Осыдан 25 жыл бұрын, 18 қарашада Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешіміне сәйкес республиканың Министрлер кабинеті “Ауылдық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарының басқа республикалардан және шет елдерден Қазақ КСР-ына көшіп келуі тәртібі мен шарттары туралы” қаулы қабылдады. Қазақ көшіне жол ашқан осынау қаулы қабылданғанына 25 жыл толып, мерейлі датаға дөп келіп отырмыз. Осы орайда ең алғашқылардың бірі болып елге оралған қандасымыз Өкей Үрімханұлының естелігін оқырман назарына ұсынамыз.
Жаратқанымнан қазақ болып жаратылғаныма қуана мақтанамын. Тәубе деймін. Қазақтықпен ерекшелене білдік. 1991 жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Алыстағы ағайынға ақ тілек» деген үндеу хаты мен қайта құру басталып, ұлт болып ұю шапағаты жігерлендірді ме «сенің тұрған жерің Моңголдың жері. Болашақ ұрпағың кәпір болады, қаның қазақ болса елің, жерің Қазақстан. Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол»-деген қағида жаңа ерекше сезімге бөлеп, жігерлендіріп, ұрпағыңды қазағыңа жеткіз деген ой мен арман мазалап өлі-әруақ, тірі-туыс, үй-баспана, жұмыс-мәнсапты тастап көшуге бел будым.
Ол кезде ұлым Мақсат пен Нұқсат университетте оқиды. Зайыбым З.Мәдениет мұғалім, келінім О.Дәриягүл тоқымашы, басқа 4 балам орта мектепте оқитын-ды. Қазақстанға көшуіме туыстарым қарсы болды. Ауылыма қоштасып дәм татуға барғанымда олар сонда ғана бірақ сенді. «Өкей, сен еліңді, жеріңді қимаушы едің неге бүйттің. Көзің ашық, көкірегің ояу азаматсың. Бірдеңені сезіп біліп көшіп бара жатқан шығарсың. Дәм тартса біз де барып қалармыз»-деп көз жастарын бұлап, дәмдерін татқызып, тірідей айрылғанымыз-ай дегендей амалсыздан сапарымызға сәттілік тілеп, Алла жар болғай айтып қимастықпен қоштасып шығарып салды.
Кір жуып, кіндік қан тамған жерім, еркелетіп өсірген елім, тай-құлындай тебісіп, сырласып өскен құрбы-құрдас, дос-жаран, өлсе бір шұңқырда, тіріде бір төбеде болатын қан жаласып туысқан туыс-туған қалжыңдасып ойнап күлер балдай тәтті балдыздар, бас тырнасар бажалар, жаны ашыр, шыншыл нағашы, сыншыл қайын жұрт, тіптен етектен тартар дұшпаның да еске алынып, онымен бірге соғымға 1-2 ірі-қара мал, 10-15 қой сояр жағдай ойландырып, көлден шөлге кетіп бара жатырмын ба-деген қобалжумен күдік те болды көңілде. Сенім «Қазақ» деген сөздің құдіреті, жанұям, тәуекел мен «бір Алла жар болып, ата-баба рухы қолдай гөр»-деген ішкі сезім, жігер қуатым болды.
Тәуелсіздіктің нұрлы да қуатты шапағатының ықпалында алғашқы жылдары Моңғолия қазақтарының 40 пайызға жуығын үй мүлкін автомашинамен, адамдарын ұшақпен көшіріпәкеліп баспана мен мал беріп, мамандығымызға сай жұмысқа орналастырғанына қазақ еліне алғысымыз шексіз. Бұл ұлы көшке Моңғолия елі таңғала-тамсана таңырқады да көш ерекше болды.
Алла жар болып мемлекетіміздің мейірімімен 1991 жылы киелі мекен ақындар мен батырлар елінің Ақсеңгір ауылына көшіп келіп мекендедім. Бұл Жамбыл ауданына келген Моңғолия қазақтарының ең алғашқы көш легі еді.
Алғашқы жылдары Моңғолия қазақтарынан жалғыз үй болғандықтан:
Жаңа мекен бізге болды Ақсеңгір,
Ертіп келдім 8 бала бір кемпір.
Бір тілегім Алладан жалбарынып,
Артта қалған туыстың бәрін келтір – деп айтқаным, ауызым дуалы, сөзім киелі болып, бүгіндері Моңғолия қазақтарынан 60-қа жуық үй болса, туыстардан 17 үй (жанұя) Алматы қаласы аумағында 35 жанұя қоныстанудамыз.
Қырық жыл ұстаз болып, оның 15 жыл өтілін атамекенде атқардым. Тәуелсіздіктің 25 жылында «Заман Қазақстан», «Жетісу», «Атамекен» және «Ана-тілі» газеттерінің белсенді тілшісі болып «Шуақты жолдар» деген кітабым жарық көрді. Қонысым құтты, ұрпағым жұпты болып шаңырағым шаттыққа бөленіп, немере-шөберелер өсіп, 42 жан болыппыз. Балаларым жоғары білімді, білікті мамандар. Мәселен Нұқсат Венгрия, Мәскеуде, Әлия Кореяда, Абай Түркияда, Арай Қытайда, Ақтілеу Германия, Францияда, немерем Лаура АҚШ пен Корея елдерінде болды.
Мен келгелі біздің ауылда болған өзгерістер: ауыл маңайы малға толып, ет, ақ тағам молайып, жанұя көбейіп адам саны өсіп, орыс тілді мектеп жабылып, бала-бақша, мәдениет үйі, мектептер қазақ тілінде сөйлеп мешіт, тойхана салынып, имандылық артып, арақсыз той жасалып, көршім қазақ болып, шошқаның өзі тұр ғой иісі де жоғалды. Ата-баба салт дәстүрі өз жалғасын табуда.
Кеңес үкіметі құламай, көші-қон заңы шықпай тұрып көші-қон басталғандықтан өмірде өз орнын таба алмай жатқан іс-әрекеттер де баршылық.
Мәселен, оралмандардың басқа елде жұмыстаған еңбек өтілі мен дипломы қуатсыз болып, қоныстануын арнайы өңірге бнлгілеп беру жайттар көші-қонға кері әсерін тигізері хақ. Ал, қазақ тілін үйрен деп қаржы жұмсап, жалбарыну орынсыз-ақ. Қазақ тілге наразылар бізден үлгі алып өз отанына жүре берсін. Ұлым ұяға, қызым қияға қонып ел қатарлы өмір сүріп, шат-шадыман тіршілік етіп, тәуелсіздіктің бір кірпіші болып қаландық. Бұған тәубе деп Аллаға да қазақ еліме де ризамын.
Тәуелсіздіктің 25 жылында оралмандардың үлесі айтарлықтай. Қазақ саны көбейіп, қазақ тілі мәртебесін алса ғана мәңгілік ел болып баба аманатымен әженің ақ үміті ақталар еді.
Жүрер жолымыз Алланың әмірімен құранда айқын көрсетіліп, жаратушыға сыйынып, ата-анасын сыйлап, жақсылық жасауға міндеттіміз. Тәуелсіздік жылдары ойға да келмейтін толағай табыстарға жеттік. Бөлінсек Аллаға да адамға да жақпайтынымызды ескеріп, жақсылыққа шүкір, қиыншылыққа сабыр етіп, тағдырға риза болып, бірлік береке де жырғаулы өмір сүрейік, ағайын!
Пікір қалдыру