен беделге ие болған ірі тұлға. Дін қайраткері ретінде оның 1991 жылы аударған «Құран Кәрімнің қазақша мағынасы мен түсінігі» Фахд баспаханасында басылып, 800 мың данамен таратылды.
Халифа Алтай – әдебиет тарихында халықаралық «Алаш» сыйлығын алғаш иеленген қаламгер. Сонымен қатар оны «Түрік әлемінің ғұламасы» деп жоғары бағалаған. Ақыл-парасатымен жұртқа жаққан, халқына қадірлі, еліне шапағатшыл болған қария 2003 жылы 86 жасында Алматы қаласында өмірден өтті.
Мұстафа Өзтүрік
1954 жылы Стамбулда туған Мұстафа Өзтүрік – қазақ және түрік таэквондосының негізін қалаушылардың бірі болып саналады. Ол – 1930 жылдары аталары қиын-қыстау кезде Қытайдың Алтайына кетіп, ол жерден Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға өткен қазақ диаспорасының өкілі.
Өзтүрік 1975-80 жылдары Тайбэйдегі Халықаралық саясат университетінде оқып, журналист мамандығы бойынша диплом алады. Ресми өмірбаянына сәйкес осы елде таэквондо спортына ынтасы ауып, шығыс жекпе-жегін үйренеді де, шеберлігін 7-кыпқа (сары-жасыл белбеу) дейін жеткізеді. Ең жоғарғы шегі 10-кып (ақ белбеу) деп саналатын таэквондода 7-кып иелері ғана «сахюнним», яғни шебер аталады. Оқу бітірген соң Өзтүрік Мюнхенде әскерилер мен полицейлерге шығыс жекпе-жегінен жаттықтырушы болып жұмысқа тұрады. Кейін Германиядағы алғашқы таэквондо мектептерінің бірін ашады. 1980 жылдардың басында Стамбулда да Мұстафа Өзтүрік мектебі ашылып, түрік шәкірттері әлемдік жарыстарда жүлде ала бастайды. Түркия таэквондо құрамасын Мұстафа Өзтүрік жаттықтырған кезде 1983 жылы Копенгагенде (Дания) өткен әлем чемпионатында түркиялық Йылмаз Хелвагиоглы есімді түрік таэквондошысы алтын алады. Тағы екі түрік спортшысы күміс пен қола иеленеді.
1990 жылы көктемде Мұстафа Өзтүрік Қазақстанның билік өкілдерінің шақыртуымен тарихи атажұртына алғаш келеді.
Ал 1990 жылы күзде Өзтүрік қазақ жастарын таэквондоға баулу үшін Қазақстанға біржола орнығып, 1991 жылы Қазақстан таэквондо федерациясын құрады. 1992 жылы Қазақстан Халықаралық таэквондо федерациясының (WTA) мүшесі болады. Осы жылы Мұстафа Өзтүрік Қазақстан азаматтығын алады.
1994 жылы Мұстафа Өзтүрік Қазақстан парламентінің депутаттығына өз кандидатурасын ұсынады. Бірақ ол бұл сайлауда жеткілікті дауыс жинай алмайды. Ол өзінің бапкерлік қызметін жалғастыра береді.
1995 жылы Мұстафа Өзтүрік кенет сырқаттанып, Алматыдағы ауруханалардың бірінде ауырып, көз жұмады. Достарының айтуынша, 1995 жылғы наурыздың 11-і күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында кикбоксингтен жарыс өтіп жатады. Сол жарыс біткен соң Өзтүрік өзін жайсыз сезініп тұрғанын айтып, дәрігер шақыртады. Ал дәрігерлер оны ауруханаға алып кетеді.
Мұстафа Өзтүріктің досы Мамет Дамир: «15 наурызда оның жағдайы қиындай берді. Кешкі бес жарымда ол көз жұмды. Оның жанында болған достары: «Оны біреулер улаған» деді». 1995 жылдары елде рэкетирлік уақыт еді. Біреулерге Мұстафаның елге келіп, көтеріле бастағаны ұнамаса керек. Біздің болжамымызша, оның тамағына у қосқан сияқты» дейді.
Таэквондо шеберін емдеген медициналық мекеме мен билік органдары «Мұстафа Өзтүрік қастандықтан өлді» деген жорамалды растаған емес.
Спортшының анасы ұлының денесін Стамбулға алып кетіп, сонда жерлейді. Рәзия апаның өзі 2012 жылы мамырда Стамбулда дүние салды.
Зардыхан Қинаятұлы
Тәуелсіздік жылдары елімізге шетелден келген қандастардың ішінде әр саланың ғалымдары жетерлік. Солардың ішінде тарихшы Зардыхан Қинаятұлы, тарихшы, қытайтанушы Нәбижан Мұхаметханұлы, қытайтанушы Дүкен Мәсімханұлы, жапонияда ұзақ жыл ғылыммен айналысқан, медицина саласы бойынша докторлық қорғаған Уатқан Сәйпілұлы, дінтанушы Мұртаза Бұлұтай, тарихшы Тұрсынхан Зәкенұлы, тарихшы Жанымхан Ошанұлы, одан өзге жаратылыстық ғылымдар саласында докторлығын Еуропа, АҚШ, Қытай елдерінде қорғаған көптеген ғалымдар бар.
Айталық, белгілі саясаткер, қоғам қайраткері, тарихшы Қинаятұлы Моңғолия еліне өте сыйлы тұлғалардың бірі. Моңғолия премьер-министрінің орынбасары қызметін атқарған ол сол жылдары осы елдің жаңа Ата заңын жасаушылардың бірі болып қызмет еткен. Елге келген соң ұзақ жыл Ә.Марғұлан атындағы тарих институтында ғылыми жұмыспен айналысып келеді.
Зардыхан Қинаятұлы - (1940 жылы туған, Моңғолия, Қобда ауданы) – ғалым, тарих ғылымының докторы (1987), профессор (1991). Моңғолия мемлекеттік университетін, Мәскеу қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген. 1975 – 87 жылдары Моңғолия кәсіподағы орталық комитетінің хатшысы, 1990 – 92 жылдары Моңғолия үкіметі басшысының орынбасары және Моңғолия Парламенті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. Моңғолияның жаңа Конституциясын және сол елде жүргізілген саяси-экономикалық реформалардың құқықтық негізін жасаушылардың бірі. 1994 жылы Қазақстанға қоныс аударған. Ғылыми-зерттеу еңбектері ұлттану және ұлтаралық қатынастар мәселесіне арналған.
Арыстан қажы Шәдетұлы
Арыстан Шәдетұлы Зуқа батырдың тікелей ұрпағы болып саналады. 1936 жылы Шығыс Түркістанда туған. Содан әкесі Шәдет Зухаұлы Баркөлге көшіп барып, ол жерде тағы он жыл тұрған. 1937 жылы сәби Арыстан қоржында бірге кеткен 18 мың қазақ Қытайдан қашып, ішкі өлкедегі Шыңхай деген жерге, дүңгендердің ортасына барған. Бірақ олармен де соғысып, ақыры қазақтар Тибет арқылы Үндістан, Пәкістан асып, көп азап-қиындық көріп жүріп 1953 жылы Түркияға барды. Арыстан 1966 жылы Еуропаға барды, Германияда батыс Берлинде тұрды. 38 жыл бойы халықаралық поштада жұмыс істеп, 1995 жылы зейнетке шыққан соң атамекен - Қазақстанға қоныс аударды.
Арыстан қажы Шәдетұлы бүгінде Алматы облысы, Қарасай батыр ауданының Райымбек ауылында тұрады. Биыл жасы 80-ге шыққан ақсақалдың өз айтуынша, ол 60 жылдан астам уақыттан бері «Қаражорғаны» билеп келеді екен.
Асқар Жәкулин
Оның екі тегі де қаракөк болған. Өзінің атасы Жәкулә Күшікұлы 1885 жылы Омбыдағы фельдшерлік техникумді бітірген. Сол замандағы патша армиясының әскери дәрігері болған. 1909 жылы сол кездегі Прожевский (Қырғыз жерінде) губерниясының хатшысы деңгейімен қызметтен босап, туған жері - Ақсуатқа қайтқан. 20 жылдары Алаш қозғалысымен ниеттес, тілектес болғаны үшін қудаланып, ақыры балаларын-ауылын алып, қарулы қарсылықпен Шәуешекке өткен кісі. 1933 жылы Шәуешекте белгісіз жағдайда оққа ұшқан. Жакуланың інісі - Әбілмәжін де 1912-1917 жж. Варшава мал дәрігерлік институтын бітірген кісі. 1936 жылы алашшыл "халық жауы" ретінде атылған.
Асқардың нағашы тегі де Қу дауысты Құттыбай би, Байғара би, Ақтайлақ би болып, Абылайхан заманынан бастау алатын әйгілі тұлғалардан келеді.(Құттыбай мен Ақтайлақ 1761 және 1773 жылдары Қазақ хандығының елшісі ретінде Пекинге барып, Чин императорымен келіссөз жүргізген кісілер) Ал Асқардың әкесі Әнуар, оның ағасы Мағауия Қытайдағы үш аймақ үкіметінің белді кадрлары болған, ол жақта Іле қазақ автономиялы облысы құрыларда екеуі екі аймаққа басшы болған адамдар. Ал анасы - Бәтима Жәкулина да өз ғұмырында үлкен лауазымды қызметке жеткен жазушы, шешен тілді аса тәрбиелі, беделді адам болған.
Асқар өзі Қытайда туып-өскен, біраз жыл Германияда тұрды. Кейін Қытайға қайта келіп, Пекинде үлкен жеке меншік құрылыс компаниясын құрып, ірі ғимараттар тұрғызды. Бай болды, үйленді. Сөйте тұра сәбилі болар сәттерінде Пекинді, байлықты бәрін тастап, жары Жайнаны жетелеп, Тәуелсіз Қазақстанға - Алматыға біржолата оралды. Онымен сұхбаттас, сырлас болған азаматтар оның соншама терең білімді екенін, Еліне, ұлтына, ұлттық мемлекетіне деген сүйіспеншілігі шексіз екенін, және оның биік мәдениетті әрі жайсаң азамат екенін біледі. Ол атымтай жомарт, үлкен меценат еді, әрі керемет іскер ұйымдастырушы еді. Қазақстанға келгеннен кейін, ол "Асай" деген компания құрып, оны биік қаржылық мекемеге айналдырды. Жәкулин ұзаққа созылған науқастан 2016 жылы 2 ақпан күні Қытай астанасы Бейжіңде мәңгілік сапарға аттанды.
Ермұрат Зейіпхан
Тәуелсіздіктің елең-алаңында елге оралғандардың ішінде белгілі әнші, композитор, актер, ақын-жазушы Ермұрат Зейіпхан бар болатын. Зейіпхан - 1966 жылы дүниеге келген бірегей талант иесі, сол жақта орта мектепті, Өнер институтын бітіріп, 1991 жылы арнайы оқу бағдарламасымен Атамекенге оралған. 1993 жылы өткен республикалық «Үкілі үміт» байқауында ІІ орын иеленеді.
Оның жұлдызды сәті сол кезден басталады. Қытай мен Қазақстанның арнайы оқу бағдарламасымен келген жастардың дені кері қайтқанда, Ермұрат бастаған бірнеше талант Атамекенде қалуға ниет білдіреді. Ол осы кезде бүкіл қазақ жатқа айтатын «Көк тудың желбірегені» әнін жазады.
Ермұрат Зейіпхан – 1966 жылы Қытайдың Іле аймағы Күнес ауданында дүниеге келген. 1991 жылы күзде Алматыға келіп, Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясынан білім алады. Ол М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында, Абай атындағы Опера және балет театрында, Қорғаныс министрлігінің ансамблінде қызмет етті.
«Сыбызғы сарыны» атты прозалық жинағы, «Өзіңе арнадым», «Бұ дүние», «Үшбурыл» секілді поэзиялық жинақтары жарық көрген. Әртүрлі ән, өнер байқауларының жеңімпазы. ҚР Мәдениет қайраткері.
Ермұрат Зейіпхан – «Көк тудың желбірегенінен» бөлек 100-ге жуық әннің авторы. Оның «Күнес-ай», «Жайлауым – әнім», «Дүниеғапыл», «Адуынгер», «Екі дүниеде жалғызым», «Айтүрік-ару», «Жанар қыз» секілді әндері күллі қазаққа танымал.
Өзінің өнерімен де, болмысымен де жұртшылықты тәнті етіп, елге ерте танылған Ермұрат Зейіпханұлы 2011 жылы беймезет бақилық болды.
Алмас Ахметбекұлы
Атамекенге деген ыстық сағыныш пен бойдағы елжандылықтан туған «Көктудың желбірегені» әннің сөзін жазған ақын Алмас Ахметбекұлы.
Алмас Ахметбекұлы – 1961 жылы ҚХР, Тарбағатай аймағында дүниеге келген. 1982 Іле педагогикалық институтының Филология факультетін тәмамдаған. 1982-1992 жылдар аралығында Шәуешек қаласында шығарылатын «Тарбағатай» әдеби журналының редакторы болып қызмет атқарып, 1993 жылы тарихи Отанына оралды.
1993-1995 жылдары «Жас Алаш» газетінде тілші, 1996-2006 жылдары әл-Фараби атындағы ҚҰУ журналистика факультетінде аға-оқытушы болып қызмет атқарған.
1997 жылы ҚР Парламент Мәжілісінде баспасөз қызметкері болып жұмыс істеген.
Алмас Ахметбекұлы әдеби шығармаларының негізін Қазақстан патриотизміне арнайды. ҚР Мәдениет қайраткері.
Майра Мұхамедқызы
Майра Мұхамедқызының есімі аталса, танымайтын қазақ жоқ. Ол – қазақ ән өнерін әлемге танытқан санаулы әншілердің бірі. Опера әншісі, даусы кең диапазонды, бірегей тенор иесін Еуропа жұртшылығы Францияның әлемге әйгілі «Гранд Опера» сахнасында шырқаған әндерімен таныды.
Майра Мұхамедқызы – 1965 жылы Қытай Іле аймағы Құлжа қаласында дүниеге келген. Қазақтың әлемге танымал опера әншісі. Париждегі «Гранд Операда» Қазақстанның атынан өнер көрсеткен тұңғыш әрі әзірге жалғыз опера жұлдызы. Майра Мұхамедқызы Бейжің Ұлттар университетінің Музыка факультетін (Джоу Бен Чин сыныбы) және Бейжің Консерваториясын (Го Шу Джен сыныбы) бітірген. 1994 жылы Қазақстанға біржолата оралған. Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында (профессор Н.А. Шариповтің сыныбы) стажировкадан өткен.
Абай атындағы Опера және балет театрында әнші ретінде көптеген рөлдерді сомдаған.
Майраның театрдағы репертуарында Брусиловскийдің операсындағы Жібек, Жұбанов пен Хамидидің «Абай» операсындағы Ажар, Вердидің «Травиатасындағы» Виолетта, «Риголеттодағы» Джильда, Бизенің «Кармен» операсындағы Микаэла, Доницеттидің «Лючия ди Ламмермурдегі» Лючия, Гуноның «Фаустындағы» Маргарита, Пуччинидің «Турандот» операсындағы Лию және басқа да партиялары бар.
«Менің бағым – Қазақ елінің тәуелсіздігі. Егер Қазақстан Тәуелсіздігі болмаса, менің мұндай биікке көтерілуім неғайбыл еді. Бұл үшін бірінші Аллаға, содан кейін
Ғалым Кен Әлібек
Оның шын аты – Қанатжан Байзақұлы. АҚШ-та Кен Әлібек немесе Кеннет Әлібек деген атпен танымал болған дәрігер, ғалым, иммунология және инфекциялық аурулар маманы. Ол Құрама Штаттар өтінішімен биологиялық қаруға қарсы тұра алатындай медициналық препаратты іздестіру жөніндегі ғылыми жұмысымен шұғылданады. Сөйтіп, табысты еңбегі үшін АҚШ-тың үкіметтік марапатына ие болады.
Кен Әлібек – 2000-2006 жылдар аралығында BBC-дің шешімі бойынша ең ұлы тарихи тұлғалар тізіміне енді. Америкадағы Джордж Мейсон Университетінің профессоры, АҚШ Биологиялық қауіпсіздігі ұлттық орталығының басқарушысы болды.
Әлемдегі биологиялық соғыс пен терроризм қаупін азайтқаны үшін АҚШ конгресінің «Әлем жетістігіне ауқымды үлесі үшін» медалімен марапатталды. Міне, сол Кен Әлібек жиырма жыл АҚШ-та тұрып 2010 жылы елге қайта оралды. Алайда, мұндай шешім қабылдау оған оңай болмаған сияқты. Елбасы 2000 жылдардың басында Канатжанды елге шақырған. Назарбаев университеті ашылады дегенді естіп, Қазақстанға келуге бел байлаған. Қазір «Назарбаев университеті» АҚ президентінің кеңесшісі болып жұмыс істейді.
«Ғалымдардың сыртқа кетуінен қорқудың қажеті жоқ, кеткен адам қайтып оралатыны заңдылық. Мен Қазақстаннан кеткеніммен, өз отанымды ешқашан ұмытқан емеспін. Менің әйелім америкалық болғанымен, мен өз түп тамырымның Қазақстанда екенін жақсы білемін», – дейді ол.
Бүгінде 110 ғылыми мақала мен 11 ғылыми кітаптың авторы саналатын Қанатжан Әлібеков жайлы шытырман оқиғалы роман жазуға болар еді.
Қанат Ислам
Әлемге танымал боксшы Қанат Исламның лақап аты – «қазақ». Бейжің олимпиадасына Қытай құрамасының атынан қатысып, қола жүлдеге ие болған Қанат Ислам көп өтпей елге оралған.
Осыдан 4 жыл бұрын АҚШ-қа кәсіпқой бокс ұйымдастыратын компаниялардың бірімен келісімге келіп, алысқа аттанған боксшының жетістіктері аз емес. Қазір кәсіпқой бокстан бірнеше серия бойынша жеңімпаздар қатарында. 22 кездесу өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен оның жұлдызды шағы алда деген болжам жасайды спорт мамандары.
Қанат Ислам – 1984 жылы Қытайдың Іле–қазақ автономиялы облысы Алтай аймағында дүниеге келген. Қазақтың даңқты боксшысы, ол 29 қазанда Алматыда өткен жекпе-жегінде Аллотейді жеңгеннен соң WBC (Әлемдік бокс кеңесі) рейтингінде үздік үштікке енді. Бұл рейтинг Қанат Исламға кез келген уақытта әлем чемпионы атағын таласуына мүмкіндік береді. Жеңіске жеткен Қанат Ислам супер орта салмақта (69 кг ред) WBO (Әлемдік бокс ұйымы) тұжырымы бойынша құрлықаралық чемпион және ІBO (Халықаралық бокс ұйымы) тұжырымы бойынша халықаралық чемпион атағын алды. Ал WBA Fedelatіn нұсқасы бойынша Америка аймағы чемпионы атағын қорғап қалды.
Әуесқой боксшы ретінде Қытай Халық Республикасы Ұлттық құрама командасының құрамында Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, Чикагода өткен Әлем чемпионатының (2007) және Азия ойындарының (2006) қола жүлдегері. Қытайдың 10 дүркін чемпионы.
«Менің арманым – спортпен ақша табу емес, қазақтың атын әлемге таныту. Мен Қазақстаннан өзге елде өмір сүре алмаймын. Өзімді тек Отанымда ғана еркін сезінемін. Шетелге кеткен сайын осы байтақ даламды сағынамын», – дейді Қанат.
Мақсат Әбдіқадыр
Мақсат Әбдіқадыр 1968 жылы 15 ақпанда Қытайда өмірге келген. Шыңжаң медициналық университетінің түлегі. Атажұртқа келген соң өзі ашқан «MAKSAT MeД» медициналық орталығының директоры. Жоғары санатты дәрігер. Медицина ғылымдарының магистрі. «Қазақ медициналық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Бірнеше ғылыми-зерттеу мақалаларының, медициналық еңбектердің, соның ішінде «Қазақ медицинасы» 2015 жылы «Мерей» баспасында жарық көрген ғылыми еңбектің авторы.
Дүкен Мәсімхан
Дүкен Мәсімханұлы - 1963 жылы Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесіне қарасты Текес ауданының Шилөзек аулында туған. 1987 жылы Пекиндегі Орталық ұлттар университетін аудармашы-филолог мамандығы бойынша тамамдаған. 1987 — 1993 жылдары Үрімші қаласындағы СУАР Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының әдебиет институтында ғылыми қызметкер болып істеді. 1993 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің арнайы шақыруымен Атамекенге келген. Қытайтанушы ғалым әл-Фараби атындағы Қаз ҰУдың Шығыстану факультетінде Қиыр шығыс елдері кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарған. 2002-2009 жылдары Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Шығыстану кафедрасының меңгерушісі. 2010 жылдан аталған оқу орнындағы қытай тілі кафедрасының меңгерушісі. Филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2013ж.).
Д.Мәсімханұлына әдебиет пен ғылымдағы, аудармадағы елеулі еңбектері үшін Бүкілқытайлық жастар сыйлығы (ҚХР, 199 0ж.), ҚХР Жазушылар одағының "тың талант" сыйлығы (ҚХР, 1992 ж.) берілді. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен «Қазақстанның тәуелсіздігіне 10 жыл» және «Қазақстанның тәуелсіздігіне 20 жыл» медалдарына ие болды. 2010 жылы "ҚР Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы" грантын иеленді. 2012 жылы Қытай жазушысы Лу Шүннің «Повесть және әңгімелерінің» аудармасы үшін Халықаралық "Алаш" әдебиет сыйлығына ие болды. Қазақстан мен ҚХР елдері қарым-қатынасындағы гуманитарлық, рухани салаға сіңірген елеулі еңбегі үшін 2012 жылы Шаңхай ынтымақтастық ұйымының "Жібек жолы: гуманитарлық ынтымақтастық" сыйлығының (алтын медаль) иегері (2012 ж.). "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағының иегері (2013 ж.)
Тұрсынжан Тоқай
Тұрсынжан Тоқайұлы 1964 жылы ҚХР, Шыңжаң өлкесі, көркем Күнес ауданының Қарабура ауылында дүние келген.
Т. Тоқайұлы Қытайдағы Шыңжаң медицина университетінен (Xіnjіang Medіcal Unіversіty) Адам анатомия ғылымының ассистенті және доценті атақ-дәрежесін алады. Франциядағы Роуын университетінің (Unіversty of Rouen) Нейробиология ғылымының докторанты және постдокторанты атанады. Германиядағы Росток университетінде (Rostock Unіversіty) Неврология ғылымының бас зерттеушісі және Физиология ғылымының доценті атағын иеленеді. 2014 жылдың шілде айынан бастап Тұрсынжан Астана қаласына ат басын бұрды. Ондағы мақсат – елге, ұлтқа қызмет ету. Арнайы ұсыныспен Назарбаев университетіне шақырылып, «Өмір туралы ғылымдар орталығының» ғылыми жетекшісі болып тағайындалады.
Т. Тоқайұлы ғылым жолына 1987 жылдан бастап түседі. Ол Шыңжаң Медицина университетінің медицина факультетін тәмамдаған соң, аталған университетте академиялық лауазымға тағайындалады. Содан бастап Ол оқыту және ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналыса бастайды. Аталған университетте Aдам анатомия ғылымының ассистенті және кандидат профессоры ретінде жоғары мектепте сабақ өтумен қатар, биомедицина саласында бірнеше ғылыми-зерттеу жобаларына қатысады. 1992 жылы Шанхай ІІ-Медицина университетінің (Shanghaі ІІ-Medіcal Unіversіty) бір жарым жылдық кәсіби мамандық жетілдіру курсын тауысқан соң, Шыңжаң Медицина университетіне қайта оралып, Анатомия ғылымының доценті ретінде 1999 жылдың қазан айында дейін қызмет істейді.
1999 жылы Т. Тоқайұлы «Қытай Ұлттық Стипендиялық Кеңесі» (Chіna Natіonal Scholarshіp Councіl) атындағы грантты жеңіп алады. Сол жылдың қазан айында “шақырылған ғалым” (guest scholar) ретінде Францияға жіберіліп, Роуын қаласындағы Франция ұлттық денсаулық сақтау және медициналық ғылыми зерттеу институтының (ІNSERM) қармағындағы, клеткалық және молекулалық нейроэндокринология зертханасында қызмет атқарады. Ол Dr.Tonon жане Dr. Vaudry қатарлы әлемге аты мәшһұр ғалымдардың жетекшілігінде бір жылдық ғылыми зерттеулер істей жүріп “Бета-амилоидтың жұлдызша нерв клеткаларынан эндозепінді шығаруға болған әсері” (l’Effet de beta-amyloіde sur la productіon des endozépіnes par les astrocytes en culture) атындағы ғылыми жобамен Нормандия өлкесінің 3 жылдық зерттеу грантын жеңіп алады. Сондай-ақ осы жоба және қаржыдан пайдалана отырып, Руан университетінде докторлық (PhD) диссертациясын жалғастыру орайына ие болады.
Бұл үлкен де күрделі жобаға қатысты зерттеулері үш жарым жылға жалғасады (2001 жылдың наурыз айынан 2004 жылдың шілдесіне дейін). Қажырлы еңбек пен табанды төзім һәм зейінділіктің нәтижесінде 2004 жылдың қазан айында Тұрсынжан “Бета-амилоидтың жұлдызша нервклеткаларынан эндозепінді шығаруға болған әсері: формил 1-пептидт рецепторлардың рөлі” (l’Effet de beta-amyloіdes sur la productіon de endozépіne par les asrrocytes en culture: la rôle des peptіdes N-formylés) деген тақырыпта диссертация қорғап, ең жоғары (summa cum laude) деген бағамен Нейробиология ғылымының докторы дәрежесін алады. Дипломдық жұмыстарының соңғы айларында, сондай-ақ, 2005 жылдың аяғына дейін, доктор Т. Тоқайұлы Роуын университетінің ғылым және технология факультетінде практикалық көмекші ретінде студенттерге биология сабағын береді.
2005 жылдың аяғында доктор Т. Тоқайұлы Германияның Федералдық білім және ғылым министрлігінің (BMBF) бір қомақты жобасына қатысуға ұсыныс етіледі (бас зерттеушілердің бірі ретінде). “Д-серін дәнекеріндегі синоптикалық өткізгіштік және NMDA рецепторға тәуелді синоптикалық икемділіктің есте сақтау қызметіне, сондай-ақ нейрогиялық ауырларда кездесетін танымдық қабілетінің төмендеуіне болған әсері” (The role of D–serіne-medіated synaptіc transmіssіon and NMDA receptor-dependent synaptіc plastіcіty іn the memory functіon and cognіtіve іmpaіrment іn neurologіcal dіseases) деп аталатын бұл үлкен жоба Росток Университетіндегі Осar-Langendorff физиология институтында шамамен 3 жылға жалғасады. Сол жылдарда Тұрсынжан, тек бір жобамен ғана шектеліп қалмастан, басқа да бірнеше ғылыми-зерттеу жобаларға қатысуға және жетекшілік ету мүмкіндігіне ие болады. 2009- 2010 ж.ж Ол университеттік 2 ғылыми грантты (FORUN) жеңіп алады.
2009 жылы, доктор Тоқай өзінің елеулі ғылыми еңбектерімен және жетістіктерімен Росток университетінің тұрақты қызметкері тағайындалады. Содан бері ол Осar-Langendorff физиология институтында кандидат профессор болып оқыту жұмыстарымен айналысады. 2011 жылы Ол Германияда «ROS жане қартаю динамикасы. Митохондрияалық көп-гендік, көп-органдық зерттеу тәсілі” (Reactіve Oxygen Specіes (ROS) and the Dynamіcs of Ageіng. A Mіtochondrіal Multі-gene, Multі- organ Approach) атты тағы бір үлкен (BMBF) жобаға қатысады.
Қысқартып айтар болсақ, доктор Тұрсынжан Тоқайұлы өзіне академиялық жұмыс тәжірибелерін жинақтау үшін Азия және Еуропа елдеріндегі (Қытай, Франция және Германия) академиялық орталықтарда 27 жыл ғылыми еңбек етіп, биомедициналық оқыту және зерттеулерде үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, ғылымның алға басуына бір кісілік үлесін қосты. Ол Қытайда 4 оқулық кітап жазып-құрастыруға қатысқан. Әлемге танымал ғылыми журналдарда ағылшын тілінде 27 ғылыми мақала (Іmpact fator: 63,8; Google h-іndex 7), Қытай ұлттық журналдарында қытай, ұйғыр және қазақ тілдерінде 8 ғылыми мақала, халықаралық ғылыми конференцияларда ағылшын, Француз, неміс және қытай тілдерінде 35 мақала (абстракт формасында) жариялаған. Ол Қытай жане Еуропадағы университеттерде өзінің тілдік және кәсіптік дарындылық және ерекшелігінен пайдалана отырып, қытай, ұйғыр, қазақ, ағылшын, француз және неміс тілдерінде студенттерге және курсанттарға анатомия, физиология және неврология туралы дәрістер береді. Т. Тоқайұлы бүгінгі таңда халықаралық 2 ғылыми журналдың сарапшысы (Neuroscіence Letter жане Journal of Developmental Neurscіence), 3 ғылыми қоғамның мүшесі және 3 ғылыми сыйлықтың иегері.
Бақыт Сәрсекбаев
Бақыт Әбдірахманұлы Сәрсекбаев (29 қараша, 1981 жыл, Өзбекстан) - боксы халықаралық спорт шебері, Барыс орденінің иегері (2008), Жартылай орташа салмақ пен бірінші жартылай орташа салмақта әуесқой бокстан Олимпиада ойындарының чемпионы (2008), Азия ойындарының чемпионы (2006).
2004 жылғы Олимпиада ойындарынан кейін Өзбекстаннан атақонысына көшіп келген Бақыт Қазақстанда 69 килограмм салмақта өзіне тең келер боксшы жоқ екенін дәлелдеп берді. Бақыт Сәрсекбай Қазақстанға келмес бұрын Өзбекстанның 69 килограмм салмақтағы нөмірі бірінші боксшысы болған. Бірақ, өзбек ағайындарымыздың дәл Афины Олимпиадасы қарсаңында қазақ Бақыт Сәрсекбайдан гөрі өзбек Дильшод Махмудовқа көбірек бүйректері бұрып кеткені жөнінде баспасөз беттерінде жазылды да.
Бақыт Олимпиада ойындарын өте жоғары деңгейде өткізді. Алғашқы жекпе-жекте Канада боксшысын тас-талқан етіп ұтқан Бақытқа молдовалық боксшы да қарсы келе алмады. Ширек финалда Бақыт Сәрсекбай өзінің ежелгі қарсыласы Дильшод Махмудовты жеңді. Жартылай финалда кездескен кәріс боксшысы да Бақыттың мықтылығын мойындады. Ақтық айқаста бүкіл Куба халқының үміт артқан боксшысы Карлос Сураесті ойнап жүріп ұтты.
Бақыттың бұған дейін де талай жарыста бағы жанғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Азия құрлығында екі дүркін чемпион атанған Бақыт былтыр Чикагода өткен әлем біріншілігінде бесінші орынға табан тіреген-ді. 2006 жылы Дохада жалауы көтерілген Азия ойындарында боксшыларымыздың жеңіп алғаны жалғыз алтын медаль болса, сол жалғыз алтынның иесі де осы Бақыт Сәрсекбай болды.
Шұғыла Сапарғалиқызы
Шұғыла Сапарғалиқызы – 1971 жылы Қытай Халық Республикасы Іле қазақ автономиялы облысының орталығы Құлжа қаласында дүниеге келген. Бесінші сыныпта Бежін қаласына хореографиялық мектепке қабылданады.
Ол 1991 жылы Бейжіңде Қытай Қарулы сақшы бөлімі ән-би ансамбліне қабылданып, Корея, Италия мемлекеттері мен Гонконг аудандарында өнер көрсетеді. 1992 – 1995 жылдары Қытай Орталық Ұлттар университетінің халық биі факультетінде білім алады. 2000 жылы Қазақстан президентінің «Өнерлі қандастарымыз Қазақстанға да керек!» – дегенінен кейін елге оралып, Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының балетмейстері, «Ұлан» президенттік оркестрінің бишісі атанады.
Шұғыланың өзі болса әрдайым өнер үшін қағілездік, ізденімпаздық керек екенін айтады.
«Мен өнерді өзімнің өмірім деп білдім. Өмірімдегі түрлі қиыншылықтар менің өнерге махаббатымды босаңсыта алған жоқ, керісінше, қасқайып қарсы тұруға ұмтылдым. Қайда жүрсем де қимыл мен жарасымдылық іздеймін. Күллі дүние ритмді, ретті, музыкаға толы қозғалыстардан құралатынына имандай сенемін», – дейді.
Ол қазір өзінің жеке өнер ордасын ашып, шәкірттер тәрбиелеп жүр. Өнертанушылар Шұғыла қазақ биінің жаңа бедерін қалыптастырды деп бағалайды. Оның би әлеміндегі орны мен үлесі өлшеусіз дейтіндердің қарасы мол. Ол туралы бірнеше деректі фильм түсірілген.
Дәулеткерей Кәпұлы
Дәулеткерей Кәпұлы (09.08.1977 жылы туған, Моңғолия, Баян Өлгий аймағы Байнұр сұмыны) - айтыскер ақын. 1992 жылы Қазақстанға қоныс аударған. Кәпұлының анасы Егеухан белгілі айтыс ақыны. ҚазҰУ-ды (1999), Еуразия ұлттық университетінің магистратурасын (2002) бітірген. 2002 жылдан сол университетте оқытушы. Әр жылдары өткізілген айтыстардың бас жүлдегері. 2000 жылғы Халықаралық "Шабыт" фестивалінде жазба поэзия мүшәйрасының, 2002 жылғы "Жұлдыз" журналы жариялаған жазба ақындар мүшәйрасының бас жүлдегері. Мемлекеттік "Дарын" жастар сыйлығының лауреаты (2004).
Дәулеткерей Кәпұлы айтыс өнеріне үлкен үлес қосқан, қазақ фольклоры мен этнографиясын бес саусақтай білетін жас буын өкілі.
***
Айта кетсек, біз шетелдегі қазақтар арасынан Атажұртына келіп еңбек еткен кісілер тек осылар деуден аулақпыз. Өздері туған мемлекетте де үлкен қызметтер атқарған шенеуніктер, ірі саудалар жасаған қалталылар, айтыс пен ән өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырған өнерлі адамдар елде жетерлік. Олардың бәрін санамаласақ көп екенін сіз де біліп отырсыз құрметті оқырман!
2011 жылғы санақ бойынша, сырттан келген қандастарымыздың арасында 75 ғылым докторы бар. 213 ғылым кандидаты, 1600 шығармашылық қызметкері, 12,5 мың білім беру саласының қызметкерлері, 7 мың медицина саласы мамандары бар. Сондай-ақ 40777 жоғары білім иелері, 2509 аяқтамаған жоғары білім иелері бар. Әрі оралмандардың 93600-і орта білім иелері. Қарулы күштер қатарындақызмет атқарып жүргендері қаншама? Атажұртын аңсап, қиырда жанары мөлдіреп жүрген қазақтың Атамекенге бет алған көші тоқтамақ емес. Шеттегі қазақ еліне келіп еңбек ете бермек.
Пікір қалдыру