Шымкенттегі кілем тоқитын кәсіпорын өндіріс қуаттылығын келесі жылы 10 миллион шаршы метрге дейін ұлғайтпақ деп хабарлайды 24.kz
2013 жылы «Индустрияландыру картасы» бағдарламасы аясында іске қосылған фабрика бүгінде еліміздегі ең ірі өндіріс орындарының сапына көтерілді. Кәсіпорын кілем тоқумен қатар полипропилен жіптерін иірумен де айналысады. «Қазақстанда жасалған» деген белгімен шығатын өнімнің бүгінде 30 пайызы ТМД елдерімен қатар Еуропаға экспортталады. Зауыттағылар 2017 жылы бұл көрсеткішті 70 пайызға дейін көтеруді көздеп отыр. Осылайша текстиль саласын дамытпақ. Индустрияландыру күні аз ғана уақыттың ішінде оңтүстіктің брендіне айналып үлгерген кілем зауытындағы үздіктер марапаттады.
Бауыржан Ергешбайұлы, кәсіпорын қызметкері: - Өңдеу өнеркәсібінің дамуы елдің экономикасының жарқын көрінісінің көрсеткіші болып табылады. Біздің кәсіпорынның іске қосылуы елімізде жүргізіліп жатқан индустрияландыру бағыты аясында жастар өздерінің кәсіби біліктілігін арттырып, жақсы жұмыс атқарып жүр.
Дастан Қаржауұлы, кәсіпорын қызметкері: - Жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша мемлекеттік грантты жеңіп алып, сол бойынша жоғары оқу орнын бітірген азматпын. Өзімнің жеңіл өнеркәсіпті дамытамын деген мақсатым болды. Соның арқасында осы зауытқа келіп, өтініш білдіріп, жұмысқа орналастым. Бізде жұмыс ауқымы көп. Алдағы уақытта жаңа станоктар келеді деп жатыр. Жаңадан цехтар қосылады деп жатыр. Біз алдағы уақытта дамитынымызға сенеміз.