Журналистің жан айқайы: ҚР Парламентінің назарына

/uploads/thumbnail/20170709215320932_small.jpg

Құрметті ҚР Парламент және жергілікті мәслихат депутаттары – мүлікті жеке меншікке өткізу төңірегінде тиылмай тұрған мына жайларға көңіл аударады деп үміттенемін. Жасыратыны жоқ соңғы жылдары аймақтарда жергілікті әкімшіліктер заңсыз келісім-шарттар жасау арқылы өздерінің меншігінде болып келген жүздеген шаруа қожалықтарының жерін саудаға салып жіберді. Мыңдаған, миллиондаған гектар жер бүгінде түрлі олигархтар мен латифундистердің, тіпті шетелдіктердің меншігіне өтіп жатырғаны да шындық. 26 жылдың ішінде Конститтуцияға 15-тен астам өзгерістер енгізу жолымен талай «мүліктердің» ірі аграрлық компаниялар мен қаржы топтарының сатып алуына «алғы шарттар» жасалынды. Өкініштісі, осы уақытқа шейін Ата Заңға өзгерістер енгізу мен жерді, басқа да мүліктерді жеке меншікке өткізу реформасы бірде-бір референдумсыз халықтын сыртынан жүргізіліп келді. 

Айтарым, мемлекет тарапынан жоспарланып жатқан 26 - бапқа қатысты «соңғы өзгерістер мен толықтырулар» бұған дейін де жекешелендіруге байланысты жіберілген қателіктерді қайталауы, халықтың саяси, әлеуметтік, экономикалық өмірін одан сайын тұралатуы мүмкін. Егер 26-бапты өзгерту күшіне енетін болса, бұл қадам онысыз да өзімен-өзі қалған ауыл халқының «жоғары билікке ықпал ететін», шалқайғанда тіренетін қолындағы соңғы «СТРАТЕГИЯЛЫҚ ТЕТІГІ» жерінен де айырып (қолындағы қаруы десек те болады), жай малын бағып күнін көріп отырған жекелеген отбасыларын бүгінгі қонысынан да еріксіз көшуге, ауыл халқын үлкен демографиялық қозғалыстарға мәжбүр етеді. Мүлкінен, жерінен, бәрінен айырылған халық «АЙТАҚЫРДА» қалды деген сөз.

Бұған қазірдің өзінде жұмыссыз қалып, жері тарылып, қожалығын кеңейтіп мал бағу мүмкіншілігінен айырылған ауылдағы көптеген «шаруа қожалықтары» тарап, олардың даладан қалаға, қаладан басқа облыстарға көшіп жатырғаны дәлел болады. Бұл процесс (ақтабан шұбырынды) әлі жүріп жатыр. 

Қоғам қайраткерлері, заңгерлер, халықтың басым бөлігі «Қазақстан Республикасының Конституциясындағы 26 - бапқа өзгертулер мен толықтыруларды енгізу туралы» Заң жобасының асығыстық екенін, ертең оны біреулер түрліше айналдырып, пайдаланып кетуі мүмкін екенін ескертуде. Бұл да СІЗДЕРДІ ойлантуы тиіс өкілетті билік депутаттар. Әрқайсымыз тарих алдындағы жауапкершілігімізді сезінуіміз керек.

Біз, сайлаушылар - мұндай экономикалық, саяси реформаны бастамас бұрын меншік бөлісінде төмендегі шараларды іске асыруымыз қажет дейміз. 

Біріншіден – Атқарушы билік пен өкілетті билік Парламент пен мәслихаттардың құзыры әділ сайлау жолымен терезесі тең сөйлесер, шынайы көп партиялы күйге келтірілмейінше;

Екіншіден – Жаңа сайлау заңы қабылданбайынша; 

Үшіншіден – «Жергілікті өзін-өзі басқару заңы» қайта қаралып, толыққанды жаңа нұсқасы қабылданып, халық әкімдерді өздері сайламайынша;

Төртіншіден – Үкімет, Парламент, Сот билігі құзыретін айқындап, оларды қадағалайтын «Конституциялық Сот» билігі қалпына келтірілмейінше;

Бесіншіден – заңды жүзеге асыратын, қоғамдық қатынастарды реттейтін механизмдерді қалпына келтірмейінше - қандайма өзгерістер атаулыны тоқтата тұрғанымыз дұрыс болады.

Парламент депутаттары парасатты келісімге жеткізетін, халық мүддесінен шығатын жоғарыдағы шараларды жүзеге асырады, Конституциядағы 26-баптың бұрынғы нұсқасының өзгеріссіз қалдырылуына ықпал етеді деп үміттенеміз.

 

Н.Қошаманұлы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі.

 

Қатысты Мақалалар