Бүгін белгілі оппозициялық саясаткер, 32 жасында-ақ Қазақстанның Ақпарат министрі қызметіне келген, ашық ойлы, жаңашыл тұлға Алтынбек Сәрсенбайұлының қастандықпен қаза тапқанына 11 жыл толды.
Осыған орай, Тәуелсіз Қазақстанның шоқтығы биік саясаткері, саяси құрбан Алтынбек Сәрсенбайұлын әріптес достары, туыстары және үлгі тұтар шәкірт жастар еске алды. Еске алу таңертең ерте қайраткердің жерленген Кеңсай зиратына барып құран оқудан басталды. Қабір басына мемлекет және қоғам қайраткері Төлеген Жүкеев пен Ораз Жандосов, Жас Алаш газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы, Саясаттанушы Айдос Сарым, журналист Ермұрат Бапи сынды ел таныған азаматтар барды.
Қабір басында Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы «Бұл күн қазақ халқы жақсы өмір сүрсе деп армандаған Алтынбекке алғыс айтатын, оған қастандық жасағандарға қарғыс айтатын күн», - деді.
Алматыдағы Астана қонақүйінде жалғасқан еске алуға арналған баспасөз конференциясына Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, қоғам қайраткері Евгений Жовтис, Елдегі сөз бостандығын бақылайтын «Әділ сөз» қорының жетекшісі Тамара Калиевалар баяндама жасады. Баяндамада сөз бостандығы мен ақпараттық еркіндік, саяси тәуелсіздік сөз болды. «Алтынбекке атылған оқ – халыққа атылған оқ» деген сөз тағы бір жаңғырды. Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуына елеулі үлес қосқан қайраткері – Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне байланысты қылмыс әлі ашылмады деп санайды туыстары. Олардың ойынша, «5 оқ атылған қылмыс күні бүгінге дейін толық ашылмады. Оның себебі саяси тапсырыс болуында.»
Айта кетер болсақ, Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілері Бауыржан Байбосын және Василий Журавлев 2006 жылы дәл осы күні қастандықпен қаза тапты.
Бас прокуратураның мәлімдемесіне сәйкес кезінде Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіру жөніндегі тапсырысты орындағаны үшін айыпты деп танылған Рустам Ибрагимбеков 2012 жылғы сәуірде Қазақстанның Жоғарғы сотына қайта арыз жазып, «қастандыққа тапсырыс берушінің шын есімін» жария еткен.
2013 жылы желтоқсанның 20-сы күні Қазақстан бас прокуратурасының өкілі Астанада арнайы брифинг өткізіп, «Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс беруші Ержан Өтембаев емес, Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев» деген мәлімдеме жасады. Ержан Өтембаев 2006-шы жылы саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берді деген айыппен 20 жылға сотталған болатын, кейіннен оның жазасы екі рет жеңілдетіліп, босап шықты. Қылмысқа айыпты деп танылған, ҰКҚ экс басшылары, сырттай сотталған Рахат Әлиев 2015 жылы 24 ақпан күні Австрия түрмесінде жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Өлімінің себебі ретінде өзіне қол жұмсағаны айтылды; Әлнұр Мұсаев болса Еуропада бостандықта жүр.
Алтынбек Сәрсенбайұлы – 1993-інші жылдан бастап Қазақстанның баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі, ақпарат және қоғамдық келісім министрі, мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі, 2001-інші жылдан Ұлттық қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі сынды лауазымды мемлекеттік қызметтерді атқарды. Ал 2003 жылдың күзінен бастап Алтынбек Сәрсенбайұлы Қазақстан оппозициясының қатарына қосылып, «Ақ жол» демократиялық партиясының тең төрағасы болып сайланды. 2004 жылы Қазақстанда парламент сайлауы өтер алдында Алтынбек Сәрсенбайұлы аз ғана мерзімге ақпарат министрі қызметіне қайта оралды. Алайда, сол жылы күзде өткен парламент сайлауы заң талаптарын өрескел бұрмалаушылықпен өткізілгенін мәлімдеп, оған наразылық ретінде министр қызметінен кетті. 2005 жылдан оппозициялық «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы және «Әділетті Қазақстан үшін» республикалық қозғалысының төралқа мүшесі болды.
Оқырман назарына журналист Қасым Аманжолұлы түсірген Алтынбек Сәрсенбайұлы туралы «Елімнің ертеңі не болмақ» атты деректі фильмді ұсынамыз.
Пікір қалдыру