Ресейден ірге бөл, Елбасыңмен бірге бол

/uploads/thumbnail/20170708153855021_small.jpg

Соңғы он күн көлемінде елдің іші-сыртында Қазақстанға қатысты саяси салмағы үлкен сөздер айтылды. Елбасының киелі Ұлытау төрінде берген сұхбатын естіп, серпіліп қалған қазақтың көңілін өткен аптаның жұмасында Ресей президенті айтқан «қазақта «Қазақстанға» дейін ешқандай мемлекет болмаған» деген сөзі қауіпке жетеледі. Ресейдің 10 рет өтіп жатқан «Селигер» жастар форумында тілші сұрағына жауап береген РФ басшысы қазақтардың өткен тарихын тұтастай жоққа шығарып, қазақ халқын ашық көзге ілмей отырса, осы елдің ЛДПР партиясының жетекшісі, қазаққа аты әбден таныс Жириновский тіпті «қазақтарға қазіргі жерді орыс әскерлері алып берген» деп салды. Оның айтуынша қазақ даласынан Жоңғарларды орыстар қуып тастапты, біз дайынға ие болып отыр екенбіз. Осы тұста орыс тілді басылымдар Назарбаевтың «Ұлытаудағы сұхбатын» өздерінше «қажетке жаратып», тіл мәселесі Қазақстанды Украинадағы жағдайға жеткізуі мүмкін дегенді жарыса басты. Сондай-ақ «Тәуелсіздікке нұқсаны бар болса Қазақстан ЕАЭО-дан шығады» деген Елбасының сөзін жұртшылыққа жағымсыз кейіпте ұсынып жатты, бұл шындығында одақ шартының бір тармағы ғана.

Осының бәрі Қазақстанға жасалып жатқан ашық ақпараттық соғыстар еді және бұл соғысты мүдделі топтар қазақ билігінде отырған кейбір адамдардың қолымен жасап отыр. Осыған дейін «Қазақстанның территориялық тұтастығын» бұзу туралы сөз айтқандар қатаң жазаға тартылатын заң қабылданған. Солай бола тұра Тайшыбекв сияқтылар «Қазақстан Ресейдің бір губерниясы болса екен» деп «құрбандық» шалып жүрсе, көктемгі жеңіс мерекесі қарсаңында Оралда, Павлодарда, Қостанайда, Солтүстік Қазақстан облыстарында Ресей туын көтеріп парад өткізген, Ресейдің туын желбіретіп, қала ішінде көлік кортежін жүргізгендер көптеп кезікті. Қарағанды да бір топ орыстың кемпір-шалы «Ресейде» өмір сүргісі келетінін айтып пикет өткізіп жүрсе, кейбір орыс тілді басылымдар қайта-қайта «техникалық қателіктерге» жол беріп, бірде Өскеменді, бірде Солтүстік Қазақстанды Ресейге қосылуды қалайды деп жазып тастады.  Бұл жағдайлар туралы «Қамшы», «Абай» сияқты бірнеше қазақ сайты мәселе көтеріп жазғанымен, оларға бағанағы айтқан қатал заңның еш әсері болмады.  Жириновский уақыт өткен сайын империялық аранның адал құлы болып, Қазақстанға аузын ашып, ойына келгенін айтуды жалғастырса,  енді көрші елдің әлем наразылығына ұшырап отырған президенті «Қазақта мемлекет жоқ» деді, тарихты жоққа шығарды, тарихымызды мойындамағаны – тәуелсіздігімізді көзге ілмегені.

Украинаның ауыр халін Қазақстан да кешуі мүмкін бе? Әрине мүмкін, егер біз ақпараттық шабуылдарға төтеп бере білмесек, қитұрқы ақпараттарға арандалып қалмасақ және Елбасының өзі айтқан «біз Украинадағы жағдайдан сабақ алуымыз керек» деген сөзге мән бермесек. Экономикамыз айтарлықтай тәуелді Ресеймен ат құйрығын кесісіп кетуіміз мүмкін емес әрине, бірақ та билігінің басында отырған адамдарының өзі шовинистік пікір ұстанатын, Украина сияқты бауырлас халқының территориясына ашықтан ашық қол сұққан, өзге елді өз тілінде сөйлеткісі келетін Ресейден аяқ тартып, ірге бөлетін кез жетті.  Ол қазақ билігінің ғана емес Қазақстан халқының да мойнындағы жүк. Себебі біздің ең үлкен байлығымыз тәуелсіздік.  Президент ылғи да бейбітшілік пен тұрақтылықты айтады. Өзге елден гөрі Мәскеуге көп ұшатын  Президент Путиннан келетін қауіпті сіз бен бізден гөрі жақсы білетіні анық, ендеше Елбасы одан шығар жолды да біледі. Ал біздің міндет - алауыздықтан арылуда болмақ.

Нұрғали Нұртай

 

Қатысты Мақалалар