Қытайдағы «I am a singer» байқауына қатысып, даусымен әлемді таң қалдырған Димаш Құдайбергеновті танымал әнші Лара Фабиан кездесуге шақырды.
Бұл хабарды Димаштың досы әрі PR-менеджері Алпамыс Шаримов жеткізді.
«Бүгін бізде қуанышты жаңалық! Димаштың әнін ғаламтордан тыңдаған атақты әнші Лара Фабиан әдемі тілектерін білдірді. Димаштың дауысына таңқалысын жасырмай, кездесуге шақырды!», - деп жазды Алпамыс өзінің Инстаграмдағы парақшасында сүйінші сұрап.

Оларға Л.Фабианның сазгері Флабиен хабарласып, Ларамен Уатсап мессенджері арқылы сөйлескен диалогын жіберген. Қазір кездесу жайлы келіссөздер жүргізіліп жатыр. Алпамыстың айтуынша, бұл диалогты да Флабиеннің рұқсатымен жариялап отыр:
Флабиен: Қазақстандық мына әнші жігітті естіп көрдің бе?
Лара: Иә, таңқаларлық!
Флабиен: Оның дауыс мүмкіндігінің кеңдігі өте ғажайып!
Лара: Ән орындау шеберлігі өте биік деңгейде! Мықты дауыс! Флабиен: Онымен кездессек қалай болады?
Лара: Неге кездеспеске?
Еске сала кетсек, Хунань телеарнасының эфирінен көрсетілген «I am a singer» байқауының 3-кезеңінде Димаш үшінші орында иеленген болатын. 10 кезеңнен тұратын байқауда Димаш жалпы есепте бірінші орында тұр.