Ақтөбелік мектептердің бірінің директорын әріптестерінің көзінше тұтқындады

/uploads/thumbnail/20170709213825517_small.jpg

Бүгін Ақтөбеде 300 мың теңге көлемінде пара алған №24 лингвистикалық мектеп-гимназияның директорына қатысты сот үкімі шықты. 35 жастағы Айдархан Әзімбаев алдағы 3 жылын түзету колониясының жалпы режимінде өткізеді, деп хабарлайды Baq.kz

Мектеп директоры Айдархан Әзімбаев пен есепші Майра Еділбаеваның соты бүгін сот залында емес, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филормонияда өтті. Мұнда қаладағы мектеп, колледж директорлары түгел жиналған. Әріптестерінің көзінше айыпталушыларға Ақтөбе қалалық №2 сотының судьясы Гүлнәр Тілепова үкім шығарды.

«Айыпталушы Айдархан Әзімбаев ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмысты жасауда кінәлі деп танылып, оған өзіне тиесілі мүлкі тәркіленсін. Білім жүйесіндегі басқару лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», - деді судья Гүлнәр Тілепова.

№24 мектептің директоры қызметіне жақында тағайындалған Айдархан Әзімбаевтың үш баласы мен зейнет жасындағы ата-анасы бар. Ол әріптестерінің көзінше қамауға алынды. Ал, парақорлыққа делдал болған есепші Майра Еділбаеваға айыппұл түріндегі жаза тағайындалды. Ол 3 миллион теңге айыппұлды бір ай ішінде өтеуі тиіс. Болмаған жағдайда сот үкімі өзгеруі мүмкін.

«Майра Еділбаева ҚР Қылмыстық кодексінің 368-бабы 1-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танылып, оның өзіне тиесілі мүлкі тәркіленсін. Білім беру жүйесіндегі бас есепші лауазымын атқару құқығынан өмір бойы айыра отырып, параның он еселенген сомасы мөлшерінде, яғни 3 млн теңге көлемінде айыппұл жазасы тағайындалсын. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін бір ай ішінде айыппұлды төленуі тиіс. ҚР ҚК 41-бабының 3-тармағына сәйкес айыппұл төлеуден жалтарған жағдайда ҚР ҚК 368 бабының 1-бөлігіне сәйкес бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылуы мүмкін», - деді судья Гүлнәр Тілепова.

Қаңтар айында Ақтөбе қаласындағы №24 лингвистикалық мектеп-гимназияның директоры Айдархан Әзімбаев мектептің бас есепшісі Майра Еділбаева арқылы асхана меңгерушісінен 300 мың теңге пара алған. Басшыға асхана меңгерушісі көрсетілген қаржыны екі бөліп берген. Кейін мектеп директорын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының облыстық департаментінің қызметкерлері ұстады. Қос айыпталушы да кінәларын толық мойындап, соттан кешірім сұрады. Сондай-ақ, Ақтөбе қалалық №2 сотымен облыстық білім басқармасының атына жеке қаулы шығарылды.

Қатысты Мақалалар