"Бөрісырғақ" оқырманға жол тартты

/uploads/thumbnail/20170708153351174_small.jpg
Жақында "Жаңа заман әдебиеті" сериясымен Алматыдағы "Хан тәңірі" баспасынан ақын Дәулеткерей Кәпұлының "Бөрісырғақ" жыр жинағы жарық көрді.  Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің арнайы тапсырысымен  оқырманға жол тартқан кітапқа ақынның өлеңдері мен айтыстары енген. Назарларыңызға аталмыш кітаптың "Дауылпаз Дәулеткерей" деп аталатын алғы сөзін және  ақынның "Тобылғы торы тіршілігім" атты өлеңіне жазылған Зағипа Иманғазықызының термесін ұсынып отырмыз.  72c06705b22b58b2976940b5328c462b Дәл қазір жасын жырымен әдебиет көгінде жарқылдап жүрген Дәулеткерейдің ақындық болмысын ұлтына танытатын екі мәтін бар: бірі – өз қаламынан туған «Бүлдірген ағып түскенше...» жинағына енген туындыларының көркемдік әлемі болса, екіншісі оның талантын бағалап, ақ жол тілеп жинағына алғысөз жазып отырған Тыныштықбек ағасының және басқа да әдебиет дүлдүлдерінің әр кезде, әр қилы қисында берген бағасы.

Қазірде “біз қазақ” мал соңындағы көшпелілікті күйіттеген елміз, оның рухын танытушы жас ақындарымыз мыналар делінетін бүкіл номадтық көзқарасқа түбейгелі қарсы жартылай көшпелі жаугерлік ұстанымнан өрбитін гуманитарық аңыстағы ой толғаудан туындаған өз пікірімізді жария етпекпіз.

Ақындық құдіреті бойына дарыған шығармашылық иесі өзінің кез келген амаляттық іс-әрекеті барысында ата-бабасынан мұраға қалған дүниетанымдық, өміртанымдық көзқарасы аясында белгілі бір мәнді іздейді. Бұл оның өмірлік ұстанымының мақсаты, түрткісі және амал-тәсілі болып табылады. Ж. Женеттше айтсақ, туынды уақыты тек қана хаттық уақыттың анықталмаған мезеті емес, сонымен қатар оқу және жадылық уақыттың да айқындықсыздығы болып табылады да, кітаптың мәні оның артында емес алдында жүреді.

Бір байқалатыны Дәулеткерей өлеңдеріндегі идея мен мазмұн ақынның ішкі әлемін бір жерге жүйелеп тоғыстыратын гомеостаздан (көне гр. ὁμοιος сөзінен туындаған ὁμοιοστάσις бірдей, парапар және στάσις ахуал, тұрақтылық) тұрады. Герменевтикада бұны Х.- Г. Гадамер «ескі түсінік шырмауы» деп атайды. Басқа тұстас ақындарда түрлі қырынан түрленіп, жаңарып ұсынылатын идеялар Дәулеткерейде үнемі тұрақты бағзыдан тамыр тартқан сол бір кіршіксіз күйінде жырына табынушы оқырманына жол тартып отырады.

Дәулеткерей өлеңдерінің мәтіндік мәнінің бойынан: 1) квинтэссенциялық мазмұнды, қысқа қайырымдық мазмұнын; 2) бірден бір басты ой – идея; 3) автордың алабұртқан түрлі ахуалдағы сезім толқынын айшықтайтын пафосын; 4) оқырманымен сұхбаттастыққа құрылған мәтінінің бойындағы емеуірінін ұшыратамыз. Енді өз ойымызды осыларды басшылыққа ала отырып, өзіндік ұстанымымыздағы автордың шығармашылық құндылықтарының әлемі мен жүйесінің қойнауына бойлауға шама-шарқымызша тырысып көрейік.

Г. Е. Крейдлин идеялар жиынтығын әуезе мен рух айшықтайды: рух мәтін эстетикасының квинтэссенциялық (лат. quinta essentia сөзбе-сөз мағынасы бесінші мән – бұл арада нағыз мәндік) сипатын, әуезе мазмұндау бағдарын танытады деп атап көрсетеді.

Жаугерлік рух аясындағы барша мән көбіне көп әскери көзқарас тұрғысында емес, кәсіби аңыста бағаланып отыруы бір жақтылыққа соқтырмай ма деген ойға да қалатынымыз жасырын емес. Сонымен мәннің пайымдық және тұрмыстық қыры соғыс және бейбітшілік оппозициясын өмірге әкеледі. Біз «қойын құрттаған, айранын ұртаған момын халықпыз» деп күбірлейді бодандық сана, біз «қайқы қылышы жалаңдаған ешкімге кеудесін бастырмаған жұртпыз» деп ақырады көңіл түпкіріндегі империялық сана.

Ақын санасында идея тұра ма, әлде ұлттық жады тұра ма? Екеуінің бір мезетте, әлде әр мезетте ұшырасуын аңғарып жүрміз бе? Біріншілікті қайсысына берегеніміз жөн? Бұрынғысынша идеяны алға тарта беру әдеби талдау еңбектерінде басты орында тұруы шарт па? Сонымен, өлең саналылықпен туғанда – идея басты орында, егер ұлттық жадының жаңғыруындағы санасыздықпен өмірге келсе – ақын түйсігі бірінші тұрады. Француз философы, неотомист Ж.Маритен “Ақын өз түйсігін пайымдай бермейді, бірақ ол – оның өнердегі ең қымбат асылы мен қағидаты” болып табылады дейді.

Психиканың терең түпкіріндегі лықсыған жол беру мен жол бермеудің оппозициялық ойы, сені дәуір дәуренінің оқырманы ретінде таңқалдыра толғантады. Осылайша өмірге келген асыл ой тіріг образдарға: дәмесі дардай есектерге, Қыранның жолын кесіп қарқылдаған қара қарғаға, нағыз тұлпарға, текті қыранға, өмірлік қас пен ғұмырлық досқа айналады: ...жалғанның мынау жамалы ерікті арбаса, Кереметіне көз жетер көріп барласа. Жол берем бірақ, ажалға алдымнан өтсін, Қасқа маңдайдан қасқайып келіп қалмаса?! («Жол берем»)

Осы туындыдағы жаныңды дүр сілкіндіретін қазақтың батырлығының қас сипаты «Ер кезек» өмірлік философиясы ажалсыз жаугердің өлімді қасқайып қарсы алуы алашының ойы мен жүрегін жаулайды. Қаламгердің дүниетанымы оның қазақ өмірін терең танып, ұлттық сипатымыз бен ерекшеліктерімізді өз дарын таланты негізінде аша білуінен тұрады. Махамбеттің қызғышы Дәулеткерейдің кекілігіне айналып: Тастан да тасқа секіріп, Тауда бір ойнар кекілік. Біздің елде жалғыз ғана жетім ұлт, Сен, ешкімге айтпа, кекілік!

Кекілін самал сүйген құс, Тау тұғырында билер құс. Бұратаналар – хан ұлындай шіренген, Мен Қазақ боп қалдым – именгіш,- деуінде сананы сарсылтқан сұмдық зәреңді зәр түбіне жіберетін ой жатыр.

Қазақ әдебиетінің дамуында өмірді зерттеген, одан соң, оны өз туындысы бойында көркемдікпен айшықтаған автордың эстетикалық көзқарасы, әдеби ағымды (неоклассицизмді) ұстануына орай жыраудың «абыздық жалғыздығы» мотивіне құрылған жаңа дәуірдің реалистік шындығын шырылдатып, бас кеспек болса да тіл кеспек жоқтықпен тайсалмай жария етеді.

Өзбектер қазірде ұлт зиялыларын дүниетанымдық негізде қаққа жарған: «соғдылық» және «тұрандық» көзқарастардың шарпуына баяғыда ілікті, бізде өз кезегімізде осындай ұстанымдарға “номадтық” және “шумерлік” бөліну дәуірін бастан кешу кезеңіне аяқ бастық.

Ертістің бойын кең жайлап, Еділ-Жайықты ен жайлау ұлтымыз үшін Абылайханның орындалмаған арманына айналып, 400 жылға созылған «Қазақ-Қалмақ» соғысының кесірінен қираған шаһарларымыз ұлт жадынан шығып, “шумерлік” идея жерге көміліп, “номадтық” идея үстемдік құруына әкеп соқты.

Бұл ойымызды Антоль Францтың әпенделеу, әрі кеңкелес Мажанди физиологының тіршілігіне балауға болады: “Мажанди еш нәтиже бермейтін көптеген тәжірибелер жасады. Ол адастырушылыққа соқтырады деп топшалаулар жасаудан өлердей қорқатын... ол күн сайын еш мақсатсыз ит пен мысықтардың шек-қарынын ақтарып салып, одан ештеңке өндірмейтін, шын мәнісінде, ол ештеңкені індете іздеп жарытып та жүрген жоқтын...”. Сөз зергерлері қанша жерден көшпенділікті дәріптесе де, оның астарында Қорқыт кейіп “шумерлік” дүниетаным бұғып жатады. Соны көре білер көз әзірше некен саяқ.

Тобылғы торы тіршілігім –ау, Көбеңсіп қапсың көптен шын. Дүлдүл тұяқтың дүрсілі дырау, Дүр рухыма от берсін! Өр рухқа толы Дәулеткерейдің өлеңдерінің тініндегі ұлттық “Тобылғы торы тіршіліктің” көбесін сөгіп, «Дүр рухқа от беретін!» алаштық идеяның қазіргі жастар поэзиясын зерттеушілер тарапынан ашық ақиқат аулақтап, жосықсыз жалғандықпен танылып, кең ауқымдылықтың тынысын тартылтып, тар қасаңдық шеңберінде ашылуынан осы бастан сақтануымыз керек-ақ...

Осы орайда Стандаль: “Италия өнерінің жеткен биігінен құрдымға құлауы әдетте ауызға алынып жүрген орта ғасырдың асқақ демінің оны жөніне қалдыруы да, данышпан туындыгерлердің жетіспеушілігі де емес... Кемеңгер қашанда халқының ортасында өмір сүріп келеді. Олардың лапылдай тұтанып, ұлтына жарық шашуы үшін тек қолайлы мезет қана керек. Өнердің өлгені сондықтан, суреткерлерді ақиқаттың ақ жолына салатын бұрынғыдай кең ауқымды концепциялардың болмауы”.

Ақын-жыраулармен бірге келмеске кеткен қазаққа от беретін «Дүр рух» Дәулеткерей сынды жас ақындар арқылы ұлтына қайтып оралды. Бұдан шығатыны “номадтық” аясындағы ақындар жырының идеясы қанша жерден ғажап, қанша жерден соны болсын, “шумерлік” ілкі түпнегізсіз бір тамыры кем соғып жатады. Әрі қазіргі таңдағы көркемдік таным тұрғысынан өз қаламгеріне классиктік мәртебесін бұйыртпайды да.

Тек шынайы тарихи-мәдени рух бойын жайлаған сөз иелері ғана әдебиетімізде, өнерімізде, мәдениетімізде нағыз ақиқатты шоқпыт кейіп “номадтықпен” емес, Қорқыт кейіп “шумерлікпен” орнықтыра алатындығына Дәулеткерей жыры арқылы мысал келтірейік: Содан бері күміс қанат жан көлімде мамырлап, Сезімімді селт еткізді, бұлттар көшіп шағырмақ. Қара түнді ақ қанаты ақинақтай тілгілер, Менің құсым жүрегіме ұя салды дамылдап!

Иә, ақын осы финалдық түйіндеуі арқылы не айтпақ болып тұр. Азаттықпен бірге шумер-түркілік «күміс қанат періштенің» қазақ жеріне оралуы, бұрынғы қара түндей болған “еуратектіліктің” алаштың зердесіндегі ақинақпен тілгіленуі, егемендік құсының шығармашылық адамының жүрегіне ұя салуы сөз ұғар жанға біраз нәрсені ұқтырса, орыс тілді, ділі жат қала оған көнгісі келмейтін бұла жан үшін: Ақшамға қортылып таңда ішкен сәресі, Еңкейіп батқанда қызылкөз күн жылар. Қаланың тірлігі дәл осы, Дәтіңе дәретін сындырар! болып табылатын өтірік дей алмаймыз. Бұдан қаланы жаратпайтын шопқыт кейіп “номадтықтың” көлеңкесін іздеудің өзі баланың тірлігі ақынның аңсайтыны Қорқыт кейіп “шумерлік” даналықтың ұштығы. Социализммен уланып, жаһандасумен буланған қаладағы кәспірліктен “алаштық” иістің сезілмеуі. Балбалым-ай, мұңлығым, Көк Тәңірге құлдығым. Туған жерге сен ғана, Байлап қойған кіндігін.

Құлағымда мұңлы үнің, Іңір кештім, ілбідім. ...шекесін кеп қасып тұр, Жұртта адасқан бір құлын. Бұрынғы шумердің сәнді қаласы Иерсувтың Иреусалим мен Құдыс атанып, араб пен жөйіттің қаласына айналуы ашып айтылмаса да, ешкім ғылыми сұғанақтықпен қолын сұға алмайтын алғашқы кітап түскен түркінің «Көк Тәңірінің» айбыны мен салтанатының жұрнағы Балбалдар ғана өткеннің жасырын сырын жаяды. Көне түркі өркениетінің жұртында адасқан құлын талант ауыр ой үстінде. Мені қашан ақтап алып, әлемдік биікке шығарасыңдар деген бабалар зары көкірегін адами надандық жайлап, көзін ғылыми “номадтық” шелі басқан бүгінгі алашқа жетпеуде. Көшпелілік туралы сөз ете беру қырғыз бен халхаға жарасса да, дәл қазақтың қолайына жақпайтын тірлік. “Номад” екенімізді дәлелдеу қасиетті Төле бидің өзбектер пір тұтып, Қарлығаш би атандырған жанның ұлт есіндегі бейнесін сакралдандырған қарлығаш құстың бір қанатын жұлып алып, соның негізінде ол құстың бүкіл болмысын ашуға Сизифтікпен тырысушылық болып табылады да шығады. Таң нұрына боялсам, Күнге құшақ жая алсам. Балбалтастың жүрегі, Бүлк еткенде оянсам. Балбалтасым – балбөбек, Саған да әлди ән керек. Құсасы ма бабамның – Құлағымда зар бөлек. Шағын өлең бойындағы Балбалды назаряттық аспекті ретінде алып, тек қазақта бәрі болған деген аса зор аңсарлы идея шабыттандырған ақын әлемдік поэзия шыңын мәдениеттанушылық аяда бағындырудың өз жолын тауып отыр. Осындай ұлы аңсарлар талантты өзінен-өзі тудыра салмайды, талант оған басы бүтін иелік етіп, ауыр ойға батқан, әрі Жұртта адасқан құлын поэтикалық образымен өзін алашына танытады.

Иә, дарынды ақын ретінде Дәулеткерейдің, пікірін бөлісушілерден, өзге тұстастары ұлттық өмірдің белгілі бір саласындағы ілім-білімді ыждаһаттықпен бойына жиып, белгілі бір ғылыми аяда жан-жақты хабардар жандар болса да, ұлттың шынайы бітім-болмысын таныта білуде тарансмәдени кең ауқымды көзқарастарының болмауы жиған-тергендерінің бәрін жоққа шығарады.

Осы орайда Дальдің қаламгерлік қарымын орынды сынаған Н.Г.Чернышевскийдің пікірі ойға оралады: “Даль халықтың өмірі жайында мол мәліметке ие, бірақ, ол Петербургті бес саусағындай білетін тәжірибелі арбакештің білгіштігімен бір деңгейде қалып қойған”.

Иә, жазам деген жанға керекті тарихи мәлімет өте көп: қылыш ұстаған қазақ пен жүген ұстаған қазақтың, ошақтағы отқа тезек тастаған қазақ пен болат балқытып, қылыш соққан қазақтың, домбыра тартып, қымызын ұртаған қазақ пен дауылпазын соғып, жауының қанын ұртаған қазақтың қайсысы жақын. Ақын сөз иесі ретінде осылардың қайсысына бүйрегі бұруы керек.

Ұлттық поэзияға “Бейбітшілік пен Соғыстың” қайсысы керек? Ақындарымыз момындықты ма, әлде шу асаулықты ма қайсысын әдеби уағыздап ұлықтауы тиіс. Бұл тақырыпты өз жырына өзек еткен ақын поэзияны – философияға, философияны – поэзияға айналдыруы шарт. Сонда ғана біз ұлт әдебиетіндегі жырлардан қазақтың жанын ұғына аламыз.

Оған бабалар даңқын, Хан Кененің, Батыр Оспанның, Иманжүсіптің басқа да тарихи тұлғаларымыздың өр бейнесін ту етіп, даңқты жорықты күндерді жыр еткен Дәулеткерейдің мына жолдарынан: Бабамның бағзы күйін үлгі етем, Ата жолыма сыйынып өтем. ...Ал, Абылайдың түсіне неге, Бақа мен шаян, бүйі кірді екен?!

Ұлы Хан Иеміз Абылайдың ұлттың Гамлеттік сипаты “Болу немесе бордай тозу” пәлсапалық риторикалық сауалына ақынның көсемсімей, өзіндік жауап іздеуді оқырман еншісіне қалдыруы білгірлігі дер едік. Әр оқырман жетпеген жерін жеткізудің стилистикалық тәсілмен өз ойын ортаға салып, ақынның қосар авторына айналып шыға келеді.

Бірі – хан иеміздің жолын дұрыс ұстанып отырмыз деп кеуде қақса, екіншісі – біз одан айнып кеттік деп зар қағады. Пікірді қаққа жару тек шын сөз зергерінің ғана басына қонатын бақыт.

Әлем өнер тарихындағы әр дәуірдің жазбаларынан ойшылдар мен суреткерлер арасындағы қарам-қайшылықты оқимыз. Сөз иесінің әрі ойшыл, әрі суреткер болып танылуы екінің бірінің басына қона бермейтін бақ. Дәулеткерей өлеңінде осы екеуінің бітіспес күресі қалай айшықталған.

Бұрынғы жаугер қазақ – берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан дейтін қала қазағына, ал оның кезінде шашбауын көтерген, үйде отырып амандығын тілеген малшы қазақ – үкімет өлтірмейді деген үмітке жартылай малданған, масылдыққа бейім дала қазағына айналған тарихи сәт.

Құлағымда құбыладан қыдыр үн, Қыдыр үнге қосылғандай күбірім. Сұлбамды Айдың сүт сәулесі танытқан, Елес қуған ессіздердің бірімін.

Сонымен қазіргі жастардың беріле жырлайтын тақырыптарының бірі – ауыл да, екіншісі – қала. Алғашқылары ауыл десе емшесі үзіле, соңғылары қала десе ішкен асын жерге қоятындар санатынан. Осы екеуінің бойынан түстей білген жанға “номадтық” пен “шумерліктің” рухы атойлайды.

Ал, сол даламыз да, қаламыз да Елес қуған ессіздердің мәдени-рухани кеңістігіне айналған мезетте ақындық рух арайлаған авторлық “МЕН”-нің пәлсапалық ой түйіндеулерін жасауының өзіндік өрнегіне тап боламыз. “Ақылдың азабы” мотиві “Құлағымда құбыладан қыдыр үн” атты өлеңінде Дәулеткерейге мынандай ой түйгізеді: Шық ғұмыры кірпігінде түнемес, Күн артында қылғынады қыл өңеш. …Елге әңгіме айтуыма не жорық? Көп елестің соңындағы бір елес.

Ол елестер түріндегі екі ұлттық теорияның “номадтық” пен “шумерліктің” қазақ санасын кезіп жүргенін танытады. Екі идеяның артында да өз жақтаушылары мен даттаушылары тұрғандықтан ақын “…Елге әңгіме айтуыма не жорық?” деп даулы мәселеден атының басын тарта қойып, ұлттық санаға ой салып кетеді. Осы идеяның бірінің маңдайына “Шық ғұмыры” жазылған, оның күні өткенін білсе де, оны қорғаушылардың қыл өңеші қылғынып тегін жатпайтыны тағы аян.

Ақын екі идеяның бірінің күні қараңдығын әдеби абыздықпен болжамдайды. Дәл қайсысы екенін тап басып айтпайды. Өзінің стилдік ерекшелігі риторикалық сауалдауды қолдану арқылы жауабын тағыда оқырман ырқында қалдырады. Біз осы өлеңдегі финалдық түйіндеуді екі бітіспес идеялық күрестің басын бір жерге тоғыстырған әдеби құбылысқа балар едік. Екі идеяның жақтаушылары да – Дәулеткерейді өзіне бейімдеп өз ақыны санайтындығын да жоққа шығарғымыз келмейді.

Көшпеліліктен шумерлікке не саналықпен, не санасыздықпен қадам басудың жас ақындар арасында көрініс беруіне біз жауапты осылайша Дәулеткерейден табамыз. Төмендегі өлеңге екі идеялық ұстанымның өкілдері де жабыса кететіндігі дау тудырмайды: Қара өлең-қайғым, көз жасым, Шемен шерімді қозғасын. Атанның жүгін көтерер, Атамның жыры болғасын!

Сөз зергерінің психикасының терең қатпарындағы бізге беймәлім жайт кейбір туындылардағы дәстүрлі ұстанымдағылардың түсініктерінің тасталқанын шығарып, бұрынғы көркемдік танымға қарама-қайшылықтарды туындатады. Өмір сені, тек енді таныдым ба? Ойларымның қамалып тамұғында. Тағдырына өгейсіп тірлік етер, Мен осы ақын емес пе, ем анығында.

Иә, кейбірде суреткердің шығармашылық еңбегінің нәтижесі әубаста ойға алған дүниесімен еш қабыспайды, әрі дүниетанымдық көзқарас тұрғысынан мүлде өзге дүниеге айналып шыға келеді. Бір қарағанда осы бір шумақтың түк алып бара жатқан ештеңкесі жоқ сияқты көрінгенімен оның бойында Білгеместің (Гильгамеш) бағзы образының бұғып жатқандығы елес береді.

Қазіргі жас ақындардағы дәстүрлі қолданысты бас жоқ, көз жоқ көшпеліліктің шылауына бере салу еш опа әпермейді. Бұл құптарлық дүние осыған байланысты оқырман санасы да өзгеріске ұшырады. Атқа мініп көрмеген, жүрген-тұрған жерінде ана тілін қолданатын, өткен тарихтан мол хабары бар оқырманды “Сен – көшпелінің ұрпағысың” деп сендіруге тырысу, “Сен – әлемді жаулаған халықтың ұрпағысың” дегенді жоққа шығарғанмен бірдей.

Ақындарымыз тек сөз зергері ғана емес, ұлтқа жол сілтейтін ойшылдарымыз да. Бір ақында безбенің екі басы тең түссе, келесі ақында бірін-бірі жоққа шығарып терістеп жатады. Ең бастысы біз ақындардың құнды туындыларын сөз еткенде ұлттық “Парасат” және “қазақи сенім” тұрғысынан ой елегінен өткізуіміз керек.

Бұл екеуін көшпенділіктің қазығына байлап қою, ұлттың жадысын дуалауға әкеп соғады. Біздің көз үйренген көңіл орныққан дүниені «шетіндеу» /Остранение/ және кайнерастиимен (жаңаға деген махаббат арқылы)/ берудің Дәулеткерейге тән стилистикалық тәсіліне ой жүгіртейік.

Ал, Ауырса жан ауырсын, Емі қайдан табылсын. Ұлар ұшқан жайлауда, Мен – жалғыз тал қауырсын! Ақын бұл өлеңде өзін көшпендінің ұрпағымын деп сезініп тұрған жоқ. Қайта ұлттық уақыт кеңістігінің бір бөлшегіндегі адам баласының ұлардың ұшып түскен жалғыз тал қауырсынына айналған мифо-поэтикалық образын жаңғыртып отыр. Бүтін – Ұлар образында, оның бөлшегі – ақын бейнесінде ұшырасу шетіндеу көрінгенімен финалдық шоғырдың авторлық айтпақ ойын тантытып тұр. Ол – “данышпанның ғаламға сыймас” жалғыздығы мотивін дәулеткерейше ашып, ұлт оқырманына таныту.

Қаламгердің дүниетанымы оның жеке бастық көзқарасынан туындаған ойымен шектеліп қалмайды. Уақыттың талабына көсемсөздік үн қосуымен де таңбаланады. Мен- Күлтегін бабамның, Моласының тасы едім. Қазақ деген халқымның, Тарихының басы едім, Мың жылдан кейін сөйлеген!-деп қосарланып, бірін-бірі толықтыра білуі Дәулеткерейді әрі сөз зергеріне, әрі ойшылға айналдырып тұр. Ұлт болмысын көркем игерудегі суреткер дүниетанымы әдебиетте ең бірінші орында тұратын дүние.

Бізде қазір ақындар ұлт болмысын “номадтық” пен “шумерлік” негізде көркем игеруге кірісті. “Номадтық” бәрімізге көрініп тұратын Мұзтау болса, “шумерлік” оның көзге шалынбайтын су астындағы бөлігі. Француз жазушысы Натали Саррот: “Жазушы үшін шындық болмыстың екі түрі бар. Ол бір көргеннен көзге түседі.

Адамдар онымен өмір сүреді. Кез келген жан оны көре алады. Бұл болмыс әбден зерттелген, барланған, бәріне белгілі, мың мәрте формулалықпен айшықталған, сандаған мәрте қолданылған, әрі пайдаланылған... суреткердің дербес әлемі оның психикасындағы санасыздық аймағында туындап, субъектінің (тұлғаттың) сезінуі мен өмірді ұғынуынан тұрады да, «шындық болмыс» суреткердің тұлғаттық еркінің синонимі болып табылады”. Мынау күннiң, анау айдың, сол жылдың, Жылнамасын жырлай-жырлай болдырдым. Құр тiлiмдi безей-безей беталды, Күлкi мұңлы, кiрпiгiмдi зорға iлдiм. Иә, жас ақындар “Алаштың өмірлік шындығына” поэзия бақшалығындағы “көшпеліліктің арам шөбін” отап отырып жетуде. Бүгіндері кейбір шығармашылық зиялы қауым “ұлттық момындықтың” идеясын ұстанып, “алаш имперализмін” сөз етуден бұғып қалуды дағдыға айналдырып алды. Оны халықтар достығы аясындағы “қазақ қонақжайлығы” мифімен бүркемелеп, ғұлама Абайдың “ғақлиясындағы” қазақтың басқа ұлтты қонақ қылмақ түгіл мысқыл ететін халықтық психологиясын елегісі келмейді.

Олардың ойынша біз “өзгенің ала жібін аттамайтын” бұйығы халық болып шыға келдік. Тап біреу бізге қару кезеп соғыс ашқалы жатқандай “Ойбай бейбітшілік болсын” деп “ұлтымызды малмен мал қылған” отаршылдықтың аяр тәсілінің ығына қалай жығылғандарын өздері де білмей қалады. “Ат пен қылышты” жорық шатыры “Кигіз үй” алмастырды. Оның әр бөлігі “шаңырақты” ауызға алмағанда “жаман кигіздің” өзі көшпенділердің әлем өркениетіне қосқан өнер туындысы болып шыға келді.

Бiр мүжiлiп, бiр толысқан ай тағдыр, Күн жолына кiре тартсам-қайқаң кiл. Аспаныма ақиқатымды айтам да, Айға қарап, жар жағалап қайтам құр.

Меңiреулiк қалпың жаман мешел күн, Екi иiннен дем алады есер мұң. Құба таңда құлын даусы оятса, Жыр атанға жүгiмдi артып көшермiн!

Бабаларымыздың жауыз да, жабайы қалыпта баяндайтын жалған ғылыми, арамза тарихи деректер жүрегімізді ашып, көзімізді жұмып табынатын асыл дүниеге, жаһұт қазынамызға балануда. Гректердің парсыға кеткен кегінің арқасында тарихта қалған «Тұранұлұсұ» сөзінен шыққан аты белгісіз әйел патшамызды біресе “Тұмар”, біресе бір рудың атауымен “Тама Ырысқа” айналдырып, өзгенің езіп бергенін малданудамыз.

Күніміз – мешел, ұлт бойын – еуропатектілікке есемізді жіберер есер мұң жайлаған. Тек бұның өтпелі екендігін Жыр атанға жүгiн артып, тарих көшіне ілесіп, ұлттың жоғын табатын сөз егесі ғана біледі.

Французда “аудармашы – сатқын” деген ғылыми афоризм бар. Басқалар мың жерден өзгерткенімен оларға енген түркі мифтері, поэтикалық айшық (дактиль-бармақ өлшемі) шумерлердің өркениетке қосқан үлесін мен мұндалатып, бүгінгі ұрпақтарына танытып тұрады.

Қазіргі әр ақын қазақ қоғамының саналы азаматы ретінде тарихи кеткен есеміздің орнын жырларымен толықтырып жүр. Соның жарқын айғағы Дәулеткерейдің “Тамыр” өлеңі: Тағдырым тоқсан толғақты, Қай бақытымды жек көрем? Жайлап та қыстап жүргенде, Опынтып өмір бір демде, Шекара сызып шеттегем. Өкпек жел ұрды- ау өкпеден. Тәңірі Түркі тегімнен, Елімнен солай бөлінген, Ұлыған айға көкбөрі ем. Асаулығынан қанымның, Ардақтылығынан арымның, Шекемнен ешкім шертпеген. Мен- ТӘҢІРІМ шашқан тары едім, ӘР ТОПЫРАҚҚА КӨКТЕГЕН! Осындағы соңғы екі жолдағы “әр топыраққа көктеген Тәңірдің шашқан тарысы” ақынның әлемдік (еуропа-қытай-үнді-иран) төртағандық догмалық ұғымдарға қарсылығын, оларды поэзия тілімен жоққа шығаруын «көсемсөздік» аңыстағы поэтикадан аңғарамыз. Бұл кеңестік кезеңдегі партияны ұлықтаған жалаң плакаттық өлеңдерден бір бөлек.

Бір кезде тағдыры басқа салған соң, аға буын маркс-ленин ілімдерінің теорияларын қалай игерсе, әдеби жас толқын түркі дүниетанымын ыждаһаттықпен беріле игеру үстінде. Олардың ұраны егмендік тудырған “Ғасырмен бірге адымда”. Кеңестік кезең құбыжыққа айналдырған пантүркілік идеясының жастар арасында өркен жаюы қорқынышты құбылыс емес, қайта англо-сакстық жаһандастыруға деген қазақ қоғамының өзіндік жауабы. Кеңесін құрған келелі, Күлтегін, Білге, Тоныкөк, Бабалар жатқан жер еді. Ежелгі елдің дерегі, Орхон да менен Енесай, Керулен, Толы кемері. Үлесін беріп нөкерден, Шыңғысты хан ғып көтерген, Тарихтың тылсым тереңі.

Сондықтан жас ақындардың шығармашылығын барлағанда оны түрікшілдік дүниетанымнан бөліп алмай, қайта соның маңында ұлтымыздың рухани бейнесін ашуға талпыныс жасағанымыз ләзім. Иә, қазақшылықты қызыл тілмен көстите жазу бар да, оны жан жүрегіңмен сезіне жазу бар. Осы жан-тәнімен сезіне білген ақындарымыз гогелше айтқанда: асқақтық бар жерде – аспандап, батырлық бар жерде – алдаспандай жарқырап, тыныштық бар жерде – биязлық пен көргенділік танытып жүр.

Құдайсызға құнсызданып құлдығым, Көрген сәтте сүмбіленің сүргінін. Күдері бел күреңімді сауырлап, Күрең жалқын күнбатысқа сүңгідім.

Айналамда адамдарға алаңдай, Қулығына ілестірер заман қай? Қан қызыл кеш қара күрең түске еніп, Батқанынша бағытымды таба алмай.

Күнделікті өмірді тарихпен байланыстырып, нақты жағдайдағы қазақ жанының нәзік иірімін, бүгінгі өмірмен шебер үйлестіре білуде жастар поэзиясындағы жағымды құбылыс болып саналады. Бұл қуанатын тұсымыз болса, сонымен бірге, ұлт келбетін суреттеуде құлашын кеңге жая алмаған жас ақындарымызды да еш сөгуге болмайды.

Олар поэзия үшін жанын пида етуге бар болса да, көбіне еткен тірліктері Францтың Мажандиіне ұқсап, нені қалайтынын өздері де білмей қалады да, тақырыбын таппағандықтан қазақ тұрмысын сүреңсіздікпен боямалайды. Бұл олардың талант-дарындарының кемшіндігінен емес, қайта шығармашылығындағы ұлық ойдың жоқтығы, әрі идеялық көкжиегінің тар ауқымдылығынан туындайды.

Өйткені, ұлық ой мен талант, идеялық көкжиек пен дарын бірін-бірі алмастырмайтын, қайта бірін-бірі демеп жебейтін құбылыс. Олардың осы бірілігінен, біртұтаса жымдасуынан Шекспирдің “Ромео мен Джульеттасын” он орап алатын “Қозы көрпеш – Баян сұлудың” махаббаты арқау болған шынайы көркем дүние өмірге келіп: Бас қойдырып мөлдір сезім бұлаққа, Ей, тағдырым, жүрегіме кінә артпа. Базар-жалған, Қодар қазған ешқашан, Күдігіңнің құдығына құлатпа!

Аягөздің аспанында Ай, Таңсық, Жан мұңыңды түсінер ме ем қайта аршып?! Енді, Қазақ, махаббатты жылатпа, Жолама енді кірпігіме сайтан шық!-Дәулеткерейдің қаламының сиқырымен өз оқырманына эстетикалық ләззат қана сыйлап қоймайды, мәңгілік махаббаттың басына ақындық құлпытасын орнаттырады. Бұрын ақындарымыздың өлеңдерінде реализм мен романтизм (рером) қанаттаса жүрсе, енді жастар шығармашылығында модернизм мен постмодернизм (модпост) қоса қабаттаса ұшырасатын туындылар шоғыры әдеби өмірге жолдама ала бастады. Осындай ескі ұғымның бойына жаңаны сыйдыра соны әуезе тудыра жырлау Дәулеткерей шығармашылығына да жат емес. Соның дәлелі “Ақ сағымның ұлпасына” өлеңіндегі мына бір жолдар: Ақ сағымның ұлпасына, Таң жиектеп жылт асыла. Елік қызыл ерте ілінді, Ерейменнің қырқасына. Түн тынысын зорықтырып, Ен далаға еніп кіріп. Күн құлағы қылтиды, әне, Елік қырды еліктіріп. Бөбек қала бал тілегі, Қараңғылық тәлтіреді. Гүл етегін самал желпіп, Түн етегін таң түреді. Ақын ғаламзаттық екі ұғымды білдіретін: “елік” және “етек” семантикалық ассонансы дағдылы қазақ өлеңіндегі бір шумақтың бойында тізбектеліп келмейді. Бірі шумақ басында, бірі шумақ ортасындағы композициялық орналысуы жағынан ғана емес, “Е” әрпінен басталып, “к” әрпіне аяқталатын 4 дыбыстан тұратын сөзді ойнатуы да ақынның шеберілігінен хабардар етеді.

Осылайша Дәулеткерей стиліндегі басты ерекшелік оның өлеңдерінің не реромшылдықпен, не модпосшылдықпен алтын желі болып өріліп отыруы. Жалпы дәстүршіл жас ақындар поэзиясына – реромшылдық қолайлы болса, жаңашыл жас ақындардың тоқтамы – көбіне модпосшылдықты көңілдері хош көріп, басқамен алмастыруға тырысар емес. Осы төрт әдеби әдіс жастар шығармашылығының ажарын ашып, көркін кіргізудегі сөз зергерінің дүниетанымы мен ұстанған әдісінің арасындағы текетіресте қылаң беріп отырады.

Бұрынғыдай қазақ әдебиетінің есігін бір кілтпен аша алмаймыз. Оны аша алмайтындығымыз жастар шығармашылығындағы жаңа толқынның әдеби білімінің артынан қазақ әдебиеттануының кейбірде ілесе алмай қалуынан байқалады. Оның себебі ақындардың өлеңдеріндегі түрлі көркемдік әдістің мидай араласып кетуінде жатыр.

Жас ақындарымыздың өздері жалына жармасқан көркемдік әдіс әлеміндегі туынгерліктері, жаңашылықпен ұлттық поэзиямыздағы алға ілгерлеушіліктері әлі өзінің болып толған нүкте қояр сәтіне жеткен жоқ. Талантты шоғыр үлкен ізденіс үстіндегі шығармашылық процестерін еш толастатар емес. Мүскініңді мүсіркеме мөлтек түн, Енді кімді сендірмексің ертек күн? Сағым сонар көлеңкемді зорайтып, Дүниенің дауысынан селк еттім.

Ерке қыздың елесіндей ескі күн, Көз алдымда көлбеңдейді кешқұрым. Байырқалап батқан Айдың жосыны, Келер күннің танытады кеспірін. Ақынның өзі өмір сүрген қоғаммен, оның белгілі бір тобының өкілдерімен байланысы уақыт өте келе оның идеялық көзқарасын қалыптастырып, сөз зергерінің шығармашылығының басты нышан-белгісі ғана емес, дәуірінің рухани, эстетикалық сұранысына үн қатуы да болып табылатыны жасырын емес. Елорданың ұлт өміріндегі бүгінгі келбеті Дәулеткерей қаламы үшінде жат емес: Ақмола кеше аппақ моласың, Келімсектерге батпақ қорасың. Заманың өтті басқа шығарған, Басқаның жиып баспақ, танасын. Астана бүгін асқақ қаласың, Жаһанға әлі жақсы аттанасың. Өз тілін жаңа үйренгендерге, Талай жыл әлі «тақпақ» боласың. Жаңаны тереңінен сезіне білген күні туып келе жатқан рухани және эстетикалық сұранымдарды аңғара алған сөз зергері кейде оның берік негізін түзіп, бұрын үстемдік жасап келе жатқан күні өткен ескімен күреске түсіп, заманы туған жаңаның сөзін сөйлеп, оның жақтаушы тілеулесіне айналады. Осы қорғаушылық идеялық ұстанымы, көркемдік әдісті тұтынуы әр қилы қаламгерлердің басын біріктіреді.

Бұл орайда әдебиетімізде аға буын өкілдерінің жастарға қарай ығысуы да бар, не болмаса, жастардың белгілі бір бөлігінің өздері пір тұтатын ақынның (Т.Ә. және С.А.) маңына топтасулары да орын алып отыратын әдеби құбылыс.

Жастардың көркемдік әдісінің өмірге келуі алғы буынның әдебиет әлеміндегі жаугерлік жаңашылдығынан туындайды да, өзіне дейін илеген теріні, өз дәуірінің қалыбына салып иін қандырады. Осы иін қандыру үстінде өмірге келген жас ақындардың өлеңдерінің жасырын астар мәтінінің бойында көрініс тауып: “біз – көшпеліні бетерадам деп жырлаймыз ба, әлде жаугер бабаны – бетер адам деп дәріптейміз бе” деген диелемаға құрылған риторикалық сауалды туындатады. «Өтүкен қойнауы да Алтайда, Үкөктің жайлауы да Алтайда. Күлтегін құратын қағандық, Түркінің байрағы да Алтайда.

Қағаннан қағаны алмасқан, Алтайда басталып алғашқы ән. Сондықтан тұғырым тым биік, Содан да рухым алдаспан! Аға буынның басым бөлігінің бойын жайлаған “Баларымыздың әлем өркениетіне қосқан үлесін көшіп-қонумен байланыстаратын паразит ой бар”, кез келген ақын “жоғалған көш” жайында өксіп тұрып, егіліп тұрып жырлай алады, әдебиеттанушы жоғалған рух жайында сарыуайымға салынып, асанқайғылана алмайды. Белгілі бір ақынның өзіндік ұстанымы арқылы идеалдандыруға көнген номадизм, әдебиетанушы үшін “әдеби соқыршек” болып табылады. “Еділдің бойын ен жайлау” жауларымыздың бізбен санасу дәуірі болса, “Еділмен қимай қоштасу” жауларымыздың бізді басынуы.

Сондықтан номадизмді пір тұтып, асыра дәріптеу жалған идеалдандыруға ұрындырып, тамаша туындылардың танымдық, көркемдік мәнін шөмшитіп, қылыштың орнына таяқ ұстатып, жалған идеалдың жетегіне ілестіреді. Аспанға қарап қыстан қалай шығам деп ойға бататын қойшының бақытын – жауымды жеңіп, ел іргесін қалай бекем етем деп жарғақ құлағы жастыққа тимей саналы ғұмырын ат үстінде өткізген жауынгердің рухымен алмастырғаннан не ұтамыз.

Бізге көшпелі қойшының қойын құрттап, айранын ұртаған патрихалды тірлігі емес, сөзге келмей, жауының басын кесіп қолына беретін жаугер рухты поэзия керек.

Ондай поэзия Дәулеткерейлермен бірге әдеби өмірімізге енді. Қалайық қаламайық поэзиямыздағы номадизм үстемдігіне ақыра ұрыс ашқан қазақ әдебиетіндегі – шумерлікті Дәулеткерейдің буыны емес, уақытын күтіп жатқан шумерліктің тап өзі өмірге әкелсе, Дәулеткерейдің буыны әр қазақтың ұлттық санасының түпкірінде бұғып жатқан бағзы алаштық жадыны оята отырып шумерлікті ел өркениетіне мәдени аяда тарту етті.

Әбіл-Серік  Әбілқасымұлы Әліәкбар

Қатысты Мақалалар