Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 25 жыл толды. Осы уақыт аралығында еліміз қандай жетістіктерге жетіп, қандай тұстары кемшін қалды? Осы және өзге де сұрақтарға саясаткер Әміржан Қосанов жауап берді.
- Әміржан аға, саясаткер ретінде айтыңызшы Қазақстан 25 жылда қандай жетістіктерге жетті?
- «Жетістік мүлдем жоқ» деп, ауызды қу шөппен сүрте беруге болмас. Кез келген елдің өзінің экономикалық, әлеуметтік ресурсы мен әлеуеті болады. Сондықтан қандай билік басқарып отырғанына қарамастан, жұрт еңбек етеді, ел байлығын еселейді, нәтижесінде қоғам алға жылжиды. Бізде де солай: әр салада белгілі бір дәрежеде алға жылжушылық болды. Экономикада нарықтық заңдар орнады. Соның арқасында кешегі жоспарлы-директивалық халық шаруашылығы жаңа жағдайға бейімделді. Әлеуметтік салада да біршама жаңалықтар болып жатыр. Шекарамыз да реттеліп қалды. Әлемдік аренада өз сөзімізді сөйлей бастадық. Бірақ «Тәуелсіздік берген тарихи мүмкіндікті толық көлемде пайдалана алдық» деп айта алмаймыз! Оның басты себебі – елде орныққан құбыжық билік жүйесі. Егер де шын мәнінде халықтық, әділетті өкімет болғанда, қоғам өміріндегі жетістіктеріміз одан да қомақты, сан және сапа жағынан басқаша болар еді. Ол – өз алдына бөлек бір әңгіме.
- Өзіңіз айтып өткен жағдайлары ескермегенде Қазақстан аяғынан нық тұрып кете алды ғой
- Әрине, құлап жатқан мемлекет емеспіз. Төрт құбыламыз түгел. Бірақ ішкі және сыртқы қауіптер де жоқ емес.
- Тарқатып айтсаңыз...
- Ішкі қауіпке мен ағымдағы биліктің елден, қарапайым халықтан алшақтап кеткенін жатқызар едім. Жыл өткен сайын шешімін таппай жатқан проблемалар көбейіп, қордаланып барады. Экономиканың олигархтануы, жаппай жемқорлық, шенділердің тым шектен шығуы – осының бәрі жұрттың заңды наразылығын туғызуда. Ол – өз алдына бір қауіп. Сыртқы қауіптер де жоқ емес. Ең бастысы – біздің билік жаһандану (глобализация) процесіне дұрыс баға мен реакция бере алмай жатыр. Мемлекетаралық, аймақтық бәсеке қыза түсуде. Сондықтан жаһандануды зиян тенденция деп емес, мемлекетімізге, әрқайсымызға беріліп отырған орасан зор мүмкіндік деп қабылдауымыз керек. Ол үшін ең алдымен өркениетті, демократиялық, билік тармақтары өзара тепе-теңдікке ие, ішкі және сыртқы бәсекеге бейім саяси жүйе орнатуымыз керек!
- 70 жыл Ресейдің отарында жүрген қазақ халқының тәуелсіздік жылдары ой, санасы, саяси сауаттылығы өсті ме?
- Әрине, өсті! Ол – тарихи логикасы бар процесс. Осыдан 25 жыл бұрын айтыла қоймайтын жайттар ашық айтылуда. Ол да – жетістік! Әсіресе, өскелең ұрпаққа таптырмайтын сабақ әрі рухани қазына! Ақпараттық мүмкіндіктер, ғаламтор, заманауи коммуникация технологиялардың да мүмкіншіліктері мол. Сондықтан саяси сана өсе түседі.
- 70 жыл бойы халықтың ұлттық мүддесі басып, жаншылып келді. Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық мүдде қаншалықты ескерілді?
- Ұлттық мүдде мүлдем ескерілмей жатыр деп айту дұрыс болмас. Билік өкілдерінің аузынан ұлттық мақсаттағы әдемі ұрандар мен тұжырымдар шығып жатыр. Ол өзі – оң әрі баршамыз құптарлық жайт. Бірақ, сол сөздер неге тек қазақ аудиториясына арналады? Неге қазақ ұлтының түпкілікті мүддесі туралы орысша оқитындарға, керек болса, шетел қауымдастығына ашық әрі өркениетті түрде, басқа ұлттардың құқын жоққа шығармай, халықаралық стандарттар тұрғысында айтпаймыз?! Гәп сонда! Және де сол айтылып жүрген әдемі сөздер, өкінішке орай, іске ұласпай жатады. Мәселен, маған Еуразиялық одаққа кірген Қазақстанның ұлттық, отандық бизнесті қалайша дамыта алатыны түсініксіздеу. Және де сол одақтың ішінде жүріп, біз басқа елдердің, соның ішінде өзімізден экономикалық әлеуеті жағынан он есе үлкен Ресейдің ықпалының астында қалып қоймаймыз ба деген сауал да мені көп мазалайды.
- 25 жылда еліміздің рухани, мәдени және саяси тұрғыда өсуіне қандай оқиға немесе өзгеріс себеп болды деп ойлайсыз?
- Ондай үш оқиға бар. 1995 жылы жаңа Конституцияның қабылдануы. Осы Ата заңымыз елімізде үстемдік етіп келе жатқан саяси жүйенің негізін қалады.2009 жылы Еуразиялық Одаққа кіруіміз. Бұл қадам ел экономикасының дамуын ғана емес, Қазақстанның халықаралық аренадағы дербестігіне теріс әсерін тигізіп жатыр.Үшінші оқиға – 2011 жылғы Жаңаөзен қырғыны.
- Өзіңіз 1990 жылдары Үкіметте жоғары лауазымды иелендіңіз. Сол уақытта мемлекет алдына қандай мақсаттарды көздеді және оған жете алды ма?
- Ол кез бен қазіргі кезді салыстыруға болмас. Бүгінде жыл сайын бір миллиард доллар бюджет қаржысы игерілмей жатса, біздің кезімізде республикалық бюджет екі миллиард доллардың о жақ, бұ жағында болатын! Ақшаның тапшылығы сондай, үкіметте істеген бізге жалақымызды кешіктіріп берген кездер де болды. Сондықтан сол кезде алға қойған мақсаттар да стратегиялық және тактикалық жағынан басқаша еді. Оның бәрі жүзеге асты деп айта алмаймын. Мәселен, жекешелендіру процесі тым асығыстау болды деп санаймын. Оның ішінде мұнай, газ және басқа да қазба байлықтарға қатысты өнеркәсіп орындарын жекешелендіруде мемлекеттің ықпалын сақтап қалу керек еді. Ауыл шаруашылығындағы реформаларды да ұжымдық шаруашылықтарды мейлінше сақтап қалдыру негізінде жүргізу керек болатын. Бірақ бір нәрсе айқын: 90-шы жылдардың ортасындағы үкіметтің шамасы мен қаржылық мүмкіншіліктері тым шектеулі әрі санаулы болды. Бәлкім, сондықтан да қазіргі тұрғыдан қарағанда оның кейбір қадамдары түсініксіздеу болатын шығар.
- 25 жылда қандай ішкі мәселелер тасада қалды немесе кенжелеп дамып келеді? Неге? Саясаткер ретінде оларды қалай және қандай уақыт аралығында шеше аламыз деп ойлайсыз?
- Меніңше, 25 жылдық тарихымызда ең басты үш кемшілік болды.
Біріншіден, нарықтық экономиканың барлық қызығын шағын және орта бизнес емес, олигархтар көрді! Әлі де көріп жатыр! Сол олигархтық жүйе саяси өмірге өз ықпалын әлі де тигізіп келеді.
Екіншіден, әлеуметтік саясат та кенжелеп қалды. Бір ғана мысал: кеше ғана Еуропаның ең артта қалған елі – Грекия өз зейнеткерлерінің жағдайы мүшкіл деп танып, оларға қосымша көмек беру туралы шешім қабылдады. Ал ондағы зейнетақы мөлшері... 850 еуро екен! Өзін «дамыған ел» деп санап жатқан біздің елде зейнеткерлер осындай зейнетақы неге ала алмайды?!
Үшіншіден, бізде саяси жүйе, билік тармақтарының өзара тепе-теңдігі мүлдем кенжелеп қалған! Сол себепті ол билікке «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ! Осы құбыжық жүйе мемлекет дамуының ең басты кедергісі болып отыр.
«Не істеу керек?» дейсіз бе? Қысқа жауабым бар: осы үш кемшіліктен тез арада арылуымыз керек!
- Қазақстанда Тәуелсіздік мерекесі тиісті деңгейде аталып жүр ме?
- Бұл өзі күнтізбелік тұрғыдан ғана емес, тарихи әділеттік әрі моральдық тұрғыдан алғанда қиын сұрақ! Осыдан тура 30 жыл бұрын - 1986 жылы 16 желтоқсанда Қонаев орнынан алынып, Мәскеу қазақтың басшысы ғып, ешкімге белгісіз Колбинді әкеліп, таққа отырғызған күн. Ол шешіммен келіспеген қазақ жастары 17-18 желтоқсан күндері алаңға шығып, ұлттық республикаларды басып-жаншып, ұлттық санасы ұйықтап жатқан КСРО-ны дүр сілкіндірген күн. Қаншама қан мен жас төгілді, қаншама өмір мен тағдыр қиылды! Осы күндер - Желтоқсан құрбандарын еске алатын күн. Сонымен бірге, 16- желтоқсан ресми тұрде Қазақстанның ең үлкен мерекесі - Тәуелсіздік күні, Тәуелсіздіктен асқан не бар?! Өз басым ағымдағы өкіметті, саяси жүйені қанша сынасақ та, Тәуелсіздік, Бостандық, Азаттық, Ел және ортақ Мемлекет деген киелі ұғымдардың алдында тік тұруымыз қажет, оның рәміздерін, соның ішінде мемлекеттік даталарды сыйлауымыз керек деп ойлаймын. Сондықтан да мереке де құтты болсын! Санамыз бен баламыз да тәуелсіз болсын!
16 желтоқсанның тағы бір қаралы реңкі бар; осыдан тура 5 жыл бұрын Жаңаөзенде қанды қырғын болды, тапа-тал түсте бейбіт адамдар қырылды! Олардың әруағы әлі де бізге риза емес! Бұдан бұрын айтқан ойымды тағы да қайталаймын. Желтоқсанның осы екі күні қазақты қиын жағдайға тап қылып отыр: әрі қаралы күн, әрі мейрам. Мешітке барып, құрбандарға Құран бағыштаймыз ба, әлде Тәуелсіздік тойын тойлаймыз ба? Сондықтан Тәуелсіздік мерекесін кезінде бұрынғы Республика күні - 25-қазанға ауыстыру керек деген едім. Сол дұрыс сияқты.
Бүгін билікке саяси, тарихи және моральдық тазару - катарсис керек! Оны Желтоқсан мен Жаңаөзеннен бастау қажет! Тойлап, масайрап жүріп катарсис жасалмайды! Және де осы мерейтой алдында 25 жылдық тарихмыз туралы айтып жатқан әңгімеде даңғаза мен тойшылдық басым. Өткен жолға байыпты, объективті әрі сыни көзқарас аз. Ол да дұрыс емес.
- 25 жылда Қазақсан сыртқы және ішкі саясатын дұрыс жүргізе алды ма?
- Кез келген мемлекеттің Тәуелсіздік алуы мен одан кейін дамуы даңғыл жол емес, ол шын мәнінде «тар жол, тайғақ кешу» жолы. Өйткені, өте-мөте маңызды, оң не кері әсері көп жылдардан кейін ғана сезілетін шешімдер қабылданады, ол жолда қателіктер де болып жатады. Сондықтан да біздің ширек ғасырлық жолымыздың өз «бәрекелділері» мен өз «әттегена-айлары» бар. Біразын жоғарыда атадым емес пе? Ең бастысы – Тәуелсіздік тағылымдарын дұрыс қабылдап, тиісті қорытынды шығара білуіміз керек!
- Қазақстанды енді 25 жылдан кейін қалай көресіз? Елдің саяси өмірінде қандай өзгерістер орын алуы мүмкін?
- Билікке қаншалықты сыншыл болсам, мен қазақ елінің болашағына келгенде - асқан оптимистпін! Яғни, қазақ секілді аса білімді, талантты, еңбекқор және әлемдегі жаңалықтарды бойына сіңіргіш ұлттың келешегі жарқын деп санаймын. «Көш жүре түзеледі». Заман да, қоғам да өзгеретініне мен кәміл сенемін! Сондықтан да болашақта біз өркениетті, экономикасы мықты дамыған, әлеуметтік саясаты мейлінше әділетті қоғамда өмір сүретінімізге сенемін! Және де ондай ахуал 25 жылдан кейін емес, одан анағұрлым ерте орнайтынын мен білемін!
Сұхбаттасқан: Әсем Әлмұханбет