Дінтанушы: Димаштың жетістігі - қытайлардың сананы жаулау саясаты

/uploads/thumbnail/20170709202049471_small.jpg

Дінтанушы Мұртаза Жүнісұлы қоғамдағы біраз мәселелердің басын шалып, қытайлардың Қазақ еліне соншалықта құмартуының себебін және мақсатын айқындап берді. Бұл туралы дінтанушы Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазады. Сонымен қатар Аспан асты елінің миллиардтаған халқын таңқалдырып, аузына қаратқан әрі талантты әнші Димаш Құдайбергеновтің жеңісіне қатысты да біршама сыни пікірлер қалдырды.

"Димаштың Қытай жұртшылығына танымал болып жатқанына қуанып отырмыз. Ол қандай жарыс, бұл ініміз Қазақстанның атынан ресми түрде қатысып жатыр ма, кім жіберген, қалай байланыс орнатқан, түк білмеймін, білетіндер айтар. Былтырлары Сабина қарындасымыздың сұлулығы Қытай жұртын дүр сілкінтті деп тағы да мəз болдық, мақтандық. Бірақ, шынымен де осылар қуанатын нəрселер ме?!? Қытай азаматтарының назары қайта-қайта Қазақстанға ауғаны жақсы ма? Маған түсініксіздеу болып жатыр...

Қытайлардың мақсаты орындалған екен, біздің көпшілік мұны құр əн байқауы жəне қазақтың шынашақтай баласының бағының жануы деп қабылдап үлгеріпті. Өз елінде неше түрлі тосқауылға ұшырап, жолы болмаған жас қазақ  баласының талантын Қытай елі мойындап жатыр, неткен əділетті қытайлар, жақсы халық екен, қазаққа жаны ашитын халық екен ғой, қорқатындай ештеңелері де жоқ екен ғой, осы бекерден бекер үрейленіп жүріппіз қытайлардан т.б. деген пікірлерді оқып жатырмын. Мəселе, Димашта да емес, оның дауысы мен талантында да емес, ол медальдің бізге көрініп тұрған жүзі. Бірақ, мына конкурс арқылы Қазақстан қоғамының, əсіресе қазақтардың Қытай еліне, қытай халқына деген көзқарасы айтарлықтай өзгеріп кетті, политтехнологтардың көздегені де осы болған шығар. Мұнай кен орындарының айтарлықтай бөлігі қытайлардың қолында, 51 зауытын бұзып жинап Қазақстанға əкеп орналастырайын деп жатыр. Қазақ қыздарын бойдақ қытайларға ұзату жобасы жүріп жатыр. Қазақстаннан ауылшаруашылығы нысанасы болып табылатын жерлерді сатып алу немесе жалдау мақсаттары айқын. Шыңғысханның киносы мен сериалдары осыдан оншақты жыл бұрын алғашқы пиар жобаларының бірі ретінде тиімді жүзеге асырылды. Көрермен жылы қабылдап, астыңғы санаға Қытай киноматографиясының оң имиджі орналастырылды, тіпті қытайша үйрене бастаңдар деген сөздерді естідік. Енді осы əн байқауы тағы бір рет керемет күшті, бай жəне əділетті Қытай елі түсінігін санаға құйып берді. Қуаныңыздар, қуана беріңіздер!

Мен сіздерге айтайын, егер керемет бір ғалым бауырымыз шығып, ғылыми жаңалық ашса осындай жаңғырық шықпас еді, бар ғой аз да болса отандық ғалымдар, қайсыбірін естіп жүрміз, өлгені өліп жатса да халық білмейді ғой! Фейсбукта ғылыми жаңалықтардың өстіп қызу талқыланғанын көрдіңіз бе?! Ал әншілер мен боксшылар туралы болғанда ше?! Қазақты танытып жүрген, қазақ үшін еңбек етіп, тер төгіп жүрген тек осы кісілер сияқты. Кешіріңіз, сіз ауырғанда дәрігер іздейсіз әнші емес, жұмысқа барғанда жұмысыңызды сапалы істеу керексіз кім боп істесеңізде, сізге жұмыста ән айтқызбайды ғой. Әрине, өнер де спорт та керек-ақ, бірақ біз осындай бұқараға тез көрінетін, шоу-бизнес, жұлдыз категорияларын қатты құмартып, өмірге керекті өңге салаларды болса лайығынша құнттамай келе жатқан сияқтымыз...

Қазір не көп əнші көп, биші көп, актер мен актриса көп... Осы Димаш керемет əн айтады деп біздің еліміздегі қандай нақты проблемалар шешіледі? Мысалы, өзіңіздің жеке өміріңізде, айналаңызда... ештеңе де өзгермейді, бұл бір шоу, ұйымдастырушылар да ақымақ емес қой, олардың да бір көздеген мақсаттары бар болар, өте сафділ (наивный) болмайықшы! Неге жапон, кəріс, ағылшын, неміс əншілер қатыспайды?! Сонсоң қазақты əлемге таныту дегенді қалай түсінеміз осы?! Қыздарымыз шетінен сұлу, ұлдарымыз шетінен жіңішке дауыспен керемет əн айтады деп пе?!? Бұл қате пікір. Біз қазақты білімділігімізбен, өнімділігімізбен, еңбекшілдігімізбен, жоғары технологиялық өнімдерімізбен, интеллектуалды потенциалымызбен ғана шынайы таныта аламыз. Егер шоу-бизнеспен бір ел танылатын болса Голливудтан да көп фильм шығаратын Үндістан танылып, ең бай да дамыған елге айналар еді ғой. Үндістанда 700 млн адамның дəретханасы жоқ, ішетін таза суы жоқ, бірақ əнші де, биші де, кино өнері де соларда...", - дейді Мұртаза Жүнісұлы.

 

Қатысты Мақалалар