Үш жүзге аты мәлім ақырған да дауысы айға жетер, қаһарлы батыр, ұрт тілді шешен, әділ би, дана қолбасы Ер Жәнібек Бердаулетұлы халық рухындағы мәңгілік мақтаныш еді. Кешегі қанды қырғын жоңғар шапқыншылығында, елінің амандығы үшін, отанның тұтастығы үшін, ет жүрегін қолына алып, талай рет жекпе-жекке шығып ата жауының сағын сындырып, халық мерейін аспанға көтерген еді. Өз өмірінде ешбір сайыстан жеңілмеген батыр бабамыздың сол еңбегінің арқасында, Абылайхан оған оң тізесінен орын беріп, ақылын тыңдаса, халық оның егей ерлігімен көзсіз батырлығы үшін оны «Ер» деген атақ қосып атаған еді. Қазақ даласындағы азуын айға білеген, ел есінде есімі жатталған батырлар арасында «Ер» сөзі жалғанған есімдер аз кезігеді. Олар: Ер Қабанбай, Ер Бөгенбай, Ер Қосай т.б. Демек «Ер» сөзі бір дәуірдегі халықтық материалдық байлықтың кемшіл кезіндегі әділ бағасымен берілген, бірегей деңгейдегі алтыннан да қымбат рухани орден еді.
Батыр бабамыздың кескіні, ұлы даладан аттанғанына үш ғасырдың жүзі болса да, халық көкірегінен жоғалтпай, күн өткен сайын , қадірлеп ардақтап келеді. Кесенесін Шығыстың кіндігі, Қалба тауындағы мазарына қоюы да халық құрметінің куәсі болар. Батырдың ұрпақтары Қытай қазақтары арасында елеулі деңгейден көрінсе, елімізде де ауыз толтыра айтарлық жұрағаттары бар екенін айта кеткім келеді. Солардың арасында, бір болса да бірегей, жиендерін біле бермеспіз.
Бердаулеттен бес ұл, бір қыз тараған деседі. Олар: Жәнібек, Әлібек, Күнгейті, Балпаң, Саңырық және жалғыз қызы Ермек. Жәнібектің өз кіндігінен үш ұл, бір қыз. Олар: Ноғай, Балжан, Бәйтік және Әймен атты жалғыз қызы болған. Батырдың қарындасы Ермек апамыз аса қайратты әрі ақылды кісі болған деседі. Ол кісіні орта жүзде Арғын әулетінен тараған Тобықты руындағы Ырғызбай Айдосұлымен атастырған. Ырғызбай – Абайдың арғы атасы, демек әлем таныған ұлы Абайдың ұлы апасы Ермек — Ер Жәнібектің қарындасы, Ер Жәнібек – Абайдың ұлы нағашысы , Абай Ер Жәнібектің жиені.

Батырдың жалғыз қызы Әймен батыл, қайратты әрі ақылды болған деп айтады көне көз қариялар. Қилы заманның қатпарында есейген Әймен өз кезінде, қару – жарақ асынып жорықтарға шығып, талай бейкүнә жандарды ата жаудың азуынан арашалап, не бір барымтаға түскен, халықтың малын қорғап, жауларын қолды еткен деп айтады шежірелер. Жәнібек жалғыз қызын сол кездің өзінде діни медреселерден сауатын аштырған. Кейін Әйменді Орынборлық Балқожа деген жігітке ұзатады. Бұл кезең Қазақ жұртының енді есін жия бастаған шағы еді. Елін бастаған Ер Жәнібек көштің бетін шығысқа бұрады. Жат жұрттыққа жаралған Әймен атастырған жұртымен бірге қала береді. Ел-жұртын сағынады. Көп өтпей балалы болады. Баласының атын екі бірдей ата-бабасының атымен Алты-Сары деп азан шақыртып қояды. Олай дейтініміз, ұлы бабасы – Алты, Алтыдан – Сары, Сарыдан – Бердаулет, Бердаулеттен – Жәнібек. Алтысары ер мүсінді, өжет болып өседі , одан немересі Ыбырай туады. Алтысары жастай қайтыс болып, Ыбырайды әжесі Әймен апа тәрбиелеп өсіреді. Кейін Алтысары дыбыстық үндестіктің себебімен Алтынсары болып айтылып кетеді. Міне осылайша, қазақ даласын қараңғылықтан оятқан, ұлы ағартушы, этнограф, ғалым Ыбырай Алтынсарин батырдың туған жиені болып табылады.

Осылайша Қазақ ұлтының алтын діңгектері іспетті. Екі ұлы перзенті – Ер Жәнібектің жиендері. Тарих қатпарында жатқан құндылықтарды біреуіміз білсек, біреуіміз біле бермеуіміз анық.
НҰРБАҚЫТ АТАНҰЛЫ
Өскемен қаласы
Мақаладағы негізгі деректер Шыңжаң өлкелік «мұра» журналының 2003 жылғы № 1 саннан алынды.
