Аманжол Рысмендиев. Өлеңдер

/uploads/thumbnail/20170709220900716_small.jpg

Рысмендиев Аманжол Советбекұлы - халықаралық деңгейдегі трансформациялық бизнес-тренер. Көшбасшылық және бизнесті дамыту саласы бойынша еліміздегі ең көп сұранысқа ие бизнес-кеңесші. ТМД бойынша өз семинар-тренингтері арқылы жыл сайын 5000-нан астам адамның сапалы өмір сүруіне әсер етіп жүрген мотиваторлық оратор.

Аманжол Рысмендиев 1991 жылы маусым айының 16 жұлдызында Алматы облысы Ұйғыр ауданы Сүмбе ауылында дүниеге келген. Қарапайым отбасыдан шыққан. 1997 жылы Сүмбе ауылының орталық мектебіне барады. Мектепте сабақты үздік оқығандығымен көзге түсіп 2004 жылы Абай атындағы Республикалық дарынды балаларға арналған қазақ тілімен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатына түседі. Мектепте оқып жүріп 9-сыныпта Республикалық «Ара» журналында тілші, Республикалық «Қыз құпиясы» журналында бас редакторының орынбасары, Республикалық «Жас өркен» қоғамдық ұйымында жас журналистердің Вице-президенті, Президенті қызметтерін атқарады.

Аманжол Рымендиевтің «Өзіңді оят», «Өрлеу», «Кризистен шығудың жеті жолы», «Кәсіпкерлік құпиясы», «110% -ға жақсы өмір сүрем десеңіз...» «Бизнестегі бес қару» атты мотивацияға толы кітаптары оқырман назарына жол тапқан.



 

Өзіңді оят, дабылын қақсын арманың!

 

Өзіңді оят!

Жүре бермей түңіліп,

Күдіктеніп, қорқып, ылғый кідіріп.

Тұтансын сенде жалын беретін жүрекке,

Ұмтылдыратын Ұлы арман және Бір үміт.


Өзіңді оят!

Дабылын  қақсын арманың,

Күтуде талай жетістіктерің алда мың.

Шабыттанғайсың жарқын болашақ жайында,

Уайым-қайғының астында сөніп қалмағын.


Өзіңді оят!

Адам екеніңді еске алып,

Білімнің жолын, ілімнің жолын төске алып.

Өмір дегенің өткенің емес, қалғаны --

Жүрген жоқсың сен жақсылықтардан кеш қалып.


Өзіңді оят!

Күшіңді сезін жасындай,

Талантың -- таудай, тек қана жатыр ашылмай.

Үлкен ойыңмен үлкен жобалар бастарсың,

Ұмтылсаң досым ұялшақтыққа бас ұрмай.


Өзіңді оят!

Жүгенін жібер, жүйріктің,

Демегін маған «Орынсыз жерде киліктің».

Қиындықтарды сынақ деп қара баптайтын,

Күресіп жүріп мен-дағы қалқам, ширықтым.


Өзіңді оят!

Өтірік ойлармен түс көрмей,

Қиялдап жүріп қалмасын ісің істелмей.

Әрекеттенгін, әрекет -- өмір өзегі,

«Білмедім» деме, аспаннан жаңа түскендей.


Өзіңді оят!

Өмірің өтіп кетпесін,

Орала қоймас уақыт дегенің өткесін.

Армандарыңды жүзеге асыр жігермен,

Көңіліңдегі көгілдір раушан көктесін!!!


                        Жүз пайыз жауапкершілік

 

Ерініп жүрміз, керіліп жүрміз, мүмкіндіктерді кемсініп,

Өзінше болып, өмірден іздей кілтипандар мен кемшілік.

Жетпейді-ау бізге береке, байлық, кеңшілік,

Өшпесе бойдан кертартпа мінез, ерсілік.

Табысты болып, ағысқа қарсы армандарыңа ұмтылсаң,

Қажетті саған жүз пайыз жауапкершілік!


Табысты тосып, бақытты күтіп, байбалам сала басқадан,

Адамдар тола талпыныстарын, табандылығын тастаған.

Санаңның болса сарқылмас, сөнбес сәулесі,

Санасыздардан түңіле бермей, қаш балам!

Шағымданып, сыныққа сылтау іздесең,

Жұмысың бітпес бастаған!

 




























 

Қалауын тапсаң қар жанар...

 

Тұлға болсаң мәнді ойды дерек етер,

Еңбекті елден ерен елеп өтер.

Ойлар тастап қозғайтын, «қоздыратын»,

Шабытыма шаршамай ере кетем.

Мақсатқа ұмтыл, рухыңды биік ұстап

«Қалауын тапсаң қар жанар», -- деген екен!


Есіңде ұста, ақын да, ғалым да – адам,

Сенде де бар дауыл күш дамылдаған.

Жалқаулықпен жатып ап жолдас болсаң,

Бақытыңды, бағыңды, барыңды алар.

Жұмылғын жұмысыңа жүз пайызға,

Асулар жоқ еңбекке алынбаған!


Тау табысты талайлар елес дейді,

Қайтеміз, санасымен кеңеспейді.

Арманына жетем деп сене алмаса,

Жалғыз түгілі, өкімет, ел өспейді.

Батырым, болашағың өз туындың,

Өткен күн мен болашақ теңеспейді!


Ерен іспен ерлерше екпіндейсің,

Берік ұстар білімін бекпін дейсің.

Суланса күдіктермен болашағың,

Сәулесімен сенімнің кептіргейсің.

Қандай жағдай болса да жабырқамай,

«Қайыры бар әр істің», -- деп білгейсің!

 














 

Талпыныс

 

Өмірдің мәні, көңілдің сәні – талпыныс,

Мақсатқа ұмтыл, «жетем» деп бала, ал, тырыс.

Арманды көздеп, бойыңды өзгерт, шаршама,

Болмасын сенде ынжықтық және алқыныс.


Санаңда жатыр, сапырсаң қанша жобалар,

Жүзеге асыр, мән бермей жүрсең жоғалар.

Жарқын ой болсын, басыңда бағыт беретін

Өмір дегенің ойыңнан бастап оңалар!

 

                            ***

 

Ерінесің, керілесің, берілесің уайымға,

Өміріңнің осал тұсы жайында.

Басты көтер, бұл заманда оп-оңай,

Тік қасықты сала алмайсың дайынға.


Қолдағанды, қорғағанды өзгелерден күтпегін,

Керек емес еш бір жанға проблемаң, жүктерің.

«Өз бақытым -- өз қолымда», -- деп біліп,

Керегесін сеніміңнің тіктегін!



 











 

Қыранша өмір сүрейік!

 

Үлкендер, орта буын, жастар жағы,

Қанша болды бізге өмір басталғалы?

Жігерсіздік, ойсыздық отан болып,

Таюда қанша адамның бастан бағы.

Қайсарлықпен арманға жете біліп,

Жазылған дараланып дастандары.

Бабаларды ұрпағы ойландырған,

Тәуелсіздік болып бір басты арманы.

Ел боп тұрмыз еңсесі еңкеймейтін,

Сезіледі ерліктің астан дәмі.

Бабалардай намысшыл болайықшы,

Қырандай қалықтаған аспандағы.


Намыс қайда, күш қайда, жалын қайда?!

Беріліп ұрпағы жүр уайымдарға,

Ұрпағы жүр «өс» десең сылтау айтып,

Ұятың қайда, қазағым, арың қайда?!

Қырандай тәуекелге бел байласаң,

Алам деген асулар алынбай ба?!

Сеніміңе жігерді серік етсең,

Қорқынышың, күдігің арылмай ма?

Үлкен-үлкен істерсіз мәз боламыз,

Толғанына томпиып қарын майға.

Ойланбастан ұйықтаймыз түске дейін,

Арманың ұрып тұрар дабыл қайда?!


Өмір өтті деп кейде қапаланып,

Өкінеміз, өксиміз жата қалып.

Мәз бола, балам бар деп қуанамыз,

Өзінше бір «Әке» деп атақ алып.

Тәрбиесі баланың ойлантпайды,

Ұмытқанбыз міндетті ата-аналық.

Қыран болмай, өзіміз үлгі болар,

«Қыран бол!»деп, береміз бата барып.

«Әке үлгі ұлына болсын» деген,

Ұлы халық, қазақтай ата халық.

Қырандай биіктерде самғайықшы,

Жетістік пен иманды қатар алып.

Сөзбен емес, іспенен тасқындайық,

Орындалсын шын борыш ата-аналық!!!


Табысқа бастар шумақтар

 

Ұстай білгін өзіңді жағымды ойда,

Біле-білсең тағың да, бағың да ойда.

Жүрек көзің жақсылық көре білсін,

Жақсы ойдан жақсы іс табылмай ма?

                            ***

Бағытсыз боп өзіңді ақсатпағын,

Айқын болсын жазылып мақсаттарың.

Айқын жолда қадамды анық бассаң,

Биіктерде белгілі асқақтарың!

                              ***

Дұрыс істе ісіңнің ебін біліп,

Жатып алма, өзіңді еріндіріп.

Сеніміңді алдырма сәтсіздікке,

Орын алсын жүректе сенімділік.

                              ***

Сабақ қылып өмірдің тосқауларын,

Болашақты бабымен жоспарлағын.

Жоспарыңа – әрекет сәйкес келсе,

Келеді құт-береке, тосқан бағың.

                            ***

Өтірік, ұрлық, қорлық – сұмдық болар,

Адамдықтың асылы шындық болар.

Сүбелі сөздеріңде шындық болса,

Сөз беремін басыңа шын құт қонар.

                           ***

Пайымың болмасыншы аласа тым,

Білімің – нағыз қару, таласатын.

Биіктер берілмейді оңайлықпен,

Биік болсын, қашанда парасатың!

                          ***

Иманға жүрегіңді жетектегін,

Алла алдында парызды өтеп бергін.

Береке болсын десең ісіңізде,

Шын пейілмен садақа, зекет бергін!!!


Ағайынды, туысты елеп жүргін,

Демеуі жоқ жандарды демеп жүргін.

«Кең болғанды – кем қылмас» деген халық,

Жетім көрсең жарылқап, жебеп жүргін.

                             ***

Ойларыңның бағыт қып тұнықтарын,

Үлгі болсын өзгеге қылықтарың.

Түңілме, тағдырыңда тайғанасаң,

Түннен кейін таң атар, ұмытпағын!

                           ***

Сәтсіздік уақытша, тарықпағын,

Үйренесің сүріне, танып бәрін.

Орындалмас армандар жоқ жалғанда,

Талпына бер, қаймықпа, жалықпағын.

Әрекеттің қанатын қомдай білсең,

Белгілі биіктерде қалықтарың!!!


 

Ақша

немесе байлықтың бес заңдылығы

 

Орындауға армандарды, басқа да,

Шыны керек, жұмыс істейміз ақшаға.

Табылмаса қалтаңда бір тиының,

Аш қаласың, тегін емес асхана.


Өмір осы, бағын мейлі бағынба,

Сол ақшада бақытың да, бағың да.

Тұрмысыңды түзеу болса арманың,

Баю жолы заңдылығын қабылда!


Бірінші заң, желкеніндей кеменің,

Ақшаларды қолдың кірі демегін.

Ақша сенің еңбегіңнің жемісі,

Еңбегіңді елден бөлек елегін.

Қарап досым ақшаларға құрметпен,

Тиындарды көре қалсаң тере біл!


Екінші заң, жұмса ақшаңды есеппен,

Сабақ алып қателіктен кеше өткен.

Кірісің мен шығыныңды басқарып,

Өз-өзіңе күнде кешке есеп бер,

Жұмса ақшаңды, жоспар жазып жөнімен,

Бұл өмірге болмас сонда еш өкпең.

Ұраның ғып ұстап жүргін мәңгілік,

Байлық деген басталады есептен!


Үшінші заң, тәртіп атты атқа мін,

Бұл әдетті  барды салып баптағын.

Әр айлықтан болашағым үшін деп,

Он пайызын еш жұмсамай сақтағын.

Сақтай білгін он пайызды қашанда,

Аз болса да, саз болса да тапқаның.

Бұл он пайыз – орны бөлек ұрықтар,

Байлық атты жеміс берер бақтардың.


Төртінші заң, таязданбай ойларың,

Сақтағанды шығын етіп қоймағын.

Сен табысты бола алмайсың, қарағым,

Бағынбайтын болса егер бойда мін.

Көбейтудің жолын іздеп ақшаңды,

Ебін білер бизнеске бойлағын,

«Теңге деген құралады тиыннан»

Деп осылай тұрсын ылғи ойда үн!


Бесінші заң, өмір сүргін шүкір деп,

Кесірленбей, «болдым, толдым, пістім» деп.

Көмектесіп кемтарларға, жетімге,

Елің үшін елеулі іске түскін кеп,

Садақа бер бір Аллаңды ұмытпай,

Әлсіретпей иманыңды шүкір деп!


Сүрем десең өміріңді мәнді ғып,

Көмектесер осындай бес заңдылық,

Бес заңдылық қағидасы байлықтың,

Күшін жоймас ұстанғанға мәнгілік.

Байлық таңы мүмкін емес сен үшін,

Жүре берсең мән берместен паң күліп.

Ал, ұстансаң тасың өрге домалап,

Қиын күнін кедейліктің қалдырып,

Келер саған байлық атты таң күліп.

 

Қатысты Мақалалар