Қыс. Бұл мезгіл ақ ұлпа қарымен, кейде қытымыр сары аязға тоңдырып әбігерге салған сәттерімен баршамыздың есімізде қалатыны сөзсіз. Дегенмен қақаған қаңтар мен ақырған ақпанның аязынан кейін, жер бетіне жайма шуақ жылылығымен көктей жайнап көктем келетіні белгілі. Міне, осы бір адамзатқа қуанышын арқалап келетін көктемнің алғашқы күні, қыс мезгілін шығарып салу үшін, Қостанай қаласының орталығында орналасқан «Dala hall» ресторанында ұмытылмас мерекелік қайырымдылық іс-шара өтті.
Ол білім ошағының қара шаңырағы салатын, елімізде он үздік жоғары оқу орындарының қатарына кіретін Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бірлесіп ұйымдастырған «Қысқы ертегіге саяхат» атты студенттер мен курсанттардың қысқы бал мерекелік кинофестивалі еді.
Қысқы бал осымен қатарынан 6 жыл облысымыздағы ауыр дертке шалдыққа бүлдіршіндерге қол үшін беру үшін, қайырымдылық түрінде ұйымдастырылып келеді.
Аталмыш жобаның авторы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің қызметкері, Қостанай облысына белгілі ұйымдастырушы, шоумен Болат Назмышұлы Қалиев. Жаста болса қолынан іс келетін Болаттың еңбегі қазіргі қоғамдағы жастарға айтарлықтай үлгілі болары сөзсіз. Қайырымдылық шара деп отырған себебім, осы іс шарадан түскен қаражат облысымыздағы қаржыға мұқтаж, өмір тәлкегіне ұшырап, жан баласына қаржы таба алмай отырған отбасыға арнайы түрде табыс етіледі.
Міне, биылғы ұйымдастырылып отырған қысқы балдың өз ерекшелігі бар. Өйткені биылғы шараның ауқымын кеңейту үшін біздің оқу орнымыздың курсанттарын арнайы шақыртып, көпшілікке үлгі ретінде «әскери вальс» биін ұсынды. Және де биылғы шара Қазақстан Республикасы Қарулы күштері мен полицияның 25 жылдығына арналды.
Салтанатты кешке Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасының бастығы Ерлан Қалмақов, Қостанай облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының жетекшісі Кенеш Әлімжанов, Академия бастығы полиция полковнигі Мирлан Қызылов және университеттің проректоры Жеңіс Жарылғасов және қазылар алқасының құрметті қонақтары қатысты.
Қысқы балға арнайы құрметпен шақырылған Академия бастығы полиция полковнигі Мирлан Ахмедияұлы Қызылов қысқы балдың салтанатты ашылуында өз құттықтау сөзін төмендегідей қуанышты сезіммен жеткізді;
- Мұндай жастардың маңдай терімен дайындалған ауқымды іс шара әрине, бәрімізді бей-жай қалтырмайтыны сөзсіз. Қоғамдағы жастардың бүгінгі қайырымдылық науқанын ұйымдастырып отырғанына өз басым ризашылығымды білдіремін. Қандай керемет жұптары жарасқан жастар, киім үлгілері құтты ертегідегі ханшайымдар мен ханзадалардың класикалық киімдері тәрізді. Сіздердің ұйымдастырып отырған кештеріңізді көріп, ертегі әлеміне саяхат шеккендей әсердемін. Атының өзі айтып тұрғандай барі таңғажайып. Бұл іс шараны өзіміздің оқу орнымыз Академия қабырғасында да жалғасын табатынына сенімдімін, – деді.
Сахына төріне нысандық киім үлгісінде ақ күрте, қара шалбар киген курсанттар мен қызыл түсті кешкі көйлек киген университеттің студенттері бірігіп, «әскери вальс» биін билеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Тіпті кеуделерінде патриоттық сезім оты оянған жастар би аяқталысымен ұзақ уақыт ыстық ықыласпен қол шапалақтап, жұптары жарасқан қыз – жігіттерге қошеметтерін аямады.
Қысқы бал әрі қарай университеттің 7 факультеті дайындаған кинофестивальге жалғасты. Кинофестиваль деп отырған себебі, әлемге әйгілі кинолардың музыкасына студенттер билеп, өнер көрсетеді. Бидің басы қазақтың «анаға апарар жол» көркем фильмінің музыкасына билеуден басталып, әлемге белгілі «гари поттер» фильмінің музыкасымен сүйемелеуден аяқталды.
Үш сағатқа созылған концерттік бағдарламаға 500-ден астам студенттер және шақырылған құрметті қонақтар қатысты.
Кеш өте әсерлі болғаны сондай біздің курсанттар өте тамаша сезіммен оралып, университет ұжымына алғыстарын айтуды да ұмыт қалдырмады.