WBA/IBO/IBF/WBC бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин (36-0, 33 КО) мен Дэниел Джейкобс (32-1, 29 КО) кездесуі жөніндегі келіссөздер аяқсыз қалды, деп хабарлайды sports.kz.
BoxingScene WBA президенті Жилберто Мендосқа сілтеме жасап хабарлауынша, промоутерлер берілген мерзімде кездесу туралы келісім жасамады. Ресми түрде тараптардың бірнеше сағат уақыты бар, алайда Головкин - Джейкобс жекпе-жегінің тағдыры 19 желтоқсанда Панама астанасындағы WBA штаб-пәтерінде өтетін промоутерлік саудада шешіледі деп толық сеніммен айтуға болады.
Бұған жайтқа пікір білдірген Дэн Эмброуз: «Головкин орта салмақтағы барлық титулды иемденгісі келеді. Бұл- оның мақсаты. Ол мұның қаншалықты қиын екенін түсінген шығар. Бұл басқа спорттағыдай алдын-ала шешіліп қойылатын жарыс емес, бокста басқа промоутерлермен келісім жүргізіледі. Бокста кейбір жекпе-жектер кейінге қалдырылуы мүмкін немесе мүлдем болмай қалуы мүмкін».
Головкин мен Джейкобс кездесуі 18 наурыз күні Мэдисон Сквер Гарденде (Нью-Йорк) өтуі мүмкін, орта салмақтағы ең атышулы айқасты HBO телеарнасы көрсетеді.
Егер саудаласуда Джейкобс промоутерлері жеңсе, кездесу уақытын немесе өтетін орнын өзгертуге, тіпті мүлдем болдырмай тастау құқығына ие болады. Бар мәселе Головкиннің келісімшарт бойынша, HBO-ның басты қарсыласы Showtime телеарнасына шыға алмайтыны болып тұр.