"Великая стена" қытайлық мұнай компаниясы 2016 жылы 499 адамды қысқартқан. Ол орташа жалақы мен әлеуметтік төлемдер сомасын да азайтқан болып шықты. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мұндай кәсіпорынды жабу керектігін айтты деп хабарлайды "diapazon.kz".
"Барлық жерде жалақы өсіп жатыр, ал сіздерде қысқарту жүріп жатыр. Барлық кәсіпорын әлеуметтік міндеттерін орындайды, ал сіздер орындамайсыздар. Онда компанияны жабу керек. Бізге мұндай компанияның қажеті жоқ. "Великая стенаның" ісінен басқа ісіміз жоқ па? Қалған 900 қызметкерді жұмысқа тұрғызамыз. Ол қиын емес, ал компанияны заң аясында жауып тастай аламыз" деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.
2016 жылы жұмыс көлемінің аз, ал шығын 1 миллиард 600 миллион теңгеге жеткенін айтып ақталды компания басшысы Чжан Цзюнь.
Алайда Сапарбаев "Великая стенаның" құрылтайшылардан 100 миллион доллар алғанын, бұл қаражаттың кәсіпорынның барлық керек-жарағына жетіп-артылатынын айтты. Бас директор бұл қаражаттың 24 миллион доллары банкке қайтарылғанын, қалған бөлігінің Қытайда сатып алған материалдың төлемі екенін түсіндірді.
"Адамдардың 60 пайызын қысқартсаңыздар, қытай қызметкерлердің де 60 пайызын қысқартыңыздар. Қысқарту болғанда, ең алдымен қытай мамандарын, басқа шетелдіктерді қысқартыңыз. Екіншіден, 3-ші және 4-ші категориядағы қытай қызметкерлерін жұмысқа алудың қажеті жоқ, Қытайдан келетін мамандар 1-ші және 2-ші санаттағы болуы керек" - деді облыс әкімі.
"Компаниядағы жұмысшылардың саны - 900, оның 66-ы қытайлық. Яғни 7 пайызды құрайды. Біз 3-ші және 4-ші категориядағы қытай мамандарын неге аламыз? Себебі барлық құрал-жабдығымыз Қытайдан, олар істен шыққанда, ақауды жоюға қытай мамандарының мүмкіндіктері көбірек" - деді Чжан Цзюнь.
Сапарбаевтың "Мұндай мамандар Қазақстанда жоқ па?" деген сұрағына қытай компаниясының басшысы "Біз сіздердің мамандарды оқытып келдік" деп жауап берді.
"Оқытсаңыздар, олар қайда? Жұмысқа тартпасақ, не үшін оқыттыңызлар - деп сұраған әкім кейінгі сөзін өз қоластындағыларға қазақ тілінде жалғады. - Бұлар біздің мамандарды оқыттық дей ме? Олар қайда? Қайда қарап жүрсіздер? Ендеше былай, 3-ші және 4-ші категориядағы қытай мамандарына рұқсат бермеңіздер! Бұдан ештеңе шықпаса, визаны да бермейміз" деп кесіп айтты Бердібек Сапарбаев.
Осыдан кейін қытай компаниясының басшысынан қысқартуға ұшыраған қанша қызметкердің "Великая стенаға" оралатыны жайлы сұралды.
Чжан Цзюнь уақыт беруді сұрады. "Ақпанда екі бұрғылауды ашамыз, яғни 114 адам жұмысқа оралады. 2017 жылы жұмыс көлемі максималдық деңгейге жеткенде, жұмысқа 800 адам тартылады. Қазір 600 адам жұмыс істейді. Барлық қызметкерді қайтарамыз деп уәде бере алмаймын, бірақ сізден уақыберуіңізді сұраймыз"- деді ол.
Сапарбаев ақтөбелік биліктің байланысы жақсы екенін, сондықтан "Великая стена" басқа өңірлермен жұмыс істей бастаса, Чжан Цзюнге қолдау көрсетуге уәде етті. Нақтырақ айтқанда, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары, сондай-ақ, Ресей өңірлері. Алайда әкім компанияны жабу мәселесін қайта көтерді.
"Құрылтайшыларға хат жолдау керек. Кәсіпорынның экономикалық жағдайын жақсартпаса, құзырлы органның көмегімен банкроттыққа дейін бару үшін шара қолданамыз. Бізге мәселесі шаш етектен компанияның қажеті жоқ. Ақтөбе облысының экономикасы бұл компанияға тәуелді емес. Қазір 900 адамның 422-сі бұл компанияда жұмыс істемейді. Қалған 500 адамға жұмыс тауып бере аламыз" деді Бердікбек Сапарбаев.