Бүгін ОҚО-ның Түлкібас ауданында Жамбыл облысындағы қар көшкінінен қаза тапқан әскери қызметкер Әмір Аралбаевты жер қойнына тапсырды.
Nur.kz хабарлағандай, Дауан ауылындағы марқұмның жерлеу рәсіміне оның ауылдастары мен полковник, "Оңтүстік" инженерлік қызметінің басшысы Мұрат Жүсіпов келген.
"Бұл біздің кінə емес, бұл жазым. Егерьлер шекараны күзетеді. Олар əскери міндетін қай жерде өтейтінін түсіне отырып, барған. Бұл əскери бөлімшелер ұдайы əскери дайындық үстінде болады. Сондықтан осындай жағдайда қаза тапты. Өңірлік қолбасшы мен Қорғаныс министрлігі атынан қайғырып көңіл айтамын", - деді сөз алған Мұрат Жүсіпов.
Жабыл облысында әскери жаттығу кезінде қар көшкінінен жеті әскери қаза тауып, тағы 16 адам зардап шеккені хабарланған болатын. Жамбыл облысында Көксай шатқалында 91678 әскери бөлімінің жоспарлы әскери дайындық барысында ойламаған жерден қар көшкіні жүрген.
Tengrinews.kz жаңалықтарының жазуынша, 17 ақпанда сағат 13.15-те Жамбыл облысының ТЖД кезекші бөліміне қорықшы Әлімбековтен Жуалы ауданы Алатау ауылынан 35-40 шақырым жерде (Көксай шатқалында) қар көшкіні жүріп, 23 әскеридің қар астында қалғаны туралы хабарлама келіп түскен.
91678 әскери бөлімінің арнайы таулы-егерлік ротасы Қазақстан Республикасының жалғыз Қарулы күші болған. «Әскерилерге өз күштерін біліп, денсаулықтарына зиян келтірмес үшін бейімделу қажет. Әрине, енді ғана келген әскерилерде біраз қиындықтар туады. Біз бастапқыда оларды тауға жібермейміз. Олар медициналық тексерістерден өтіп, нормативтерді тапсырып болған соң ғана таулы аймақтарға шығады. Сарбаздарға бейімделу үшін бір ай жетеді. Бастапқыда олар 3 шақырым жүреді, кейін 5, 10 шақырымға дейін барады. Барлығы физикалық тұрғыдағы дайындықтарға байланысты. Ол қандай спортшы болмасын, бірден тауға шыға алмайды», - дейді әскери бөлім туралы бұрын басқарған аға лейтенант Бек Қамбарбекұлы.
Көшкіннен кейін 91678 әскери бөлімінің қызметкерлері мен жедел жәрдем қызметі (барлығы 60 адам) оқиға орнында іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіп жатқаны хабарланды. Тағы 75 адам, яғни құтқару қызметінің жеке құрамы және жеті арнайы техника Тараз қаласынан жөнелтілген. Қар көшкіні салдарынан қаза тапқан жеті адамның мәйіті табылған.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша қаза тапқан әскерилердің аты-жөндері:
кіші сержант М.Т. Қыдырбаев, 1991 жылғы,
кіші сержант А.К. Ерісбаев, 1992 жылғы,
қатардағы Т.К. Кенесов, 1993 жылғы,
кіші сержант А.Ж. Аралбаев, 1988 жылғы,
қатардағы Н.К. Шәкен, 1995 жылғы,
ефрейтор М.Б. Тұрысмағанбетов,1991 жылғы,
аға лейтенант А.К. Мошабаев, 1991 жылғы.
Интернетте аталған әскери бөлімнің өткен наурыз мерекесінде түсірілген әсерлі ролигі пайда болды.
Айта кетсек, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың Жамбыл облысындағы қайғылы оқиғаны тергеу барысын өз бақылауына алатыны хабарланған болатын. Айта кетейік, қаза тапқандармен қоштасу рәсімі әскери бөлімде өтеді.
Қазақстандағы қаза тапқан әскерилердің отбасына және Қазақстан президентіне Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияев көңіл айтты.