Мың кісілік мұңым бар...

/uploads/thumbnail/20170708153857897_small.jpg

Ару Арал. Асыл Арал. Асау толқынды Аралдың қасиетті топырағы туралы сөз еткенде, сонау Нұртуған, Нұрмағамбет, Жаңаберген, Дәріғұл, Әбілхан Маханов секілді жырау – шайырлардан, Ә.Нүрпейісов, З.Шүкіров, Ж.Әбдірашов, Ш.Сариев сынды классик ақын-жазушылардан бастау алатын киелі мекен еске түседі. Әлемге аты асқақ Аралдың мыңжылдық терең тарихы, жауһар-жәдігерлері ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқаны әмбеге аян. Аңызақ соққан желдің өтінде, атандай рухты елі бар, Аралдың құтты жері таланттар мен тарландарға, ақын-шайырлар мен өнер, жыр жампоздарына ешқашан кенде болған емес. Сөз еткелі отырғаным, осы Арал топырағында туып-өскен, оқу-білім іздеп, Алматыға көшкен, өрелі өлеңді ерттеп мінген, әдебиеттану ғылымының тарихын зерттеп жүрген, түркітанушы ғалым, азамат ақын, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР БҒМ М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі Серікбай Қосанның өмірі мен шығармашылығы жайында болмақ.

Ақын, әрі ғалым  Серікбай Қосан 1964 жылы 2 қыркүйекте Қызылорда облысы, Арал ауданы, Ақбасты елді-мекенінде дүниеге келген. Орта мектепті бітірісімен, 1986-1991 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «шығыстану» мамандығы бойынша тәмәмдаған. Еңбек жолын Қазақтың Қыздар педагогикалық институтында оқытушы, аға оқытушы болып бастап, бүгінде жоғарыда аталған институтта қызмет етеді.

Күнделікті қым-қуыт тірліктің ығымен жүріп, қасымыздағы талантты жандарды бағаламайтынымыз ақиқат. Жуырда, қолыма ақынның 2006 жылы жарық көрген «Жүректегі жүз өлең»–атты кітабы түсті. Байқап, бағамдап оқып отырсам, Серікбай Қосан – нағыз кәнігі қалыптасқан ақын екен. Жазған өлеңдері өзінше үлкен әлем, мазмұны терең, тілі шұрайлы, ұйқасы мағыналы. Содан ақын шығармашылығымен тереңірек танысып көрейін деген ойға келіп, қолыма қалам алдым. Автордың «Атажұртым» - атты өлеңінде:

Аралым-атажұртым, өскен жерім,

Аймалап, айдарымнан ескен желің.

Қайығын қиялымның толқын тербеп,

Арманның ақ ескегін ескен жерім.

Аңсаумен көкейімді тескен жерім,

Алғаусыз ақ тортаңды жескен жерім.

Кер басып кең дүниені жүргенменен,

Дариға, басылар ма іштен шерім?!-деп, толғанып, өзінің Аралдай асыл топырақта кіндік қаны тамғанын, азаматтық қиял-сезімін қайыққа теңеп, оның ескегімен арманның асқақ жетегінде жетілгенін жеткізе келе:

Көк Арал, көк теңізді кешкен жерім,

Басынан бағы жанбай өшкен жерім.

Есіме қайта-қайта түсесің-ау,

Құрбыға қош дей алмай, көшкен жерім!-дей келе, бүгінде басынан бағы тайған Аралдың мұң мен зарын, шер толғанысын өзіндік мақаммен жырға қосады. Ақынның «Шабыт шақыру»  атты өлеңінде:

Кел, қиялым, көңілімді тербетші,

Ойды қозғап, төңіректі зерлетші.

Он айналып он сегіз мың ғаламды,

Жүрек деген жыртық үйге төрлетші!

Қағаз-дала, қалам-бала жүгіртіп,

Ер көңілді өрге салып терлетші.

Өзгелерден өзгешелеп өнерін,

Өрнек салсын өлең деген өрмекші.

Алатаудың етегінде ақының,

Аламанға атын қосып көрмекші-деп, поэзия әлемінде өзге талантты ақындармен иық теңестіре алатынын, ауылдан асқақ Алатауға келіп, әдебиет пен мәдениеттің, ғылым мен өнердің ортасындағы аламан жыр бәйгісіне тұлпарын қосқанын шабыттана жырлайды.

 Ал, «Жыр – сүннет» - атты өлеңінде:

Өмір – қарыз, өлім – парыз, жыр – сүннет,

Өкінішің өлең болып күрсінбек.

Бірде менен періштелер сұрады:

«Бұ жалғанда не бітіріп жүрсің?»-деп.

Ойқашты бас оған, сірә не десін?

Сезіп тұрмын жан мен тәннің егесін.

Нәпсім айтты: «Не ақысы бар оның,

Жан менікі, Жәбірейіл жемесін...»-дей келе,

өмір мен өлімнің арасы бір сәттік ғұмыр және «өлең әлемі» жалқы емес, жалпыға бірдей берілген сүннет іспетті киелі ұғым екенін, өз оқырманына ұғындыра келе:

Өмір-қарыз, өлім-парыз, жыр-сүннет,

Өкінішің өлең болып күрсінбек.

Өмір шіркін өтіп жатыр біртіндеп,

Жүрек шіркін соғып жатыр дүрсілдеп..?–деп толғанады. Кезекті «Рухыма»-атты өлеңінде:

Озды жылдар...

Не бар дейсің мәңгілік?

Тозды тәнім шыт көйлектей киілген.

Түпнұсқамды іздеп жүрмін қаңғырып,

Топырақтың арасынан үйілген...

Мен де дос та, туысқан не бауыр жоқ,

Әлдеқашан бәрі менен түңілген.

Жүрген жерім елестейді қабір боп,

Рухымды сезем көктен үңілген, – деп, адами рух әлемінің яғни, жаратылыстың өзінше  жұмбақ әлемінің құпиясын  жырлай отыра:

Рухымды ғарыш жаққа асырдым,

Шыбын жаным мұрынымның ұшында.

Тірлік еттім аяғында ғасырдың

(Жиырмасыншы)

Нұр-Қағанның тұсында...-деп, бүгінгі азат еліміздің аспанында еркін түрде қалам тербеп жүргенін бақытына теңеп, Нұрсұлтандай елбасының дәуірінде өмір сүргенін кәнігі абыз ақындарша жырлап, дараланады.

Ал, «Замана тұр теңселіп...» атты өлеңінде бүгінгі қоғамның ащы бет-бейнесін аша отырып, жағымпаздық, рухсыздық, әділетсіздік секілді жағымсыз әдеттердің белең алып бара жатқанын қынжыла жырлайды:

Замана тұр теңселіп мас адамдай,

Жақсылар жүр жауласып қас адамдай.

Сахабадай сайланып әкімдер жүр,

Пайғамбардың сарқытын асағандай.

 

Жылдар – қолға түспейтін қашағандай,

Айлар қуып барады аш адамдай.

Қайран күндер, қалады жұртта қаңсып,

Шынылары шараптың босағандай.

 

немесе:

Басшылар жүр бәрін сол жасағандай –

Заманасын басқарған асабаңдай.

Мейманасы тасыған заманаға

Қайманасы жаутаңдап жас адамдай...

 

Күншілдер жүр туғалы өш адамдай,

Күндестер жүр тілдері ошағандай.

Менде жүрмін соларды жырға қосып,

Көптен бері көңілі қош адамдай...– дей келе, замана  ағымын, оның бітім-болмысын қара өлеңмен өзінше өрнектеп, тізбектейді.

            Ақынның тағы да басқа түрлі тақырыптардағы өлеңдері жетерлік. «Әр ақынның – өз Музасы болуы қажет» деп, мұзбалақ ақын Мұқағали айтқандай, Серікбай Қосанның да өз әлемі, өз Музасы бар. Оны  төмендегі

«Қараойдағы қара нар» атты өлеңінен байқаймыз:

О, Махамбет,

Ақын да едің арғымақ,

Батыр да едің,

Бой жетпейтін нар қылап!

Есіл ерім, енді арманың қалды ма?

Еркін елің бар бірақ!

 

Бәрі де есте...

Өткен істің бәрі ойда,

Безбен уақыт келтіреді-ау орайға

«Қара орманды өрт шалмасын» деп тілеп,

Қара нарым, жатырсың ба Қараойда?–деп, маңғаз ақын Махамбетке жансырын айта отырып, оны өзі қадірлейтін Музасына айналдырады. Алты Алаштың ортақ абыз ұлдары Махамбет, Абай, Мағжан, Мұқағали, Жұматайларды жыр етіп, өзіндік стильмен жыр үлгісін көрсетеді.

 

Алланы айттың...

Аламанды шақырдың,

Ақорданың хандарына ақырдың...

Алаш – ардан,

Атан жырдан тайған күн,

Айтшы, Маха,

Құны қанша батырдың?

 

Мұқағали өтті өмірден «Махаң» деп,

Абай сынды ардақтаған атам деп.

Сен өлгенде туған Жамбыл ұрпағы

Арзу еттім бір даңғылын атар деп.

Астана елі алтын тұғыр қойса да,

Тақияңа тар келер ме, Махамбет?!– дей келе, абыз ақынға мұң-шерін шағып, ел ордасы Астанада оған бір ескерткіштің тұрғызылуын арман етіп, мұңая жыр етеді.

            «Өлең–өмір айнасы демекші, ақын өрелі өлеңінің өнегесі арқылы ұрпаққа ғибрат, тағлым береді. Жалпы алғанда, ақынды түсіну басқа, оны ұғынып, түйсіну басқа?! Ол үшін автордың парасатты, пайымды жыр жолдарын саралап, даралап оқу қажет. Сол сөз етіп отырған әрі ақын, әрі ғалым, әрі ұстаз, Сыр сүлейлерінің жалғасындай болған азамат аға – Серікбай Қосан ердің жасы 50-ге толды.

«Мың кісілік мұңым бар,

Бір кісілік ғұмырым»–деп, ақынның өзі жырлағандай, осы бір кісілік ғұмырыңызда елеулі еңбегіңізбен елудің төріне шықтыңыз, шаңырағыңыз шаттық пен қуанышқа толы болып, өміріңіз ұзақ болсын дегім келеді! 

Мұхтар Мүбәракұлы,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері.

Қатысты Мақалалар