Кәсіп ашқысы келетіндерге микронесиелеу бағдарламасы іске қосылды

/uploads/thumbnail/20170709220346642_small.jpg

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер Кеңесі 2016 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша есеп беріп, алдағы уақытқа арналған жоспарымен бөлісті деп хабарлайды qamshy.kz.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингке «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Хатшылығының жетекшісі Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова, «Asyl Arman» ЖШС директоры, Оңтүстік Қазақстан облысы Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Архабаева, «Территория дизайна deSali» студиясының, «Coffee & People» ЖШС директоры, Маңғыстау облысы Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова және «DELUXE» журналының бас редакторы Қарағанды облысы Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әлия Садырбаева қатысты.

«Қазақстан әйелдерінің өмірлік ұстанымы күн сайын белсенді болып келе жатқанын көріп отырмыз. Бизнес жайында айтқанда, кәсіпкерліктегі әйелдер үлесі айтарлықтай өсті. Сандарды сөйлетсек, бүгінде кәсіпкерліктегі әйелдердің үлесі шамамен 50%, ал мемлекеттің ЖІӨ құраудағы салымы ­– 40%. Мұндай жақсы көрсеткіштер Елбасының жүргізіп отырған саясаты мен мемлекеттік қолдаудың арқасында орын алып отыр», –­ деді Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова.

Оның айтуынша, Кәсіпкерлер палатасы 2016 жылы алғаш рет пилоттық режимде Қазақстанның 6 өңірінде бизнесті микронесиелеу бағдарламасын іске қосты. Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда мен Маңғыстау облыстарындағы Өңірлік кеңестер осы жобаның жүзеге асырылуында белсенді жұмыс атқарып келеді.

Бизнеске сервистік қолдау көрсету бойынша өткен жылы әйелдерге 18 мың қызмет көрсетілген. Ақпараттық қамтамасыз ету бойынша моноқалалар мен аудандарда 45 мыңнан астам әйелдерге мағлұмат берілген. Сонымен қатар, «Бизнес-мектеп» қызметі аясында 80 мың әйел оқытылған.

Қазақстан азаматтарының 9 128 098 (52%) саны әйелдер. Олардың ішінде 16 жастан 62 жас аралығында еңбекке жарамдылары ­– 5 323 439 (50%). Ал шағын және орта кәсіпкерлікті 697 355 (42%) әйел басқарады. «Атамекен» ҰКП 17 666 кәсіпкер әйелге сервистік қолдау көрсетсе, 45 501 әйелге ақпараттық қолдау жасады.

«Іскер әйелдер кеңесінің жұмысынан көптеген мысалдар келтіруге болады. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысында жалғыз ұста әйел Светлана Кошелеваның ісі айрықша мысал бола алады. Іскер әйелдер кеңесінің Көкпекті ауданындағы бөлімшесінің белсенді жұмысы мен қолдауының арқасында «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» бағдарламасы аясында 2 миллион сомасында несие алып, өзінің шағын цехын ашып, темірде соғылған 10 түрлі бұйым дайындайды. Мұндай шеберлік ескерусіз қалмады. Шеберлер «Жаңа өнім» аталымымен марапатталып, сый-сыяпаттарға ие болды»,­ – деді Ләззат Рамазанова.

Брифингте атқарылған жұмыстардың есебін берген іскер ханымдар алдағы жылға арналған жұмыс жоспарымен таныстырып, барлық іскер-әйелдерді бірігуге шақырды.

Қатысты Мақалалар