Түркі халықтары Түркістанда Наурыз тойлады(ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170709233527501_small.JPG

«ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі бірлесіп бекіткен іс-шаралар жоспарына сәйкес 21 наурыз күні «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» атты салтанатты шарасы бастау алды.

Іс-шараның ашылуында сөз бастаған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев барша жұртшылықты «Түркістан - Түркі әлемінің мәдени астанасы» атанған жылдың басталуымен құттықтап, осы абыройлы міндетті бірлесе өткізуге шақырды. Келесі сөз кезегін алған «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры Жандос Әубәкір келген қонақтарға Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген хан-сұлтандар, батырлар мен билер, игі жақсылар мен тарихи тұлғалар жайлы мәлімет беріп Қазақстан тарихында сәулеттің көрнекті ескерткіші, Түркістанның негізгі мәдени орындарының бірі саналатынын атап өтті.

Рухани астанаға келген меймандар ең алдымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп,  сонымен қатар, Орта ғасырлық көше бойында орналасқан этнографиялық жәдігерлер мен қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалай келе жаңартылған «Түркістан тарихы» музейі экспозициясымен танысты. Музей экспозициясының басты бағыттары (концепциясы) ретінде Түркістан өлкесін алғашқы адамдардың қоныстануынан бастап қола, ерте темір дәуірлері тұсындағы ескерткіштер, алғашқы тұрақтар мен отырықшылық қоныстары және ежелгі дәуір қалалары, ерте орта ғасырдағы қалақұрылысы ескерткіштері мен Түркі мәдениеті, өлкенің саяси, экономикалық және рухани орталықтарының даму тарихы, Түркістанның Қазақ хандығы тұсындағы дамуы мен астанаға, кесененің ұлттық пантеонға айналуы және Тәуелсіздік тұсындағы Түркістан мен өлкеден шыққан тарихи тұлғалар жайлы кең көлемдегі тарихи, археологиялық, этнографиялық, нумизматикалық түпнұсқа жәдігерлермен, мәтіндермен негізделген кешенді музейлік құрылымдар ұсынылды. Экспозиция 8 бөлімнен тұрады.

Әз-Наурыз мерекесіне арналған «Наурызнама» іс-шарасына және Қожа Ахмет Ясауи кесененесін тамашалауға 23 түркітілдес елден мыңға жуық қонақтар келді. Оның ішінде ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов бастаған ресми делегация, түркітілдес және басқа да мемлекеттерден келген қонақтар. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев, сенат және мәжіліс депутаттары, қазақстандық зиялы қауым және өнер тұлғалары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының басшылары мен оқушылары, студенттер, БАҚ өкілдері және музей қызметкерлері қатысты.

Қатысты Мақалалар