2017 жылы 27 қаңтар күні Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Алматы қаласындағы Алаш қайраткері, ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлының мұражай үйіне арнайы барып, тарих және мәдениет ескерткіші саналатын музей үйінің жылдар бойы қордаланған мәселелерінің шешілуіне себепші болғаны туралы хабарларды оқып, Имекеңнің осыдан 16 жыл бұрын Париждегі Мұстафа Шоқайдың мұрасына да қамқор болғаны есіме түсті. Тасмағамбетовтің тарихқа, тарихи тұлғаларға деген осынау құрметін әрқашан байқап алғысымды айтып отырамын.
Таяу қазақ тарихынан ен манызды тұлғарынан бірі саналған Мұстафа Шоқай туралы біз 1997-2002 жылдары арасында докторлық диссертациямыз үшін зерттеулер жасап, аракідік Франция астанасы Париж қаласына барып келіп жүрдік. Сол кезде ұлы тұлғаның Париждің Ножан ауданында 1923-1941 жылдары арасында 18 жыл өмір сүргенін архив құжаттары негізінде анықтаған едік.
Шоқайдың Францияға келу мезгілі, 1921 жылдың жазы болатын. Бастапқыда ол, Париждің өзінде өмір сүрді. Бірақ екі жылдан соң осы Ножан қаласына көшіп келді. Өйткені, ол кезде осы қалашықта, белгілі жазушылар, саясаткерлер және өнер қайраткерлері секілді элиталар өмір сүретін. Біз жүргізген зерттеулерімізде, Шоқайдың Ножанда қай үйлерде тұрғанын айқындауға қолымыз жетті.
Париждегі Шығыс Тілдері және Өркениеттері Институтындағы Мұстафа Шоқай архивіндегі құжаттар арасында оған келген хаттардың конверттері кездесті. Үш үйдің адресін солардан анықтадым. Париж тұрғыны Яшар Дініш ағамызбен бірге сол үйлерді іздеп таптық. Енді мәселе Шоқайдың бұл үйлерде тұрған мезгілдерін анықтау еді. Байқасам Париж тұрғындары жыл сайын қала әкімшілігіне тұрғын салығы төлейді екен. Сөйтіп Ножан әкімшілігінің архивтеріндегі 18 жылдық салық дәптерлерін ақтарып шығып Шоқайдың жыл сайын қай үйде салық төлегенін, сөйтіп Ножанда тұрған үйлерін және мезгілдерін белгіледім. Сол анықтауымызға қарағанда, Шоқай мына адрестерде тұрған екен :
- 16 Руе Бауйн дө Перөз (1923-1930)
- 48 Бис Руе Пармаңтиер (1930 – 1933)
- 7 Сқуар дө ла Фонтен (1933-1969) Осы соңғы үйде, әрине Шоқай 1941- жылы дүние салғаннан кейін зайыбы Мария өмір сүре берді.
Біз осы анықтауларды жасағаннан кейін, зерттеуімізді «Қазақтың осынау ұлы мемлекет қайраткерінің бір кезде Ножан қаласында тұрғанын бүгіндері білетіндер бар ма?» екен деген ой келіп алдымен Шоқай тұрған үйлердің бүгінгі тұрғындарына сұрау салдық. Өйткені бір кезде Ножанның аты әсіресе Шоқайдың француз достары арасында ерекше мән-маңызға ие болған еді. Олар бұл ауданға Түркістанның уақытша астанасы ретінде қарады. Өйткені, Шоқайдың үйіндегі әңгімелер көбінесе Түркістан тарихы мен мәдениетіне қатысты еді. Сол себепті француз достары Шоқайды көру үшін Ножанға баратын кездерінде “Түркістанның уақытша астанасына бара жатырмыз” дейтін. Бұл, сонымен қатар, Шоқайдың Европада Түркістан халқына ең жоғары деңгейде өкілдік ете білгендігінің және Түркістанның тәуелсіздігі жолындағы күресіне деген мызғымас сенімінің бір белгісі еді. Шоқай большевиктердің қысымына мойынсұнбаған Түркістанның демократиялық күштеріне өкілдік етіп жүрді.
Өкінішке орай, 60 жылдан кейінгі Ножан тұрғындары Шоқай туралы ешнәрсе білмейтін болып шықты. Одан сон, Ножан әкімшілігіндегі кейбір қызметкерлерге сұрадық. Олардын ішінде де білетінге кездеспедік. Сонымен, Шоқай сынды қазақтың ұлы тұлғасын, ол 20 жылдай мекендеген жерде, ұмыт болғанына әбден көзіміз жетті. Бұл да заңды еді. Өйткені, арадан жарты ғасырдан астам уақыт өтіп кеткен еді.

Бұл жағдай, бізді Шоқай үшін Ножанда бір белгі орнатудың қажет екені жөніндегі ойға жетеледі. Бұл пікірімізді, 2000 жылы Париждегі Қазақстан елшілік қызметкерлеріне айттық. Олар “Әбеке, Шоқай даулы тұлға, бізді бұл мәселеге араластырмаңыз, өтінеміз. Сіз мұны Шоқаймен айналысып жүрген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Қалдарбек Найманбаевқа айтыңыз” деді. Алматыға жолымыз түсіп барғанда, Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығының Төрағасының І- Орынбасары Қалдарбек Найманбаевқа сол ойымызды айттық. Ол кісі бізге өте тиімді бір жол көрсетті : «Сіз, -деді Найманбаев, бұл ойыңызды бір журналистке айтыңыз. Ол газетіне жазсың. Сөйтіп сіздің бұл идеяңызды Президент Нұрсұлтан Назарбаевтан тартып бүкіл үкімет адамдары оқитын болады. Егерде пікіріңіз орынды деп табылса, онда ол іске асатын болады.»
Осы пікірді дереу орындауға кірістім де, Шоқайға Ножанда бір белгі орнату жөніндегі ойларымды Егемен Қазақстан газетінде істейтін белгілі журналист Саясат Бейісбайға айттым. Оның менімен өткізген сұхбаты, Егемен Қазақстанның 2001 жылы, 9- қаңтардағы санында басылып шықты. Осыдан кейін шамамен 9 айдан соң, 2001 жылдың 18 қазан күні қазіргі Қазақстан Бас министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов бір делегациямен арнайы ат басын Парижге бұрды. Қазақстан Франциядағы төтенше және өкілетті елшісі Ақмарал Арыстанбекова және Ножан әкімі Жақ Мартаңмен бірге Шоқай 1933-1941 жылдары арасында өмір сүрген үйі болған Сқуар дө ла Фонтен көшесінің бас жағына белгі тас орнатты.
Міне бұл Тасмағамбетовтің үлкен ерлігі еді. 2001 жылы бүгінгідей емес, әлі болса кезіндегі Кеңестік идеологиялық күшті үгіт-насихаттың әсер-ықпалынан айыға алмай Шоқайға “сатқын” ретінде қараушылар аз емес еді. Тасмағамбетов, саяси келешегім не болады? деп алаңдамай ұлы тұлғаның Францияда танылуына батыл еңбек етті. Оның бұл жұмысы кейін одан әрі жалғасты. Сол белгі тас болған жердегі бос тұрған бір алаңды 2010 жылы Париждегі қазақ диаспорасы құрған Мұстафа Шоқай француз-қазақ достық қоғамы, Қазақстан Париж елшілігі және Қызылорда облыс әкімшілігі бірге жұмыс істеп Мұстафа Шоқай атындағы саябаққа айналдырылды. Қазір бұл саябақ Берлиндегі Мұстафа Шоқай бейітінен кейінгі Мұстафа Шоқайдың өмірінен сыр шертетін екінші орын. Бүгін осы саябақ Париждің қартасына да түсіп ұмыт болған Мұстафа Шоқайдың есімі бүкіл Франция, тіпті Еуропа елдерінде қайта жаңғырып отыр. Міне мұндай игілікке бастама болған есім Иманғали Тасмағамбетов. Сізге Алаш ұлыларының аруағы риза шығар, біз де ризамыз. Алла сізге жар болсын! Әрқашан Қызыр болсың жолдасыңыз!

Әбдіуақап Қара
Мимар Синан Көркем Өнер Университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы
Ыстамбұл.