Алматы қаласындағы «Алматы арена» спорт кешенінде бүкіл әлемдік 28-інші Қысқы универсиада ойындарының ашылуы салтанатты түрде өтті деп хабарлайды «Қамшы» тілшісі. Универсиаданы ашуға ҚР президенті Нұрсұлтан Әбішұлы мен Халықаралық студенттік спорт федерациясының (FISU) президенті Олег Матыцин қатысты.
Салтанатты шара қазақтың тұрмыс салты мен дәстүрін сахналаған ғаламат қойылыммен басталды.
Елбасы қысқы Универсиада ойындарын ашық деп жариялады
Мемлекет басшысы салтанатты іс-шараға қатысушыларды Алматыдағы ғаламат спорт мерекесінің басталуымен құттықтады.
– Бұл стадионда жер шарындағы жетекші жоғары оқу орындарының жүздеген өкілдері жиналып отыр. Сіздердің араларыңызда болашақ олимпиадашылар мен әлемдік сайыстардың жеңімпаздары бар. Сондай-ақ, өзінің мансабын келешекте экономикамен, саясатпен, бизнеспен байланыстыратындар да жоқ емес, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап еліміздің ұстанымы бірлік пен ынтымақтастық орнату, қауіпсіз болашаққа ұмтылыс болғанын атап өтті.
– Спорт, ғылым және мәдениет арқылы біз барлық құрлыққа тыныштық пен толерантты дамудың қазақстандық формуласын жеткізгіміз келеді. Сол үшін ұйымдастыру жұмыстары күн сайын қарқын алып, осы Мұз сарайы мен бұл ойындардың басқа да нысандары зор ықыласпен салынды, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Универсиада қаланың спорт инфрақұрылымын дамытудың өзіндік локомотивіне айналғанын атап өтті.
– Алматы қазірдің өзінде даусыз рекордтар көрсетіп отыр. Қысқы Универсиадалар тарихында алғаш рет мұнда Атлеттер қалашығы салынды. Бұл жобаға жұмсалған инвестиция қазақстандықтардың игілігіне қызмет ететін болады. Ареналар көпшілікті бұқаралық спортқа тартатын орталыққа айналады. Атлеттер қалашығы 1700-ден астам отбасыға арналған қолжетімді әлеуметтік тұрғын үйі бар жаңа шағын ауданды құрайды. Универсиада әлемнің 80 мемлекетінде 43 телеарна арқылы көрсетіледі. Оның аудиториясы бір миллиардтан астам адамды қамтиды. Универсиаданың қанатын кеңге жайғанын, өзінің басталуының тарихи сәтіне дайын екенін көріп отырмыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Универсиада өтіп жатқан орынның бірегейлігіне назар аударды.
– Алматы – 1000 жылдық тарихы бар қала, Қазақстанның жаңа дәуірі бастау алған алтын бесік. Бұл – қарқынды дамып келе жатқан, заманауи қала, іскерлік орталығы және ел экономикасының қозғаушы күші. Жастар қаласы. Студенттер қаласы. Қазақстанның жоғары оқу орындарының үштен бірі осында орналасқан, оларда 137 мың студент білім алуда. Аты аңызға айналған және бәріміз жақсы көретін «Медеу» мұз айдыны бұрынғы даңқын қайта жаңғыртып, қайтадан ауқымды жарыстардың атмосферасын сезіндіретін болады. Іле Алатауы бөктерінде «Шымбұлақ» алмастай жарқырап тұрады. Универсиада саламатты өмір салтының рәмізіне айналады. Оның нәтижесін ұлтымыздың денсаулығын нығайту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалармен салыстыруға болады, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев жарысты ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін осы жаһандық мерекені әзірлеуге атсалысқандардың бәріне, соның ішінде үш мың волонтерге, Халықаралық студенттік спорт федерациясына және оның президенті О.Матыцинге алғыс білдірді.
Айта кетер болсақ, Матыцин Алматыға бір апта бұрын ұшып келіп, универсиадаға дайындық шараларымен танысқан еді. Олег Матыцин 2015 жылдың қарашасында FISU президенті болып тағайындалған. Осы лауазымға дейін ол FISU бірінші вице-президенті болып қызмет атқарған, сондай-ақ, осыдан алдын Ресей студенттік спорт одағын басқарған болатын. Ол Спорт – бейбітшіліктің елшісі», - деген еді Алматыға келгенінде.
Универсиаданың ашылу салтанатын мемлекеттік телеарналар тікелей эфирден көрсетті.

XXVIII қысқы Дүниежүзілік универсиаданы өткізу 2017 жылы 28 қаңтар мен 8 ақпан аралығына жоспарланған. Мегаполисті ірі спорттық шараға дайындаудағы инфрақұрылымдық база қызметін 2011 жылы өткен 7-қысқы Азия ойындарына арнап салынған нысандар атқарып отыр. Атап айтқанда, «Сұңқар» халықаралық шаңғыдан секіру кешені, Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайы және Алматы облысындағы Шаңғы-биатлон стадионы универсиада жарыстарын қабылдайды. Спорт жарыстары сондай-ақ «Медеу» мұз айдынында және «Шымбұлақ» тау-шаңғылы курортында өтеді. Универсиада үшін қосымша тағы Мұз сарайы, Мұз аренасы және Атлеттер қалашығы салынған.
Универсиада — дүниежүзілік студенттік спорт ойындары. Универсиада – Халықаралық Университеттік Спорт Федерациясының ұйымдастыруымен студенттер арасында өтетін халықаралық жарыс. Универсиаданы Алматыда өткізу туралы ресми шешім 2011 жылғы 29 қарашада Брюссельде Халықаралық университеттік спорт федерациясында (FISU) өткен дауыс беру нәтижесінде қабылданды. Универсиада туын Алматы қаласына беру салтанатты рәсімі 2015 жылғы 15 ақпанда Испанияның Гранада қаласында өтті.
Универсиада өтетін ару Алматы
Қазіргі Алматының ең алғашқы тұрғындары – сақтар мен үйсіндер. Х ғасырдың өзінде Алматы мыңға жуық адам тұратын, қолөнер мен сауданың орталығына айналды. Қала Ұлы Жібек жолының Тянь-Шань бөлігіне кірді. Археологтар керамикалық бұйымдарды, ежелгі ұсталардың шеберханаларын және ХІІІ ғасырға жататын «Алмату» деген жазуы бар күміс теңгелерді тапты.
2016 жылы Алматы 1000 жылдық мерейтойын атап өтеді. ЮНЕСКО-ның 38-ші Бас конференциясында ЮНЕСКО-ның 2016 жылдағы мерейтойлық және атаулы күндерінің қатарына қаланың 1000 жылдығын атап өту ресми түрде қосылды.
Қала сегіз ауданнан тұрады: Алмалы, Алатау, Медеу, Бостандық, Түркісіб, Әуезов, Жетісу және Наурызбай.
Алматыда метро желістері, қоғамдық көлік маршруттары, екі теміржол вокзалы (Алматы-1 және Алматы-2) бар.
Қазақстандағы ең ірі әуежай Алматы қаласында. Ол елдегі ішкі және сыртқы Әуетасымалынан бірінші орын алады. Бір жылда Алматы әуежайы 4500000 адамды қабылдайды. Күніне 220 рейстерді жүзеге асырады.
Алматыға келген меймандарды қабылдайтын 250-ден астам қонақүйлер бар.
Алматы – жасыл желекке оранған, шуақты, кең көшелері мен әсем ғимараттары мен көптеген саябақтарға бай қала. Қаланың 1000 жылдық тарихы оның көптеген ғажайып мәдени – тарихи ескерткіштері мен тарихынан, қаланың контрасты сәулетінде ескі сәнмен салынған ғимараттардан бастап жаңа үлгідегі биік кешендерінен көрінеді. Алматыда республикалық және жергілікті мәнге ие 126 сәулет ескерткіші бар. Ең көне ғимараттар ретінде Абай атындағы опера және балет театры (1936-1941 ж), Т. Жүргенов атындағы өнер академиясы (1930 ж), Үкімет үйі (1951-1957 ж) т.б. айтуға болады.
Еліміздің ең ірі мегаполисі – Алматы қаласының атауы алма жемісімен байланысты. Алманың төресі – апорт Алматы шаһарының белгісі. Алматы аппортының салмағы 350 грамм, кейде 400-900 грамм болып жатады.
Универсиаданы өткізуге жұмсалған қаражат
28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданы өткізуге республикалық бюджеттен 109 милллард теңге бөлінген, деп хабарлаған еді қаңтар айының басында Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Универсиаданы өткізу мегопалистің дамуына, қызмет көрсету сапасына айтарлықтай ықпал еткенін айтқан болатын.
Әкімнің айтуынша, Универсиаданы өткізуге, Алматыда инфрақұрылымды дамыту мен құрылысқа республикалық бюджеттен 109 миллиард теңге бөлінген.
«Универсиада нысандарын салу кезінде 1 550 Шағын және орта бизнес өкілдері жұмыспен қамтылып, құрылыс саласында 30 мыңнан аса жұмыс орны ашылды. 9,2 млрд теңге салық төленді. Универсиаданың операциялық дайындықтарына 5 мың жұмысшысы бар 200 компания тартылды, оның 80 пайызы алматылықтар. Бюджетке түскен 12,3 млрд теңгенің 1,5 млрд-ы басқа салықтарды есептемегенде, қосымша құн салығы ретінде қайтады», — деп мәлімдеген Бауыржан Байбек.
Универсиадаға бір жыл қалған уақытта Алматы қалалық универсиаданы өткізу жөніндегі дирекциясының басшысы Әсет Әбдуәлиев: «Универсиада – 2017» ойындарын өткізу жөніндегі жалпы бюджет нақтыланды. Ол 17 миллиард теңге немесе 53 миллион еуро болып бекітілді. Ойындардың жалпы бюджеті екі есеге, яғни, 32 миллиард теңгеден 17 миллиардқа қысқарғанын айтып кету керек», - деген еді. Көріп отырғанымыздай, екі жылдағы мәлімет 2 түрлі болып отыр.
Универсиада Алматыға не берді?
Алматы қаласының Алатау ауданында жалпы аумағы 10 гектарды құрайтын Мұз сарайы салынды. Бұл – 2017 жылғы қысқы универсиаданың ең үлкен әрі басты нысаны. Өйткені Дүниежүзілік қысқы универсиаданың салтанатты ашылу және жабылу рәсімін өткізу осы нысанда жоспарланған.
12 мың көрерменге арналған мұз алаңы, денешынықтыру-сауықтыру кешенді жаттығу мұз айдыны және жүзу бассейні. Сарайдың орталық блогында екі жүзу бассейні, асхана мен бильярды бар демалу зонасы орналасты. Үшінші блокта хореография және акробатика, бокс, ауыр атлетика, күрес, үстел теннисіне арналған залдары, заманауи жабдықталған сауықтыру орталығы, медициналық пункт орналасқан.
Мұз сарайынан 700 метр қашықтықта 5 мың адамға арналған Атлетикалық қалашық бой көтерді. Бұл нысан да 2017 жылғы қысқы универсиадаға орай салынған. Атлетикалық қалашық 8-9 қабатты тұрғын үйлерден тұрады. Онда барлығы 8 тұрғын үй және 14 қабатты 4 ғимарат бар. Мұнда 800 орынға арналған асхана, бассейн, медициналық орталық, кинотеатр орналасқан. Универсиада аяқталғаннан кейін Атлетикалық қалашық студенттердің жатақханасы мен ұстаздарға тұрғын үй ретінде кепілдікке берілмек. Атлетикалық аренада әлеуметтік инфрақұрылым мен көлік торабы дамытылып, бұл Алматы қаласының Алатау ауданының дамуына серпін береді. Қазіргі уақытта мұнда бетон құю жұмыстары толықтай аяқталып, үйлердің қабырғасы көтеріліп, жылу, су, жарық желілері жүргізілді. Айта кетейік, Атлетикалық қалашықтың құрылыс алаңы 1,5 мыңға жуық жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтыды.
Жаңадан бой көтерген нысандардың тағы бірі – 3 мың адамға арналған Мұз аренасы. Алматы қаласының Медеу ауданында іргесі қаланған спорт кешені көпсалалы болып саналады.
Алматыда өткен екінші спорттық дода
Бұл Алматы өткізген алғашқы спорттық дода емес. 2011 жылы қаңтар-ақпан айларында Астана мен Алматы қалалары Азия құрлығы өміріндегі спорт саласының қайнаған орталығына айналды. Қазақстанда тұңғыш рет VII Қысқы Азиада ойындары болып өтті.
Азиаданың қарсаңында Алматыда К-125, К-95 халықаралық шаңғымен тұғырдан секіру кешені салынды. Халықаралық шаңғы спорты қауымдастығы өткізетін жылдық сауалнаманың нәтижесі бойынша, Қазақстанның жаңа кешені 2010 жылдың ең үздік трамплині аталды. Сонымен қатар, Алматыдағы тау биігінде орналасқан «Медеу» спорттық кешені, «Шымбұлақ» тау шаңғысы базасы және ойындардың жабылу рәсімі өткен Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы қайта жасақталды. Шаңғы жарысын, шаңғыға лайықталған биатлонды өткізу үшін Алматы облысында Шаңғы-биатлон стадионы салынды.
VII Қысқы Азиада ойындарына әлемнің 27 елінен мыңнан астам спортшы қатысты. Жарыстардың бағдарламасына 11 спорт түрі енгізілді: коньки тебу спорты, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, допты хоккей (бенди), шаңғы жарысы, биатлон, тұғырдан шаңғымен секіру, тау шаңғысы, фристайл, шорт-трек, шаңғыға лайықталған қысқы спорттық сайыс. Барлығы 69 медаль жиынтығы сарапқа салынып, бұл қысқы Азиада тарихындағы рекордтық көрсеткіш болды.
Қазақстан осы ойындарда қысқы Азиадада алтын медаль саны бойынша рекорд жаңартып, 32 алтын медаль иеленді және жалпыкомандалық есепте айқын басымдылықпен бірінші орынды жеңіп алды. Біздің құрамамыздың қоржынында 70 награда болса, оның 21-і күміс және 17-сі қола медальдар.
Екінші орынды 13 алтын, 24 күміс және 17 қола медаль алып, Жапония иеленді. Үшінші орынға 13 алтын, 12 күміс және 13 қола медаль алған Оңтүстік Корея ие болды. Төртінші орынды 11 алтын, 10 күміс және 14 қола медальмен Қытай алды.
Азиада ойындарының жабылу рәсімі Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті.
Жарыстың барысын шетелдік 2 мыңнан астам журналист, ғаламшардың 500 миллионнан астам тұрғыны тамашалады.
Жалпы алғанда, VII Қысқы Азиада ойындары елде спорт іс-шараларының ұйымдастырылуының жоғары деңгейде өткенінің, Қазақстанның қонақжай ел, бейбітшілік пен келісім мекені және азиялық және әлемдік спортта жетекші орталықтардың бірі ретінде халықаралық аренадағы беделінің арта түскенінің тағы бір дәлелі болды.
Универсиада-2017 додасының Қазақстан үшін маңызы
Қысқы Универсиада Қазақстанның беделін көтереді. Бүкіләлемдік Қысқы Универсиада – 2017 Қазақстан үшін дүниежүзілік деңгейдегі алғашқы ауқымды да кешенді іс-шара. Әрине, осынау әлемдік деңгейдегі спорттық ойындар мәдениет пен спортты дамытуға, бейбітшілікті нығайтуға бағытталған. Бастысы, спорттық сайыс пен салтанаттың көрінісіндей болған Универсиаданы өткізуде қалыптасқан концепцияны қайта бағамдап, спорттық ойындарды ұйымдастырушылардың жетістіктерін жалғастыру.
Бірінші кезекте Универсиада әлемге Қазақстан Республикасының табиғаты мен тұрмысының әсемдігін паш етеді. Және Қысқы Универсиаданың Алматыда өтуі «Қазақстан – 2050» стратегиялық даму жоспары аясында елдің алға қойған мақсат-мүдделерімен астасып жатыр.
Алматыда өтетін Қысқы «Универсиада – 2017» ойындарына FІSU (студенттік спорт) альянсына кіретін әлем елдерінен 5 мыңдай спортшы қатысады. Қатысушылар 11 күн бойы халықаралық деңгейде сайысқа түседі. Универсиада әлемнің 100-ге жуық телеканалынан көрсетіледі. Бұл – Алматы, Қазақстан Универсиада өтетін қала, ел ретінде екі аптаға жуық әлем назарында болады деген сөз. Яғни, осынау әлемдік спорттық шара арқылы Қазақстанның халықаралық, ғаламдық деңгейде алға жылжуы, елдің әсемдігі мен халқының әлеуеті көрінеді. Қазақстан ірі әлемдік спорттық шараларды өткізе алатын, дамыған мемлекеттердің қатарына шығады.
Универсиаданың ішкі мүмкіндіктердің дамуына да әсері бар. Олар ішкі экономикамыздың дамуы, халықаралық қауымдастық, әсіресе, жастар мен өскелең ұрпақ алдындағы ұлттық келбетіміздің көрінуі, ұлттық спорттық бағдарламаларға, әлемдік деңгейдегі спортшыларға инвестиция тарту, болашақта Әлем чемпионаттары, Қысқы Олимпиада сияқты өзге де ірі спорттық шараларды өткізуге негіз қалау, т.б.
Қазақстанның ұсынып отырған Қысқы Универсиаданы өткізу жобасы халықаралық шараға жастардың қатысуын кеңейтіп, халықаралық бірлік пен татулыққа ықпал етеді, ірі әлемдік додаларды өткізу тәжірибесін қалыптастырады, Қазақстанның таңғажайыптарын паш етеді.
Қысқы Универсиада өткен соң спорт нысандарын халықаралық стандарттарға сай спорт нысандары болғандықтан, қысқы спорт түрлерінен Әлем чемпионаттарын, Қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге ұсыныс жасауға болады. Елдің ішкі қажетіне пайдаланып, халықты қысқы спорт түрлерімен айналысуға жаппай тартуға болады. Және Әлемдік деңгейдегі, халықаралық додаларда өнер көрсететін спортшыларымыздың дайындығы үшін де өте жақсы база қалыптасады. Жалпы, спорт нысандарының Универсиададан кейінгі болашағы қазақстандықтардың тұрмысы мен қажеттілігі үшін аса тиімді.