Кеше, елімізге атақты кинорежиссер Ермек Тұрсыновтың «Мелочи жизни» атты кітабының тұсаукесері Ұлттық кітапхананада өтті. Кітаптың бірнеше басылымын режиссер Ұлттық кітапхана қызметкерлеріне сыйға тартып, үлкен алғысын білдірді. Тілші мамандығын бітірген режиссер өзінің жазушылық қызметін мектеп қабырғасында жүріп бастаған екен.
«Мектепте оқып жүргенімде бұзықтау бала едім, білім көрсеткішім де тым жоғары емес еді. Қазақ тілінде болсын, орыс тілінде болсын жазған шығармаларыма ешқашан жоғары баға алған емеспін, бәлкім, балалық шақтың қызығымен мән беріп қарамаған болармын. Анам әдебиет пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Ол кісі жазушылықпен айналысқанды жақсы көретін, содан мен де анамның ықпалынан жазушылыққа бет бұра бастадым», - деп, режиссер өзінің жазушылыққа, тілші қызметіне қалай келгенін баяндап берді.
«Мен тілші боламын деп ойлаған жоқпын. Біздің ауылда Концлагерде отырып шыққан бір кісі болатын, ол үш рет қашып үш рет ұсталған, содан оны ату жазасына кескеннен соң төртінші рет қашып шығып, сол бойы ұстатпай кеткен. Сол адам жайлы өзімнің тырнақ алды мақаламды жаздым. Кейіннен ол мақалам жұрттың назарына ілігіп, «Лениндік» газет беттерінде жарық көрді. Оқушы кезімде шығармадан оң баға алып көрмеген мен үшін бұл жағдай үлкен жаңалық болды. Киоскілерде сатылып жатқан газет басылымының бірнеше данасын сатып алдым да мектептегі мұғалімдеріме мақтанышпен көрсеттім. Бұл мақаламнан кейін де бірнеше тақырыпта жазып шығарған болатынмын. Содан бір күні Қаскелеңнің баспа ісінің директоры хабарласып «Келіңіз де гонорарыңызды алып кетіңіз» деді, біраз уақыт аң-таң болып тұрып қалдым. Бардым, ақшамды алдым, бірақ сол кездегі сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мектепті бітірген соң ҚазҰУ-дың журналистика мамандығына тапсырып бірінші жылы құлап қалдым да, екінші жылы оқуға қабылдандым. Солай солай өзімнің тілші ретіндегі керьерамды бастадым».
«Жазушылыққа бет бұрғанша мен футбол командаларының бірінде ойыншы да болғанмын. Ол кездері футболға деген қызығушылығым ерекше еді, өзімді, тіпті, болашақта футболист ретінде елестететінмін», - деп Ермек Тұрсынов өзінің басқа да қабілеттерін айтып өтті.
Өткен өмірінен біраз деректер бере отырып, кітап жазуға қалай келгендігіне де тоқталды.
«Ең алғаш шағын-шағын әңгімелерімді интернет желісіндегі сайттардың бірінде жариялап жүрдім. Сол сайттың өзінде біраз оқырман жиналып қалды. Бір күндері өзімнің қасымда бірге жүрген досым осы жазбаларымның басын қосып бір кітап қылып шығарайық деп ой тастады. Ұзақ ойланғаным жоқ, неге шығармасқа дедім. Содан жазбаларымның барлығын жинап, тағы да біраз қосып, артық жерлерін алып, өңдеп, бүгін, міне, сол туындымның тұсаукесерін өткізіп жатырмыз».
Сонымен қатар, режиссер Ермек Тұрсынов алдағы жоспарларынан да хабардар етті.
«Жазушылыққа бет бұрғанмен, бұл кинодан алшақтап кеттім деген сөз емес. Қазіргі таңда «Киномеханик» деген жаңа киноның түсірілімін бастайын деп жатырмын, жас шамасы біразға келіп қалған қарияларға кастинг жариялап, киномның кейіпкерін іздеу үстіндемін. Алдымен түсірілім Будапешт қаласында өтеді, кейіннен елімізге келіп жалғастырамыз. Киномның мазмұны әзірге құпия болсын, жарыққа шыққаннан кейін сіздермен тағы да бір бас қосамыз деген үміттемін».
Қамшы порталы Ермек Тұрсынов мырзаға алдағы уақыттарда қаламы құрғамасын деп сәттілік тілейді. Отандық сапалы туындылардың көбейгеніне біз әрдайым қуаныштымыз.
Қамшыгер: Лабихан Назерке