Еркіннен қалған естелік: «Әсет, Біржан әлі тірі жүр екен де»

/uploads/thumbnail/20170709180739600_small.jpg

Әйгілі айтыс ақыны Еркін Ілияұлы 2000 жылы шілде айында Монғолияның Баян-Өлгий аймағында өнер сапарында болды. Адуынды ақын неше мәрте айтыс өткізіп, Монғолиядан қайтарында қаумалаған халықтың ұсынысымен Өлгейдегі қазақтарға былай деп қоштасу өлеңін арнаған екен:

Өмір ғой тарихты шимайлаған,

Өмірде күнде ойланам, түнде ойланам.

Емес пе, қиял өлең, қиял дастан,

Кеудемде өлең жөңкіп, күй алмасқан.

Қойыныңнан Баян-Өлгий аттанарда,

Халқыңды кетіп барам қия алмастан.

Сендерге сезімді өлең қалдырмасам,

Еліме қайтып барам ұялмастан.

Келгенше қиял құсым ала қызған.

Самғадым мына құздан, ана құздан.

Арманды жасап алу оңай емес,

Болмаса балада ерлік, әкеде ұждан.

Сіздерге есігіміз айқара ашық,

Кетпесін барыс-келіс арамыздан.

Өмірге жырдан басқа неміз қалад(ы),

Баулары үзеңгімнің сегіз қабат.

Аруақтар қабырынан бір аунасын,

Қартайған осы өлкеде негіз қалап.

Сіздерді сағынғанда ағайындар,

Көк бұйра көздерімнен селім ағад(ы).

Бар менің жүрегімде нәзік арман,

Мен деген тарихта жазылар жан.

Кейінгі болашақтың ұрпақтарын,

Сақтасын көзі қыли қазылардан.

Жыр жазайын ағайын, жыр жазайын,

Мен неге жыр жолында тұралайын.

Әлімді талғамымды біл ағайын,

Мен сенен ат пен түйе сұрамаймын.

Береке қалған мирас атадан жол,

Достығым босамайтын босағам бол.

Тағы да тірі жүрсем келіп тұрам,

Қош аман бол, ағайын қош аман бол!

Сымбатың қызықтырды қызғын дала,

Жау қырған осы ортада біздің баба.

Көп емес өлеңімнен ұрпағыңа,

Тастасам кітап жазып жүз мың дана.

Өмірге келу-кету еріктілік,

Өшпейтін қалуы шарт іздің ғана.

Қыспаққа талай-талай төзіп келем,

Туған ел жырдан басқа не жүктеп ең.

Мен сенің құшағыңда өлең айтып,

Мықтыны талай-талай көріп келем.

Атамның ортақ ұстар еншісі еді,

Өлеңді байғазы етіп бөліп берем.

Адамның табылар ма сыйы мұндай,

Ақынның келіп тұрмас күйі мұндай.

Қуа тірлік қиыныңды-ай, қиыныңды ай.

Кезікті торқалы той жиыныңда-ай.

Өмір өтіп барады өмір өтіп,

Қитұрқы қу даланың құйынындай.

Мен де өлең айтып келем арманым әнім,

Қапысын тауып айтып қарманамын.

Қалғанша қасық қаным қарманармын,

Құшақтап жас қабірдің жар қабағын.

Ішінде жатып сонда тар моланың,

Естір ме ем, тірі ақынның зарлағанын.

Кетейін өлең егіп, өлең егіп,

Қойнына мынау байтақ кең даланың.

Жастығым өтіп кеткен қайта оралсын,

Сарғаймас өлеңімді айта қалсын,

Бәріне қонақтардың айттым сәлем,

Жеріне менен сәлем айта барсын.

Гүлі екен де, Алтайдың гүлі екен де,

Еркіндік өлең айтып жүр екен де.

Ағайын қош аман бол басымды ием,

Әсет, Біржан әлі тірі жүр екен де.

 

Дайындаған: Ерлан Төлеубайұлы

Қатысты Мақалалар