Қайдасыңдар, «Алаштың» Арыстары?!!

/uploads/thumbnail/20170709190347149_small.jpg

Қайран елдің мөлтілдеп жас көзінде,

Сына түскен сын сәтте тас төзімге,

Бір топ ұлан "Алаш!" деп суырылды

Жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде.

 

Ғаламат күш тереңде тұнып келді,

Сай тасындай кілең ер іріктелді.

Абылайдың ақ туын арқаланып,

Тұңғыш "Алаш ордаға" біріккен-ді.

 

Бірдеңені сезгендей дала тынған,

Көз шалады бүркіттің қанатын қан...

Жарқылдады Алтайдан найзағайлар

Ер Түріктің тегінен жаратылған.

 

Аз уақытқа халқымның бағы жанды-ай,

Болашақтың атады таңы қандай?..

Ұл шыққын-ды: Әлихан, Ахметтей,

Міржақып пен Мұстафа, Мағжандай…

 

Бар қазақтан Арыстар – алдасыңдар,

Бәріңнің де бүгіннен жалғасың бар.

Бақытжан мен Райымжан, Тұрағұлдар,

Халел, Жаһанша, Қошкелер, қайдасыңдар?

 

Көктесіңдер, білемін Айдасыңдар,

Қазағымның төріне жайғасыңдар.

Мұхаметжан, Мағжан, Шәкәрімдер,

Алаштың арда ұлдары қайдасыңдар?

 

Уақыт жылжып, өткен күн алыстады,

Отқа өртенді Арыстар намыстары.

Сендерді іздеп, бұл қазақ алаңдауда,

Қайдасыңдар, Алаштың Арыстары?

  

Бұл қазақтың жайлауы, күздеуменен

Түгі қалмай жоғалған сіздерменен.

Тәуелсіздік алғалы жиырма жылда

Қазағым жүр Бақытын іздеуменен.

 

Алаяқтар жортып жүр бездеңдеген,

Үндемейтін қауіпті сезгенменен...

Өтсе дағы бір ғасыр содан бері

Қазақ әлі сол кезден өзгермеген

 

Кенеуі жоқ тұратын қыл-құрттардан,

Кілең қызыл Мәскеуден бұйрықты алған,

Атып-асып Алаштың көзін құртқан

Кілең тексіз құл-құтан билікті алған.

 

Шындықты айтсам жүректен шықты зарым,

Кещелерге мен қалай ұқтырамын?..

Сол құлдардың төртінші ұрпағы ма,

Биліктегі бүгінгі «мықтыларың»?..

 

Әулекілер төрімде тайраңдаған

Шүлдірлеген тіліне қайран қалам!..

«Құл жиылып, бас болмас...» деген сөзді

Бостан-босқа айтпаған қайран Бабам!

 

Бір, бір нары қазақтың – шет күндерде,

Шыңдарына Алтайдың шөктіңдер ме?

Күннен туған кілең ер отқа оранып,

Күнге сапар шынымен шектіңдер ме?

 

Құм болғанын көргенде кектің демде,

Көлдей-көлдей көз жасын төктіңдер де,

Әділеттік таба алмай алты Алаштан

Көкбөріге айналып кеттіңдер ме?...

 

Туған ұлттың жүргенде қозғап қалін,

Қия жолдан сан рет озды аттарың.

Ел болғанын көре алмай бұл Қазақтың

Кеттіңдер ме, арманда боздақтарым!?

  

Қояр емес отпенен ойнағандар,

Обып жатыр, жеп жатыр... тоймағандар.

Сенесің бе, саусақпен санарлықтай

Қазақ қамын бүгінде ойлағандар...

 

Қажет емес ақылгөй, ақын елге,

Жарымаған ұлт болдық: Батыр, Ерге!

Келіп алып Билікке тексіз құлдар

Әңгір таяқ ойнатып жатыр елге.

 

Сол баяғы өңшең құл асап жатыр,

Бірін-бірі ұруға тас ап жатыр...

Дінсіз, тілсіз құл-құтан елді тонап,

Ойларына келгенін жасап жатыр...

 

Талтаң қағып қазағын танымаған

Биліктегі төренің бәрі надан.

Құл-құтандар – шетінен жағымпаздар

Және жемқор уызға жарымаған.

 

Жағымпаздар – ерекше еленгендер,

Билік тұтас тұрады кереңдерден.

Ұры-қары жайлаған қазақ ішін

Келімсектер – құрметке бөленгендер.

 

Сіздер барда жағдайым ертегі еді,

Өкініштен бүгін іш өртенеді.

Осылардан ұлтымды құтқаратын

Қайдасыңдар, Алаштың Серкелері?..

  

Сіздер еді-ау ұлтымның нағыздары,

Қайдасыңдар, Алаштың Абыздары?

Құл-құтандар қазақты қорлап бітті-ау,

Шайнаңдаған ауызда сағыздары...

  

Сендер еңдер – Қазақтың Намыстары,

Сендер еңдер – ұлтымның нар ұстары!

Құтқаратын Қазақты тексіздерден

Қайдасыңдар, Алаштың Арыстары?..

 

Сол бір күндер ертегі алыстады,

Құл-құтанның билеген ауыштары.

Құтқаратын Қазақты кірмелерден

Қайдасыңдар, Алаштың Арыстары?

 

Жұмаш КӨКБӨРІ, ақын.

Қатысты Мақалалар