Бүгін қазақ әдебиетінің классигі, тарихшы, жазушы Мұхтар Мағауин 77 жасқа толды.
Мұхтар Мағауин 1940 жылы Семей облысының Шұбартау ауданында дүниеге келген.
Әр жылдары «Қазақ әдебиетінде», «Жазушы» баспасында, «Жалын», «Жұлдыз» журналындарында қызмет етті. «Кешқұрым» атты алғашқы әңгімесі 1964 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланды.
Кейінгі жылдары ол «Ақша қар», «Бір атаның балалары», «Қияндағы қыстау», «Көк кептер» повестер мен әңгіме жинақтарын, «Шақан шері» романдарын, «Аласапыран» роман-дилогиясын, «Ғасырлар бедері», «Қазақ тарихының әліппесі» ғылыми-зерттеу еңбектерін, «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» оқулықтарын, хрестоматия және басқа да оқу құралдарын жазды. Оның шығармалары әлемнің бірнеше тілдеріне аударылған.
«Қобыз сарыны» 1968 жылы жарық көрген қаламгердің басылған тұңғыш дара кітабы. Халқымызға кеңінен танымал суреткер лайықты бағасын алған талант. Әу бастағы ғылыми зерттеулерінен «Әйел махаббаты», «Тазының өлімі», «Көк мұнар» тәрізді алғашқы жылдардағы көркем әдеби туындыларынан бастап түп-түгел оқырман назарында.
«XVIII ғасырда өмір сүрген қазақ ақын-жырауларының жинағы «Алдаспанды», «Бес ғасыр жырлайды», «Ай заман-ай, заман-ай» ақын-жырау шығармалары жинақталған антологияны да Мұхтар Мағауин құрастырып, Шалкиіз, Қазтуған, Асан Қайғы, Бұқар жырау, Ақтамберді сияқты бабаларымыздың бүгінгі ұрпақпен қайта табысуына мол үлес қосты.
1984 жылы Мемлекет сыйлығының лауреаты, 1996 жылы Қазақстанның халық жазушысы, «Түрік дүниесіне қызмет» атты халықаралық сыйлықтың иегері атанған қаламы қарымды жазушы 2007 жылы Чехияға қоныс аударады. Мұхтар Мағауин қазір АҚШ-та тұрады. «Шыңғыс хан» эпопеясының соңғы төртінші кітабын аяқтағанын хабарлады.
«Уақыт пен заманның тынысын тап басып танушылық, адам танығыштық, аңғарғыштық, асқан байқампаздық, айрықша сезiмталдық, ерекше сезiнгiштiк, жүйрiк интуиция, шалқар дарын, терең бiлiм, мол тәжiрибе... Мұхтар Мағауиннiң бойынан артығымен табылатын осы қабiлет-қасиеттер оған Қазақстанның ұлтсыздануға ұрынғанын да баршамыздан бұрын сездiртiп, бәрiмiзден ерте дабыл қақтырды. Қазақстанда 700-ден астам ақын-жазушы бар болса, соның iшiнде бiздiң ұлтсыздануға ұрынғанымызды, ұрынғанда да оңбай ұрынғанымызды алғаш рет тапжылтпай дәлелдеп, түбейттей саралап, кеңiнен таратып айтып берген жазушы – осы Мұхтар Мағауин. Ұлтсыздануға қалай, қайтiп ұрынғанымыз жөнiнде сериялы мақалалар (өзi айтқандай: зарлы толғаулар) жазып, бұларды артынан «Ұлтсыздану ұраны» деген атпен кiтап етiп бастырып та шығарды. Әттең, көрер көз, тыңдар құлақ болмады, әйтпесе Мұхтар Мағауиннiң «Ұлтсыздану ұраны» әрқайсымыздың, әсiресе, мемлекеттiк шенеунiктерiмiздiң үстелiнiң үстiнен түспейтiн қажеттi құралға айналуы керек-ақ едi...
Ендi Мұхтар Мағауинге параллель жасай отырып, бiз де жазушымен бiрге жарыса ойланып көрелiкшi: шынында да, неге бұлай? Неге құс екеш құс құрлы (қара ләйлек құрлы) түйсiгiмiз жоқ? Құс екеш құс та өзiн-өзi сақтай, қорғай алады екен ғой? Бiзге не болды? Бiздi неге соншама қара басты? Жер-жаһанның жүзiнде өзiнiң тiлеуi өзiне қарсы, өзiнiң қалауы өзiне қайшы келетiн қазақтан басқа ұлт бар ма екен, сiрә? Бүгiнгi пәтуасыз, парықсыз iсiмiздiң (жаппай ұлтсызданып жатуымыздың) ертеңгi тiрлiгiмiздiң ойран-ботқасын шығаратынын неге ойланбаймыз?..
Ащы ыза-күйiк, ауыр құса, өксiктi мұң-наладан туған Мұхтар Мағауиннiң осы зарлы монологының өзi-ақ оның шетелде ерiгiп жүрмегенiн, көкiрегi ат басындай шерге толып, ұлттың мүддесi үшiн iшқұста болып жүргенiн көрсетедi. Түркiнiң киелi Көк Бөрiсi секiлдi...
Қош, сонымен Мұхтар Мағауиндi шетелге кетiрген не («кiм?» демей-ақ қоялық)? Ұлттың тағдыры. Ұлттың мүддесi. Мұхтар Мағауиндi елге шақырудан бұрын ең әуелi оның шетелге кетуiнiң шын себебiн бiлiп алуымыз керек едi. Сонда ғана адасып емес, қыдырып қайту үшiн емес, ұлттың мүддесi үшiн шетелге саналы түрде кеткен жазушыны елге шақырудың жөнi де бөлекшелеу болар едi...
Екiншiден, М.Мағауин шетелге кеткен бiраз жылдан берi ұлтымыздың рухани дүниесiнде, әдеби-мәдени әлемiнде, саяси кеңiстiгiнде қазақтың мүддесiн түгендеуге бағытталған қандай оң өзгерiстер болды? Не оңалды? Не түзелдi? Ештеңе де! Тек керi кету, керi сию... Осыдан кейiн «...қай бетiмiзбен шақырамыз?..» деп тағы дағдарасың...»,– деп пікір білдірген еді мақаласында Әмірхан Меңдеке.