17 жыл бұрын Өзбекстаннан атажұртқа оралған қандасымыз Сандуғаш Тұрманова әлі күнге дейін ҚР-ның азаматтығын ала алмай жүр. Қазір ол Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты Жаңақұрылыс елді мекенінде сегіз баласымен пәтер жалдап тұрады. Ішерге асы, киерге киімі жоқ көпбалалы отбасы көмек сұрайды. Бұл туралы kaztrk.kz хабарлады.
Сандуғаш Тұрманова 2000 жылы Өзбекстаннан отбасымен бірге атажұртқа қоныс аударған. Сол тұста оның қолында өзбектің емес, Кеңес өкіметі кезіндегі қызыл паспорт болған. Бірақ сол құжатпен Жаңаөзенге тіркеуге тұрған. Ал 2003 жылы олар Алматы облысына көшіп келген. Уақытша пәтер жалдап, Алтын Орда базарында сауда жасап күн көрген.
“Бала үстінен бала туып, паспортты ауыстыратын, жасайтын ешқандай жағдай болған жоқ. Күйеуім базарда жүк тасушы болды, мен баламен үйде отырдым” дейді Сандуғаш Тұрманова.
Ол Қазақстанға келгелі 7 құрсақ көтерген. Оның біреуі сәби кезінде шетінеп кеткен. Екінші перзенті үйдің жанындағы суға тұншығып қайтыс болды. Ал қалған 8 баланы бағып-қағамын деп тіркеуге де тұрмаған. Содан бері 17 жыл өткен. Көпбалалы ана атанғанымен әлі күнге дейін азаматтығы жоқ. Сондықтан, алтын алқа алмақ түгілі, мемлекеттен берілетін көмектің бәрінен қағылған.
“Бесеуінде де метркесі жоқ. Перзентханада маған анықтама да берген жоқ”, – дейді ол.
Былтыр жолдасы екеуі бала-шағасының аузынан жырып, тапқан 95 мың теңгесін "жеке куәлігіңді жасап беремін" деген беймәлім келіншектің қолына ұстатқан. Ақыры ол алдап соғып, ұшты-күйлі жоғалған. Енді ескі құжатынан да қағылып отыр.
Көші-қон полициясы бұдан хабардар екенін жеткізді. Мамандар оларға оралман мәртебесін алуға көмек беретіндерін айтты.
Қазір тіркеу науқаны жүріп жатыр. Сандуғаш болса құжат тексертуден қашып, үйден шықпай отыр. Әйтеуір балалары мектепке барады. Бұл да көңілге медет. Алайда олардың киерге киімі, ішерге асы жоқ. Аядай бөлмеде балалардың аш құрсақ жүретін кездері аз емес.
Бұл отбасы 17 жылдан бері пәтер жағалап, әркімнің табалдырығын тоздырып жүр. Сондықтан олар қандай да болмасын көмекке мұқтаж.