Марат Тоқашбаев: ДАРХАН МЫРЗА ОРНЫНДА ОТЫР!

/uploads/thumbnail/20170709201840162_small.jpg

Соңғы аптада «Егемен Қазақстан газеті АҚ» басшысы төңірегінде алып-қашпа әңгіме өрбіді. Жасыратыны жоқ, «Егемен Қазақстанға» Дархан Қуандықұлы келгелі жұрт арасында газеттің халыққа жақындағаны туралы пікірлер көбейген.   Интернет беті де қазақ тілді сайттардың алдыңғы ондығына кірген. Журналисттік қосынының да жасарып қалғаны байқалған. Дегенмен аталған газеттен жұмыстан шығарылған қызметкердің бірі басшылық тарпынан әділетсіздік көргенін жазып еді. Тіпті, жазушы Думан Рамазан да ЕҚ басшысының өз орнында отырмағанын, кәсіби журналист емес екенін жазды. Дегенмен белгілі қоғам қайраткерлері, саясаткерлер және газет оқырмандарының пікірі басқаша. «Қамшы» порталы сол пікірлердің бірнешеуін оқырман назарына ұсынады.

Марат Тоқашбаев, журналист:

28-қаңтарда яғни бүгін Думан Рамазан ініміздің «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі туралы жазғандарын оқыдым. «Өттерің жарылып кетсе де айтайын, ол Дархан Қыдырәлінің қолынан келмейді. Тағы да қайталап айтамын, ол үшін журналистиканың майын жіліктеп ішкен кәсіби маман болуы керек» деген пікірлеріне байланысты үнсіз қала алмай өз ойымды ортаға салғанды жөн көрдім. Жарты ғасырға жуық кәсіби журналистикамен, оның ішінде ширек ғасыр БАҚ басшылығында келе жатқан аға буын өкілі ретінде пікір білдіруге құқым бар деп ойлаймын.

Бірден айтайын, шығармашылығын аса құметтейтін жақсы көретін Думан інімнің жаңағы пікірі ұнаған жоқ. Дархан Қыдырәлі «Егемен Қазақстанға» газеттің Бас редакторы етіп жіберілген жоқ. Ол газет менеджментін жақсарту үшін «Егемен» акционерлік қоғамына басқарма төрағасы етіп жіберілді. Басылымның шығармашылық жауапкершілігі Бас редактор Амантай Шәріптің қолында емес пе?! Дархан басылымның жалпы саясатын қадағалағаны, жұмысты жоспарлағаны, тың күш –жаңа кадрлар тартқаны болмаса, газет материалдарының берілу формасы, тақырыбы, айдары, жанры, безендірілуі, т.т. таза журналистік шаруасы бас редактордың, жауапты хатшы мен бөлім меңгерушілерінің құзіретінде болар.

Жеке тәжірибемнен түйгенім: басылым басшысы үш түрлі болады. Біріншісі – ұжымды тікелей өзінің журналистік идеяларымен, қаламгерлік кәсіби үлгісі арқылы, екіншісі –шебер журналистерді өзінің идеяларын жүзеге асыруға жұмылдыру арқылы, үшіншісі – төңірегіне топтастырған талантты журналистердің идеяларын ұтымды пайдалану арқылы басқарады.

«Егемен» АҚ басқармасының төрағасы кәсіби журналист болуы міндетті емес. Ол мықты ұйымдастырушы болса жетіп жатыр. Түрік Академиясын қысқа мерзімде дөңгелентіп әкеткені Дарханның ұйымдастырушылық қабілетінде деп ойлаймын. «Егеменді» ертеде басқарған Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Смағұл Сәдуақасов сияқты алыптар да «журфакті» бітірмегені мәлім. Шерағаңның өзі «Егеменді» басқарғанда оның тек саясатына жетекшілік еткені есте. Осы тұрғыдан алғанда Думан шын мәнінде «тура көзеп, қисық тигізіп» отыр. Дегенмен қателеспейтін адам болмайтындықтан қаламдас ініміздің асығыс пікірі «ажиотаж» туғызбасын деймін.

Бұл жерде ең үлкен проблема «Егемен Қазақстанның» басшысында емес. Бұрынғы тарихын былай қойғанда, тәуелсіздік жылдарының өзінде «Егемен» шынайы ҰЛТ газеті деңгейіне көтеріле алған жоқ. Президент әкімшілігі қаржылық тетіктер арқылы оның бұл деңгейге көтерілуіне жол бермейді. Мәселе сонда! Осы орынға апарып қойса Думанның өзінің де қазір «қиратары» шамалы. Өйткені «Егеменнің» трагедиясы – оның халықтың емес, биліктің рупоры екендігінде.

Менің білетінім: Дархан бұрын «Егеменнің» оқырманы болса, қазір басшысы. Яғни оқырманның басылымнан не күтетінін біледі. Сықиған ресми газетті халыққа жақындатқысы келетіні де сондықтан. Жалғасқан ізденістері де сол бағытта. Ал өзгеріс – өмірдің заңы. Сондықтан өз басым батыл айта аламын: Дархан мырза «Егеменге» адасып келген жоқ, ол өз орнында отыр!

Ендігі әңгіме «Егемен Қазақстанды» (басылымның атын «Тәуелсіз Қазақстан» деп өзгерте отырып) конституциялық реформа аясында Үкіметке тәуелсіз басылымға айналдыру төңірегінде болу керек деп ойлаймын. Жекелеген азаматтарымызды түрткілегенше Қазақ ұлттық мемлекеттілігін құру мен нығайту төңірегінде жалпыұлттық идеяларды көтерейік. Сол идеяларға үн қосайық, достар! Әр кірпіші мықты болса қисайған құрылысты да түзетуге болады!

P.S. Дархан Қыдырәлімен ешқандай туыстық та, шығармашылық та байланысым жоқ. Думан Рамазан інімізбен 1993-1994 жылдары «Халық Кеңесі» газетінде бірге қызмет істегенім бар. Екеуіне де ағалық құрметім үлкен.

Айдос Сарым, саясаттанушы:

Кешелі бері бірнеше адамның жазбасынан аты өзіме беймəлім журналистің Дархан Қыдырəліге қатысты үшбу хатын, дəлірек айтсақ доп-домалақ арызын көріп қалдым.

Менің білетінім мынау:

1) Ресми газет Авгийдің ат қорасы болып кеткелі қай заман! Егер оның барлық былығын ашатын болса біраз əріптесіміз итжеккенге айдалатыны айдан анық. Оны түзеу, арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей алып шығу мүмкін емес-ау!

2) Буын ауыспай, Сталинді көргендер, Сталиннің стилін сақтағандар кетпей газет тілі мен үрдісі жаңармайды. Буынның ауысуы оңай шаруа емес. Майшелпектен ешкім айрылғысы жоқ. Буын ауысу жалпы барша журналисткамызда жүріп жатыр. Алдағы уақытта бұл үрдіс тек күшейіп, домалақ арыздардың саны арта түспек.

3) Дархан мырзаны көп жылдан бері білемін. Қолынан іс келетін, ұлтшыл, қазақшыл азамат. Оны майлыбаевшы, гүленші деп азғыру – бүгінгі коньюнктураны пайдаланып қалуға деген майда əрекет. Тисе терекке, тимесе бұтаққа! Алаш азаматтарын жапон немесе неміс шпионы деген айып сияқты қиянат.

Өз басым Дарханның тілегін тілеймін. Ең болмаса бір мемлекеттік газеттегі реформалар аяғына дейін жеткенін қалаймын.

Берік Әбдіғалиұлы, саясаттанушы:

Соңғы бір-екі күнде бірқатар сайттарда, ФБ-да «Егемен Қазақстан» газетіне жүйелі шабуыл жасалып жатқанын аңғардым. Меніңше, бұл «Егемендегі» жасалып жатқан оң өзгерістерді қаламайтындардың немесе басқалай мүддені көздеген адамдардың қитұрқы әрекеті деп ойлаймын.

Дәл бүгінгі таңда «Егеменнің» жақсы жағына өзгергенін көзіқарақты адамдардың көрмеуі мүмкін емес. Газетте сараптама, сын-мақалалар көбейіп келеді. Алаш руханияты мен мәдениетіне, тарихына қатысты танымдық материалдар көптеп беріле бастады. Әрине, мұның бәрі бұрын болмады деуден аулақпыз. Бірақ қазір заман өзгерді, соған сәйкес барлық ақпарат құралдары да икемделіп, ықшамдалып, жаңарып жатыр. Сондықтан бас басылымды шын мәнінде ел газетіне айналдыруға қажыр-қайратын жұмсап жатқан Дархан бауырымызды аяқтан шала бермей, қолдағанымыз жөн. Елдік мүддені биік қоялық!

Құдияр Біләл, Журналист:

Дарxанды сыртай, ал Думанды бұрыннан білемін. Енді аңғарсам... Думанды да жете білмейді екенмін. Жалпы өз басым ат үстінде жүрген жігіттерге тілеулес болғанды ұнатамын. "Егеменде" біз де 10 жыл қызмет еткенбіз. Сондықтан бұл газет ұдайы назарымызда жүреді. Өз басым ол жерден қызметтен кеткелі бірде бір рет мақала берген емеспін. Басшылықта өз жолдастарым отырса да. Оның үстіне Дарxан мырза сол жолдастарды "ығыстыра" бастады. Мен оны қалыпты жағдай деп қабылдадым. Әрі Дарxан мырзаның батыл қадамдарын қолдадым. Әлі де қолдаймын. Осының алдында да осы ыңғайда бір мақала шығып еді. Оны жазған Думан емес сияқты еді. Бұл мақала Марат Тоқашпаевтың пікірін оқығаннан кейін барып назарыма түсті. Ашып оқығанша Думан жазғанына сенбедім. Ай, Думан-ай...

Қатысты Мақалалар