Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов журналистерге берген сұхбатында ШҚО апат болған тікұшаққа қатысты тексеру жұмыстары туралы айтып берді. Министр әлі күнге дейін тікұшақта қанша адам болғаны белгісіз екенін айтты.
«Біз қылмыстық іс қозғадық. Қазір тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әзірше бірдеңе деп айту қиын» деді ол.
Журналистер ұшақта қанша адам болғанын білгісі келді. Бұған дейін БАҚ онда ұшқышпен қосқанда үш ер адам болғаны хабарланған.
«Әзірше нақты деректер айту ерте. Біз соңына дейін барлық жағдайды анықтамадық» дейді Қасымов.
Айта кетейік, Гапура Тұрлыхановаға тиесілі "Стрекоза 7-Gazelle SA341" тік ұшағы 25 ақпанда таң ертең ШҚО Үржар ауданы Қожа қыстағынан ұшып кеткен. Ол Ақшатау ауылына қонуы керек еді. Алайда діттеген жеріне жете алмады. Ресми деректерге сай, апат болған тікұшақта екі адам болған. Ұшқыш Петр Устинов (қайтыс болды) және Мәслихат депутаты Айтқали Айтбаев (тірі қалды).