Оу, халайық! Арзан боп тұрғанда жұмыртқа алып қалайық! Шымкентте кеше ғана он данасы - 320 теңгеден сатылып келген жұмыртқаның бағасы бүгін – 220 теңге боп тұр. Ал, келісі 350-450 теңгеге жеткен мандарин 280-300ден, мың теңгелік қияр 550-700 теңгеге саудалануда. Бұл жөнінде мәліметті matritca.kz тілшісі хабарлайды.
Әншейінде, «жабайы» саудадан аяқ алып жүре алмайтын, «Қырғы базардың» айналасы тағы да тазарып қалыпты. Баға неге бұлайша күрт төмендеп кетті десем, кезекті рейд жүріп жатыр екен...
Құрметті облыс және қала басшылары!
Сіздерді не қызметкерлеріңіз, не саудагерлер ылғи осылай «алдайды». Әлде, БАҚ үшін жасалған, «көзбояушылық» па? Неде болса, үкімет басшысына бір бояма есеп кетті-ау! Бұлай дейтінім, осыдан бірлі жарым ай бұрын тура осындай көріністің куәсі болған ем. «Бұл неғылған коммунизм» деп кеткенмін. Ол кезде қызанақтың келісі бір аптадай 100-150 теңгеге дейін төмендеген еді.
Бағаны қолдан көтерген саудагерлерге «айыппұл» салу керек. Әсіресе, жекеменшік дүкен егелері ойына келген бағаны қойып жүр. Жұрт осы күнде «пенсияның» көбейгеніне кейитін болған. Себебі, инфляция бәрібір қалтаны қағады. Жалпы, бензиннің тауық пен сиырдың «бұттарына» не қатысы бар екен? Қазір бір «қолдың» сүті – бір жарым литр бензиннен де қымбат.
Халықты салыққа «қарық» қылғыш үкімет, одан да аспандаған азық бағасын ауыздықтауға құлықты болсайшы.
Президент аймақтарға іс-сапармен баратын кезде, әкімдіктегілер белгіленген бағыттың бәрін ретке келтіріп қояды. Бүгінде жолдарының тоз-тозы шыққан көшелердің тұрғындары: «Елбасы біздің көшемен де жүріп өтсе ғой» - деп әзілдесетін болған. Сол айтпақшы, Оңтүстіктің әкімі мен Шым-шаһардың басшысы жиі-жиі базарлатып тұрса екен деген тілек қой, біздікі.